Жаңалықтар

Алматылық әскерилер миллиардерді террорист деп ойлап қалған

ашық дереккөзі

Алматылық әскерилер миллиардерді террорист деп ойлап қалған

Алматыда ресейлік миллиардер, «Технониколь» компаниясының тең иесі Игорь Рыбаковты әскерилер лаңкес деп қалған. Бұл туралы turkystan.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.  Қалада 5 қаңтардан бастап ТЖ режимі жарияланып, терроризмге қарсы операция жүріп жатқаны белгілі. Кәсіпкер бірнеше күн интернетсіз, байланыссыз болған. Сондай-ақ, рейстер тоқтап, Алматыдан ұшып кете алмаған. «Кеше блокбекетте мені лаңкес деп қалды. Мен шынымен, соларға ұқсаймын ба?» - дейді Игорь Рыбаков. «Қазақстаннан қайтуға тырысып жатырмын, бірақ әзірге нәтижесіз. Алматыдан қауіпсіз жерге шығып, сол жерден ұшып кетемін деп тұрмын. Менің мұнда көргенім БАҚ-та, Ресейде көрсетілгендерден сәл өзгеше. Жағдай біржақты көрсетіліп жатыр, іште тағы көп нәрсе байқадым. Қазір материалдар жинап жатырмын, қайтқан соң үлкен видео жасаймын», - деген еді Игорь Рыбаков Қазақстанда жүргенде. Рыбаков Қазақстанға 3 қаңтарда келген. Ол Алматыға жаңажылдық мерекелерде демалуға келіп, 10 қаңтарда қайтуы керек болған. Сондай-ақ, Қазақстанда кітабының тұсаукесері мен бизнес-форум жоспарланған. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты іс-шаралар кейінге қалдырылды. Бүгін Рыбаковтың Ресейге оралғаны белгілі болды. «Отаныма, Ресейге жеттім. Алматыдан әскери бортпен ұшуға тура келді. Менімен бірге болған және физикалық, рухани тұрғыдан көмектескен әрбір жанға рақмет. Бүгін осы жылдың басын қалай өткізгенім, Қазақстан көшелерінде және осы уақытта менімен не болғаны туралы YouTube-шығарылым жасауға кірісемін. Мықты шығарылым болатынына сенемін. Көп қызық әрі сұмдық ақпарат жинадым, мені қалай лаңкес деп қалғаны, Көк-Төбедегі телемұнараға қалай шабуыл жасалғанын көрсетемін», - деді Игорь Рыбаков. Игорь Рыбаков - кәсіпкер, өнеркәсіпші және қоғам қайраткері, венчурлық инвестор, филантроп, Forbes журналындағы Ресейдегі ең бай адамдар тізіміне кіреді.