«Қазақтелеком» қаңтар айының қызметі үшін жеңілдік жасайды
«Қазақтелеком» қаңтар айының қызметі үшін жеңілдік жасайды
«Қазақтелеком» елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты, халықты қолдауға бағытталған шаралар кешенін қабылдады, деп хабарлады turkystan.kz.
«Қазақтелеком» баспасөз қызметінің мәліметінше, жеке абоненттерге ағымдағы жылдың қаңтар айындағы қызметтері үшін ай сайынғы абоненттік төлемге 50% жеңілдік беріледі. Компания түзетілген соманы ақпан айында шығарады, өйткені post paid режимінде жұмыс істейді (яғни, төлемақыны есептеу әдетте есеп айырысу айынан кейінгі 25-ші күнге дейін жасалады).
«Әрине, еліміз үшін қиын-қыстау кезеңде, сын сағатта біз сырт қала алмадық, тұтынушыларымызды қолдауға бағытталған шаралар кешенін әзірледік. Абоненттеріміздің алдындағы жауапкершілікті толықтай сезіне отырып, компанияның топ-менеджменті жеке тұлғаларға ағымдағы жылдың қаңтар айының қызметтері үшін ай сайынғы төлеміне 50% жеңілдік беру туралы шешім қабылдады. Мұндай бастамалар біздің тәжірибемізде бірегей емес екенін және қашанда, қандай жағдай болмасын, қазақстандықтарды және мемлекетті қолдауға және қажет кезде қасынан табылуға ұмтылатынымызды атап өткім келеді. Елімізде коронавирус инфекциясы белең алған кезеңде де халықты және бизнесті қолдау мақсатында бірқатар шараларды қолға алған болатынбыз», – деді «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Сондай-ақ, байланыс операторы ағымдағы жылдың 31 қаңтарына дейін барлық абоненттеріне шектеусіз қалааралық қоңырау шалуға, сонымен қатар тіркелген қалалық нөмірлерге қосымша төлемсіз хабарласу үшін байланыс операторларының мобильді нөмірлеріне 1000 минут тегін таратылды. Тағы бір маңызды шара: «Қазақтелеком» мамандары ISMET.kz бизнес-порталына бірқатар техникалық шешімдерді енгізу арқылы, бұл сервисті де интернетсіз пайдалануға болатын мүмкіндік жасаған.
«Елімізде енгізілген төтенше жағдай және одан кейінгі қабылданған коменданттық сағат шектеулері барлық қазақстандықтарды үйде отыруға мәжбүр етті. Төрт қабырғаға қамалған үлкендер ғана емес, балалардың да бос уақытын тиімді өткізу жолдарын іздеу маңызды еді, мен әке ретінде, бұл мәселені жақсы түсіндім, осылайша әріптестеріммен бірлесіп қысқа мерзім ішінде мультимедиялық өнімдерді интернетке қосылмай-ақ қолжетімді етудің жолдарын қарастырдық, бұл істі TV+ қызметі арқылы жүзеге асыру мүмкін болды, - деді Қуанышбек Есекеев.