Үлескерлер құқығы - Жалпыны қуантқан жаңа заң

Үлескерлер құқығы - Жалпыны қуантқан жаңа заң

Үлескерлер құқығы - Жалпыны қуантқан жаңа заң
ашық дереккөзі
  Қарапайым жанға баспана басты мәселе. Әсіресе, қалада. Қалаға қоныс аударушылар саны жылдан жылға артып келеді. Баспанасы жоқ жанда қайдан күй болсын. Қаланың әр тұсынан пәтер жалдап, жылдар бойы көшіп-қонып жүргені. Сөйтіп тапқан-таянған қаржысын пәтер сатып алуға жинайды. Мұндайда құрылыс компанияларының тасы өрге домалайтыны белгілі.  Ақпарат құралдары арқылы «Мына сәнді үйдің құрылысына қаржы салсаңдар, ішіндегі қолайлы пәтерлерде тұрасыздар» деп көз арбайтын сызба, жобасымен қызықтырып жатқаны. Бірінің жарнамасы, бірінен өткен. Аңғал жандар оларға сенім артып, қалталарындағы барын беріп, болашақ пәтерлерін асыға күтумен күн кешеді. Қорында қаржысы мол «Базис-А» мен «Орда-инвест»  секілді үлкен құрылыс компаниялар берген уәдесінде тұрып, үлескерлерді жаңа пәтерлеріне кіргізіп, қуантып жатса, кейбір қулық-сұмдықпен үй салуға билік орындарынан лицензия алған компания басшысы, көз қылып, құрылысты бастайды да, үлескердің құрылысқа берген бар ақшаларын қалтасына салып «маңғыт, аузыңа саңғыттың» керімен шетел асып, қарасын да көрсетпей кетіп жатқаны. Бар жиған-тергенінен айрылғандар сан соғып, құқық қорғау орындарына шағымданудан басқа амал таппауда. Мұндай алаяқтардың саны соңғы он жылда біршама өскен. Республика Бас прокуратурасының мәліметіне қарағанда, ел аумағында құрылысы аяқсыз қалған немесе ұзақ уақыт бойына үлескерлердің күтумен өзегін талдырған төрт жүзден астам тұрғын үй бар екен. Сол үйлердің көбісі Алматы мен Астанада және бірқатар облыс орталықтарынан да кездестіруге болады. Ерғанат Тайжанов жетекшілік еткен «Азбука жилья» құрылыс компаниясы Астанадан сәнді үй салып беремін деп жарияға жар салған соң жұрт сеніп қалтасындағы барын берген. Ол құрылысқа екі мың үлескер салған қомақты қаражатты қымқырып, өзі табан астында жоқ болды. Компания қызметкерлері де басшысының қайда кеткенін білмейтін болып шыққан.  Алданғанын сонда ғана сезген үлескерлер құқық қорғау орындарына барып шағымданады. Олар алыс-жақын шетелдерден іздеу салса, дерегі сонау Австриядан шыққан көрінеді. Есебі түгел Тайжанов отыз милионнан астам доллармен сол елде, сәнді үйде тұрып жатса керек. Мұндай келеңсіз жағдай тек былтыр мен биыл ғана емес, талай жылдардан бері орын алып келеді. Үлескерлерге қатысты заң болмаған соң алаяқтар солай білгенін істеген. Қазақстан Республикасының Бас про­ку­роры Жақып Асанов: − Кейбір құрылыс компаниялары арзан бағамен қызықтырып, күмәнді шарттар ұсы­нып, көп адамдарды алдап кетті. Азаматтар жылдап жинаған ақшасынан айырылып, армандаған пәтерін ала алмай қалған, − дейді. Бұдан былай үлескерлердің баспаналы болуына мемлекет кепіл болады. Сол үшін Үлескерлердің құқығын қорғайтын жаңа заң өмірге келді. Заң ағымдағы жылдың 10 қазанынан бастап күшіне енді. Осы заңға байланысты қазіргі таңда Республика Бас прокуратурасында «Алдаусыз үлестік баспана» жобасы қабылданды. Бүгінде құқық қорғау органдары сол жоба бойынша қалалардағы құрылыс компания өкілдеріне заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жуырда «Қазақстан» телеарнасының «Қоғамдық кеңес» бағдарламасында және ғаламтор жүйелерінде Ұлттық эко­номика министрлігі Экономиканың инфра­құрылымын дамыту департаментінің директоры Ұлан Жазылбек осы заңның қыры мен сырын көпшілікке ашып айтып берді. Ол: − Біз үлескерлер құқын қорғайтын заңды дайындау барысында  көптеген мемлекеттік органдарды, ұлттық кәсіпкерлік палатасын, құрылыс саласындағы қауымдастықтың бәрін тарттық. Сондай-ақ, үлескерлер қауымдастығының өкілдері де белсене қатысты, − деп нақты мәселеге көшті.       − Өздеріңіз білесіздер 2007 мен 2010 жылдар аралығында алаяқтардың кесірінен республика бойынша 450 тұрғын үй құрылысы бітпей, 62 мың үлескер зардап шекті. Құрылыстың көбісі басталған да тасталған. Бірқатары қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына байланысты сақалды құрылыс болып отыр. Бұл үлескерлердің ғана емес біздің де үлкен проблемамызға айналды. Үкімет сол бітпей қалған құрылысқа бюджеттен 450 миллиард теңге бөлді. Енді жаңа заң мұндай келеңсіздікке жол бермейтін болады. Жаңа заң бойынша құрылыс жүргізетін мердігер компанияларға талап күшейтілді. Құрылыс жүргізуге енді лицензиясынан басқа, жарғылық капиталы, жер телімі, жобалық-сметалық құжаттары болуы шарт. «Бәйтерек» акционерлік қоғамы жанынан Қазақстан Республикасында үлестік салымдарына кепілдік беру жүйесін құру үшін 10 миллиард теңге жарғы капиталы бар Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры құрылған. Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру басқарма төрағасы Дәурен Оңаев бұл жөнінде былай дейд: − Жарғылық міндеттерге сәйкес, қор құрылыс салушының тұрғын үй құрылысы бойын­ша міндеттемелерін орындамаған жағ­дайда үлескерлерге тұрғын үй құрылысының толық аяқталуына кепілдік беретін болады, − дейді. Ал бұл қандай кепілдік? Егер тұрғын үй құрылыс пайдалану мерзімі себепсіз кешіксе, қаржы мақсатты түрде жұмсалмаса, құрылыс жүргізуші мердігердің дәрменсіздігі жөнінде сот шешімі шықса, арнайы құрылған кепілдендіру қоры бар билікті қолына алады. − Қор жауапты компанияның басқару қорын өз қолына алып, қажет болған жағ­дай­да құрылысты белгіленген уақытында бі­тіріп, пайдалануға бере алатын басқа мер­дігерді жұмысқа тартады. Осылайша механизмді жетілдіруге түрткі болған құрылыстың аяқталмай қалу қауіпі азаяды. Демек құрылыс бүгінгідей ұзаққа созылып кетпей, қалай болғанда да аяғына дейін жеткізіледі, − дейді Дәурен Оңаев. Заңда құрылыс жүргізетін мердігерге талаптар күшейтілген. Ол қандай талаптар? Мердігердің осы құрылыс саласы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс өтілі болуы керек. Бұл олардың тәжірибесі барын көрсетеді. Сондай-ақ, құрылысшылар республикалық маңызы бар Алматы мен Астана секілді ірі қалаларда кемінде 18 мың шаршы метр, ал өңірлерде кемінде 9 мың шаршы метр құрылыс салған болулары қажет. Ең бастысы, соңғы екі жылда қаржылық тұрғыдағы қызметінде олқылық болмағаны жөн. Қазақстан Республикасы Бас проку­ра­турасының ресми өкілі Нұрділдә Ораз құқық қорғау органдары тарапынан қадағаланатын жайлардан жұртты хабардар етті. − Біз екі жағдайда ғана үлескерлердің ақшасын құрылысқа тарта аламыз. Біріншісі, құрылыс компаниясына әкімшіліктің арнайы рұқсаты берілсе. Екіншіден, Кепілдік қорынан кепілдік берілгенде. Осы екі шартты орындаған мердігер ғана құрылысқа кірісе алады. Мердігер компания өз қаражатына үйдің қаңқасы салынып біткенде ғана немесе екінші дәрежелі банктер мердігерге кепілдік берген жағдайда ғана әкімшілік рұқсатын бере алады. Тағы да үлескерлер әлдеқандай қуларға алданып, бармақтарын тістеп қалмас үшін осыларды қатаң қадағалауға алатын боламыз. Күні бүгінге дейін кейбір құрылыс компаниялары құрылыс сапасына аса мән бермей келді. Оның көрінісін Алматыда былтыр ғана пайдалануға берілген үйлерден көруге болады. Қаланың Алатау ауданындағы Алғабас шағын ауданындағы екі жаңа салынған көп қабатты үй қисайып, тұрғындарына қауіп туғызғандықтан қала басшылығы оларды уақытша басқа мекен-жайларға қоныстандырған. Қазір сол үйлерді салған мердігерлер өз қателерін жөндеуге кіріскен. Заң қызметкері Жандос Тұяқ: − Жаңа заңның мердігерлерге қоятын тағы бір талабы бар – енді олар бір мезгілде бірнеше құрылыс нысандарын жүргізе алмайды. Әуелі бастаған құрылысын аяғына дейін толық жеткізіп, үлескерлерді қоныстандырған соң ғана екінші құрылыс нысанын бастауға рұқсат етіледі. Мұның тұрғын үй сапасын жақсартуға ықпал ететіні анық, – дейді. Үлескерлер бұдан былай құрылыс барысын Онлайн арқылы қадағалап отыру мүмкіндігіне де ие бола алады. Өйткені заңда құрылыс жүргізуші компанияның жеке интернет ресурсы болуы тиіс деп анық жазылған. Компания сол бойынша айына бір рет өз сайтын жаңартып, тұрғын үй құрылысының барысы туралы тың мәліметтер беріп отыру міндеттелген. «Көш жүре түзеледі». Үлескерлердің көп жылдардан бері күткен заңы да өмірге келді. Енді олардың құқығын қорғайтын мемлекеттік ұйымдар бар. Десек те, көкейге жаңа заң үлескерлер үдесінен шығып, көңілдерін жайландыра ала ма деген сұрақ оралады? Оны уақыт көрсетеді.  

 Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ