Жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда үйін тонағандар ұсталды

Жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда үйін тонағандар ұсталды

Жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда үйін тонағандар ұсталды
ашық дереккөзі
2022 жылдың 5-қаңтарында түнгі уақытта Шымкент қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде тәртіп бұзушылар Нұр-Сұлтан көшесі бойында орналасқан «Метро» сауда орталығының есік-терезелерін сындырып, заңсыз кірген, деп хабарлады turkystan.kz Шымкент қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап. Сауда орталығының ішінен түрлі заттар ұрланған. Аталған оқиға Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түскен. Жайт Қаратау ауданының Полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық Кодексі 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) тіркелді. Полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Нұрсат-3 шағынауданында орналасқан жалдамалы пәтерлердің бірінде оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 4 тұлға анықталып, ұсталды. Олар 2001 және 2002 жылдары туылған Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Олардан айғақты зат ретінде «Метро» сауда орталығынан ұрланған тауарлар тәркіленіп алынды. Аталған азаматтарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлерімен жедел іс-шаралар барысында сауда орталығының заттарын ұрлаған тағы бір 1995 жылы туған азамат ұсталды. Ол ұрланған заттарды өзі жұмыс істейтін көлік жуу орнының демалыс бөлмесінде жасырған болып шықты. Ұрланған тауарлардан бөлек, бөлмеде ерекше иісі бар зат пен ішінде сары сұйықтығы бар кесілген пластикалық бөтелке, және кастет анықталды. Қазіргі таңда жайттар бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Метро» сауда орталығынан ұрланған басқа да заттарды анықтауға бағытталған шұғыл іс-шаралар жалғасуда.