Музейдің бункерінде құқық қорғау органдарының 15 қызметкері жаралы жатқан

Алматы қаласындағы ҚР Мемлекеттік Орталық музейіне бүлікшілер шабуыл жасағаны белгілі болды, деп хабарлады turkystan.kz kazmuseum.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 2022 жылғы 5 қаңтарда болған. Бүлікшілер музейге кірген бетте «Алтын адамды» және музейдегі алтын заттарды іздеген. Бұл жайында музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы мәлімдеген.

«Қалада оқыс жағдай басталған кезде музейде жеті қызметкер қалып, басқаларын үйлеріне қайтарып жібердік. Түстен кейін музейге таяу орналасқан жердегі ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп жатқанын байқадық. Шамамен сағат 16.00 кезінде 200-дей шабуыл жасаушы музей ғимаратына кірді. Жүгіріп алдарынан шықтым. Барлығы дерлік жастар. Бар дауысыммен айқайлап, ештеңеге тиіспеуін өтіндім. Сөзге тоқтамай, электронды құрылғыларды қирата бастады. Арасында біреулері менің сөздерімді естіп, қалғанына тоқтау салды. Оларға «Бұл заттардың барлығы – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұларды өртесек, біздің тарихымызда ештеңе қалмайды. Ертеңгі күні сіздерге керек болады ғой» деген сөзімді кейбірі тыңдады. Тыныштық орнатып, менен «Алтын адамның» оригиналы қайда?», «Алтын заттар қайда тұр?», «қылыштар бар ма?» деп сұрай бастады. «Алтын адамның» түпнұсқасының бізде емес екенін айттым. Бұл уақытта музей залдарында негізгі жарық емес, кезекші жарық шамдары жанып тұрған. Соның көмегі тиді ме деп ойлаймын, кейбір заттар қараңғыда анық көріне қоймады. Музей туралы, музейдің қазір және болашақта не үшін керек екенін тоқтамай айта беріппін. Араларына кіріп, бірде ортасына шығып, барынша көндіруге тырыстым. Менімен бірге тұрған музей қызметкерлері естіген екен, арасында тұрған біреуі мені «өлтіріп кетейік» деп, жан-жағындағыларға айтқан. Мен мұны естімедім. Бір кезде арасындағы 20 шақтысы діни рәсімдерін жасап, музейде тыныштық орнады. Құлшылықтарын жасаған соң, барлығы сөзге тоқтады. Арасындағы біреуіне бағына бастады. Шамамен 5 сағаттай уақыт өткен соң, сырттан қара пальто киген екі жігіт келді. Жақсы киінген, түзу адамдар сияқты көрінді. Ол екеуі топты басқарып жүргендермен сөйлесіп, Алматы әуежайына кететінін, біраз уақыттан соң қайтып келетінін және музей ғимараты олардың штабына айналатынын айтты. Үнсіз бас изеп, олардың тезірек кетуін тіледік. Ішінен 20 шақты адам тағы да діни рәсімдерге сәйкес құлшылық жасап болған соң, барлығы біреуінің командасымен сыртқа шықты. Бұл шамамен 21.00-ден асқан уақыт болатын»,- деді Б.Дәндіқарақызы.

200-дей шабуылшы музейде болған уақытта ғимараттың қор сақтайтын арнайы жертөлесінде жаралы әскери мамандар болған.

«Біз музейге шабуыл жасағандармен алысып жатқанда, музейдің бункерінде құқық қорғау органдарының 15 қызметкері жаралы жатқан еді. Әкімдік ғимаратына шабуыл басталғанда оларды музейдің ең түпкі қоймасына тыққан өзіміз едік. Музейдегі 2 қызметкер жаралыларға білгендерінше медициналық көмек жасады. Арасында қол-аяғына, көзі мен кеудесіне оқ тигендері болды. Түрлері өте аянышты, жап-жас балалар. Оларға қарап жыларман болдық. Шабуылдаушылар бес сағаттай музейде болған кезде бункерде құқық қорғау органдарының 15 адамы жаралы жатқанын білмеді. Барынша білдірмеуге тырыстық. Араларында біреуі барынша тіміскілеп, сақтық танытып, бірдеңеге сезіктеніп жүргенін байқадым. Оны да сөзге тартып, көңілін аулауға тырыстық», – деді музей директорының орынбасары.

Музейге келтірілген материалдық залал көлемі жақын күндері анықталатын болады. Ең бастысы – Ұлттық мұраларымызға зақым келмеген.

«Екі күн бойы музейге қонып, әріптестеріміз ұлттық мұраларымызды сақтап қалды. Қазір үйдемін. Мен әйел адам болғандықтан маған дұрыс қарады ма, әлде музейдің киесі, бабалар рухы мені қолдады ма, білмеймін, осы жағдайдан аман қалдық. Өмірімде мұндай қорқынышты жағдайға түсіп көрмеппін. Бетпе-бет келгенде қорықпаған едім. Қазір бір қорқынышты түс көрген сияқтымын», – дейді Бибігүл Дәндіқарақызы.

Айта кетейік, 2022 жылғы 5 қаңтарда Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасаушылар ғимаратты өртеген. Оқиға кезінде құқық қорғау органдары мен әскери сала қызметкерлері жараланған. Сонымен қатар, қаладағы мемлекеттік әкімшілік және бизнес нысандары қирап, кейбірі өртенген. Зардап шеккендердің қатарында ҚР Мемлекеттік Орталық музейі де бар. Музей қызметкерлерінің табанды ерлігінің нәтижесінде ұлттық мұраларға зақым келмей, электронды таблолар, стендтер тәрізді қайта қалпына келтіруге болатын, тарихи-мәдени құндылық болып саналмайтын құрылғылар қираған.

Қазіргі уақытта қалада және еліміздің басқа да өңірлерінде конституциялық тәртіпті ретке келтіру үшін әскери күзет күшейтіліп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылғы 5 мен 19 қаңтары аралығында Қазақстан бойынша төтенше жағдай жарияланған.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button