«БАҚ туралы» заң жобасы - Қоғамдық пікір қайшыласқан тұс

«БАҚ туралы» заң жобасы - Қоғамдық пікір қайшыласқан тұс

«БАҚ туралы» заң жобасы - Қоғамдық пікір қайшыласқан тұс
ашық дереккөзі
  Қоғам «БАҚ туралы» заңға елеулі өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуін күтіп отыр. Себебі соңғы кезде сарапшылар заңнамалық құжаттың кейбір баптарының құзыреттілігі мен орындалуын күшейтуді баса айтуда. Заң да заман көшінен қалмауы керек. Жақында Ақпарат және комму­ни­кация министрлігі өзінің сайтында БАҚ туралы заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар жобасын жариялады. Ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаевтың айтуына қарағанда, еліміздің ақпарат кеңістігін бірқатар өзгерістер күтіп тұрған сыңайлы. Өйткені жаңа технологиялардың қарқынды дамуы және бұқаралық ақпараттың кеңінен таралуы ақпараттық ортадағы қоғамдық қатынастардың өзгеруіне тікелей ықпал етуде. Сондықтан аталмыш заң жобасы аясында жаңа қарым-қатынастарға құқықтық негіз беріп, отандық БАҚ-тың дамуын ынталандыру және шектен тыс заңнамалық реттеуді жою мақсатында еліміздегі құқықтық өлшемдерді жетілдіру қажет. Бұл тұжырымдама аясында бюджет, салық, әкімшілік құқықбұзушылық, кәсіпкерлік туралы кодекстер мен 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмекші. Ал бұл БАҚ және теле-радиотарату, байланыс және ақпараттандыру, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін қамтиды. Біріншіден, заң жобасында БАҚ және теле-радиотарату мәселелері бойынша ақпараттық ортадағы азаматтардың құқын қамтамасыз ету жайына кеңірек тоқталған. Бұл бағыт бойынша азаматтардың теріске шығару құқығын дауларды сотқа дейін шешуді қосымша реттеу жолымен жүзеге асыруды қамтамасыз ету көзделді. Екіншіден, балалардың денсаулығына, адамгершілік дағдылары және рухани дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау үшін «баланың жасына сай ақпарат», білім беру мекемелері және байланыс операторлары үшін «интернет саудасы қызметін сүзгіден өткізу қызметін ұсыну» туралы ұғымдарды заңнамалық тұрғыда бекітіп, баланың өзінің немесе олардың заңды өкілдерінің рұқсатынсыз бейнені пайдалануды шектеу өлшемдері енгізіледі. Сондай-ақ, БАҚ жүктемесін азайту мақсатында елеусіз құқық­бұ­зушылықтар үшін мәселен, шығу мәлі­меттері бойынша және міндетті газет данасын ұсыну талаптары бойынша заңбұзушылықтар үшін БАҚ-ты үш айға жауып, мүліктерін тәр­кілеу түріндегі әкімшілік жазаны алып тастау да қарастырылады. Баспа басылымдарына уәкілетті ор­ганға міндетті дананы тек элек­трон­ды түрде ұсынуына рұқсат етіл­мек. Отандық телевизиялық және жарнамалық нарықты дамыту аясында құқық қорғау тәжірибесін жетілдіру үшін отандық өндіріс өнімдерінің міндетті көлемдерін реттейтін заңнама өлшемдері қайта қаралады. Жарнамаланатын тауарлар мен қызметтердің тізімін кеңейту және «қосымша сипаттағы тауарлар, телесауда» ұғымын енгізу көзделіп отыр. Мұның сыртында прайм-тайм уақыттарында жарнамалық ендірменің шығу сәті мен көлемін, қабылдау қондырғыларын, серіктерді, телехабарлар операторларын сату, сондай-ақ, байланыс операторынан шетелдік арналар дабылын қабылдау тәртібін реттеу жоспарланбақ. БАҚ-тың жаңа түрлерін құқықтық реттеу үшін олардың ғаламторда жарияланған деректерге сенуіне жол ашатын дербес мәліметтер және оларды қорғау туралы азаматтық заңнаманы талап ету арқылы растау амалдарын реттеу қарастырылады. «Ғаламтор-ресурс» ұғымын нақтылау арқылы блогерлердің қызметін құқықтық реттеу мен ғаламтор ресурсын желілік басылым ретінде ерікті түрде есепке алудағы құқықтық қайшылықтар жойылады. Журналистік қызметті реттеу үшін «ақпараттық хабарлама» және «міндетті хабарлама» деген ұғымдар енгізіліп, БАҚ-пен жұмыс істейтін заңды тұлғалар құрылымдық бөлімшелерінің мәртебесін анықтау, БАҚ-тың ауызша және жазбаша жасалған сұрауына орай ақпарат ұсынудың тәртібін реттеу, Сыртқы істер министрлігіне шетелдік БАҚ-қа ақпарат ұсынатын қазақстандық журналистерді есепке тұрғызу міндеті құқықтық тұрғыда дәйектелмек. Құқық қорғау тәжірибесін жетілдіру мақсатында уәкілетті ұйым мен оның аумақтық органдары арасындағы БАҚ саласын бақылау құзыретін шектеу ұсынылады. Өл­шемдердің анықсыздығын, нақ­тылай айтқанда, жарнамаға қатысты «теле-радиобағдарлама» ұғымының екі­ұш­тылығын жою мақсатында қосымша ақпарат үшін рұқсат етілген көлемді қайта қарау, шетелдік телеарналар материалдарын қиюды шектеу бойынша өлшемдерді нақтылау, қазақ тіліндегі жарна­ма­ларды теңдей бөлу, сондай-ақ, діни, білім беру және балалар бағ­дар­ламасын жарнамамен үзуге тыйым салу бойынша өлшемдер нақ­тыланатын болады. Алайда қазірдің өзінде бірқатар журналист заң жобасының кейбір баптарына қарсы пікірлерін білдіруде. Соның бірі 21-баптың (1-2 және 3-1) тармақшаларына қатысты. Құжатқа сәйкес, журналистерді ақпараттың шынайылығын тексеріп, жеке басына қатысты мәліметтері жарияланатын адамнан немесе өкілінен оның жеке бас мәліметтерін жариялауға жазбаша рұқсат алуға міндеттеу қарастырылған. Жеке адамның ресми және ақпараттық хабарламаларда келтірілген мәліметтерін жариялауға шектеу қойылмайды. Яғни, заң қабылданса, журналист алатын ақпараттың сенімдігілін тексеруге, жеке деректер туралы мәліметтерді тарату үшін сол тұлғаның жеке немесе заңды өкілінің жазбаша келісімін алуға міндетті.

Блогерлерге БАҚ құқығы беріле ме?

Соңғы кезде кейбір газеттер жабылып, интернет нұсқаға айналып кетті. Тіпті, бұдан кейін «Сайттардың көптеп ашылуы дәстүрлі журналистиканы ығыстырады, қағаз түріндегі басылымдардың күні бітеді» деген пікірлер жиі айтыла бастады. Бір кездері ғалымдар радио алғаш хабар тарата бастағанда, «газеттің күні қараң қалады» деген еді. Ал, одан кейін телевизия іске қосылып, интернет сайттары ақпарат кеңістігіне енді. Соған қарамастан, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған газеттің ғұмыры әлі жалғасуда, жалғаса бермекші. Ал мультимедиа мен медиатехнология заманында ақпараттық кеңістікті газетсіз елестету мүмкін бе? Дәстүрлі және заманауи журналистиканың өзара байланыс әрекеті қандай? Екеуі бір-бірін толықтыра ма? Айтпақшы, бұдан былай Қазақстанда желілік басылым ретінде тіркелген блогерлер бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланатын құқыққа ие болуы мүмкін. Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев: «Министрлік ақпараттық алаңда ресми ұсынылмағандарға қажетті шарттар жасау қажеттігін түсінеді. Бұған қоса, блогерлер біздің елімізде орын алып жатқан қандай да бір оқиғаларды белсенді жазып көрсетуде. Сондықтан да олар үшін ерікті түрде желілік басылым ретінде тіркелу мүмкіншілігі қарастырылады. Бұл заңнамалық негізде бұқаралық ақпарат құралдары құқығын алуға жақсы мүмкіншілік», – деді. Яғни, заңнама қолданысындағы «интернет-ресурс» түсінігін «блогерлерге» сәйкес, қайта қарастыру  ұсынылған. Сонымен қатар, аталған мәселелер блогында уәкілетті органда интернет-ресурстарды желілік басылым ретінде тіркеуге қоюға қатысты құқықтық қайшылықтарды алып тастап, ерікті түрде есепке қойылғаннан кейін интернет-ресурстың БАҚ ретінде толық құқықтық субъектілік алу принципін толықтай заңнамалық тұрғыда бекіту мәселесі сөз болуда. Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» (2009 жылғы 6 ақпанда өзгертілген) Заңына сәйкес, Қазақстандағы интернет-ресурстары, атап айтқанда, портал, форум, блог, чат, WAP-портал, интернет-телевидениесі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілді. Яғни, жаңа медиа БАҚ дәрежесіне көтеріліп, оған үлкен мән берілді. Алайда интернет-ресурстары жарияланымдарына мерзімді баспасөз секілді үлкен жауапкершілікпен қарай ма? Бұл тұрғыда ҚазҰУ-дың профессоры Кәкен Қамзиннің: «Қазіргі қазақстандық ақпараттық кеңістікте блогтық жұтаң тіл, кибер ой жүйесі жедел қалыптасып келеді. Тіпті, аса бай, аса құнарлы қазақ тілінің варианты осы деуге сенгің де келмейді. Сауатсыздық пен білімсіздіктің көрінісін іздесеңіз, тап қазір блогосфераға жүгініңіз. Өтпелі, уақытша құбылыс болса да, қазіргі Интернет сауатсыздық резервациясына, шала сауаттылардың дау-дамай, байбаламы мен бетжыртыс алаңына айналды. Ол – индивидтер, жіктер, әлеуметтік топтар мәдениеті мен көзқарасының айнасы, сонымен қатар психологиялық терапия, тұрмыстық тауқыметтен, сыбағалы мифологемадан дистанциялық тілдесу, ақпарат алмасу арқылы арылудың әдісі. Белгілі бір дәрежеде көңілдегі кірді кетіру, психологиялық дерттен емделу тәсілі. Интернет – ортақ тарихи талқының, ортақ тарихи құлазудың да көрінісі» деген пікірі біраз жайттан хабардар етсе керек. Расында да, бүгінгі заманауи журналистиканың бірден-бір ақпарат көзі саналатын – интернет ресурстары көпшілік оқырманның көңілінен шығып жатқандығына күмән бар. Кейбір интернет-сайттар оқылым санын арттыру үшін жалған ақпарат, өсек-аяңға құрылған қаңқу әңгімелер мен ғайбат сөздерге әуестеніп алғаны жасырын емес. «Интернет – это социальная анархия. У системы нет никакого управляющего органа» деген шетелдік масс-медиа зерттеушілерінің айтпағы осы сияқты. Шынтуайтында, ақпарат алаңында не айтылып, не жазылып жатқанын реттеп жатқан ешкім жоқ. Мұның салдары түрлі жағдаяттарға әкеп соғатыны мәлім. Ұлтаралық дүрдараздық, діни экстремизм, адам ұрлау, адам саудасы, нәсілдік кемсітушілік, әлеуметтік теңсіздік секілді әлемдік проблемалардың бір ұшы ғаламтормен байланыстырылады. Онымен қоса, түрлі «тәртіпсіз» ақпараттар, көлеңкелі қызметтер, суицидке итермелейтін контенттер тағы бар. Мұның барлығы сұрыпталмастан қазақ аудиториясына сіңіп жатыр. Ертең зардабын тартпасымызға кім кепіл? Біздіңше, министрлік осы мәселелерге аса мән бергені дұрыс. Айта кетейік, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев заң жобасы қоғамдық талқылаудан өткеннен кейін, 2017 жылдың наурызына дейін Үкіметке және 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламент Мәжілісіне ұсынатындығын жеткізді. Ал бүгінде заң жобасына енгізілген өзгерістер жайында осы саланың басы-қасында жүрген мамандар не дейді? Марат Тоқашбаев, «Президент және халық» газетінің бас редакторы: – Соңғы кезде «БАҚ туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі талқыға салынуда. Бұл жерде блогерлерге құқықтық мәртебе беру көкейге қонбайды. Министрліктен арнайы тіркеуден өткен, рұқсатын алған жеке және заңды тұлғаларды ғана ақпарат құралына жатқызуға болады. Ал блогерді әлеуметтік желіде айтқан пікірі үшін ақпарат құралдың деңгейінде есептеу қайшы нәрсе. Жарты ғасырға жуық қазақ ақпараттық кеңістігінде қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі журналист ретінде түбегейлі қарсымын. Екіншіден, заң жобасындағы белгілі бір тұлға туралы жазатын жағдайда оның рұқсаты керек деген әңгіме демократияны шектеу. Егер мемлекетке залал келтіріп отырған шенеунік немесе тұлға туралы сын материал жазғым келсе, оның рұқсатын алу қисынға келе ме?! Сондықтан журналис­тер қауымдастығы және ұлттық басылымдар қауымдастығы бұл өзгерістерге қарсылығын білдіреді. ҚР Конституциясында  БАҚ-та сөз бостандығына шектеу қойылмайды. Кез келген мемлекетте министр болсын, үкімет басшысы болсын, оны сынауға, қызметі туралы пікір айтуға кез келген адамның құқы бар. Бұл демократияның алтын заңы. Сондықтан Қазақстан демократиясы дамуына, оның алға басуына емес, кері кетуіне әсер ететін заң жобасына түбегейлі қарсымын. Бекжан Әшірбаев, «Заң» газетінің бас редакторы: – Қазақстан Конституциясының 20-шы бабының 1-ші тармағында «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» делінген. «БАҚ туралы» заңда бап пен тармақ көбейген сайын қорқамын. Неғұрлым аз болса, соғұрлым журналистке еркіндік беретін сияқты. Мысалы, қазір журналистикада заң бар да, оның орындалуы деген дүние бар. Бүгінде бірінің ақпаратын бірі «ұрлау» дерегі көбейіп кетті. Интернет сайттарының, әлеуметтік желілердің пайда болуы авторлық құқықты сақтамауға әкелді. Ол үшін сотқа тартып, моралдық шығын өндіріп жатқан ешкім жоқ. Алайда бұл ойланатын нәрсе.  Сондай-ақ, «БАҚ туралы» заңда республикалық мәртебеге ие басылымдардың материалдық-техникалық базасы, құрылымы қалай болу керек деген мәселе тайға таңба басқандай. Бірақ газет-журналдардың мәртебесі бұл талапқа сай келе бермейді. Ал ақпараттың шынайылығын тексеру мәселесі штаттың қаржылық мүмкіндігіне келіп тіреледі. Қазір журналистер ақпарат көзін интернеттен алады. Бұл факт тексерілмей жатады. Заң жобасында осы жағы ескерілуі керек. Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік сатып алуда ең төменгі көрсеткішті ұсынған басылым аз қаржының жүгін көтеретін лотты жеңіп алады. Бұл қаражат деректі анықтау үшін іссапарға шығуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан да мемлекеттік сатып алудың тәртібін реттеу керек деп ойлаймын. Журналистиканың өзін акаде­миялық университеттік білім ретінде оқу керек пе, жоқ па деген мәселе күн тәртібінде тұр. Жалпы, журналистиканы арнайы мамандық ретінде оқыту еуропалық, соның ішінде германдық жүйе. Ал АҚШ-та арнайы курстар арқылы тарту бағытталған. Журналистика – шығармашылық мамандық. Тілдік, стилдік ерекшелігің қалыптасу үшін міндетті түрде университеттік білім керек. Қазір әлеуметтік желінің пайда болуы ақпараттың жариялануына ешқандай тосқауыл қоймайды. Алайда емле, стилдік, грамматикалық қате қаптап кетті. Бұл әдеби шығармада болсын, журналистік жазбада болсын, белең алып барады. Қағаз мәдениеттен бас тартып, электронды мәдениетке келуде үлкен қауіп бар. Газеттің қағаз нұсқасы ақпараттың сақталуының кепілі. Руслан Желдібай, журналист: – «БАҚ туралы» заңға ұсынылған өзгерістер керісінше журналистиканы одан әрі қысуға арналған сынды. Ең қауіпті өзгеріс 21-баптың 1-2 және 3-1 тармақшаларына қатысты. Біз дамыған ел боламыз дейміз. Онда неге АҚШ, Батыс Еуропаның мысалына қарамаймыз?! Мысалы, АҚШ-та жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілік мүлде жоқ. Ал журналистер қоғамдық тұлғалар, мемлекеттік қызметкерлер жайлы қандай болмасын ақпаратты таратса, тіпті ол жалған болса да, ешқандай азаматтық жауапкершілікке тартылмайды. Тек арнайы түрде адамға зиян келтіру мақсатында жалған ақпарат таратқан болса ғана жауапкершілікке тартылуы мүмкін, оның өзінде шағым берген адам оны дәлелдеуі тиіс. Тәжірибеде мұны өте аз қолданады, өйткені журналистке қарсы шағым түсіру қоғамда қатаң айыпталады. Енді қараңыз, сол АҚШ-та жағдай ушығып кетті ме?! Журналист этикасына сай міндетті түрде өзі ақпаратты тексереді. Ал Түркияны қарасаңыз да, медиасында қандай ақпарат жазылмай жатыр. Ал біздегі мына ұсыныс журналисттің «аузын жабуға» бағытталған деп ойлаймын. Сонда журналист бір министр не әкім жайлы жеке дерек жазатын болса, оның жазбаша рұқсатын қалай сұрайды?! Ал Обама не Клинтон жайлы жазса ше?! Вашингтонға хат жазамыз ба?! Оның үстіне, мемлекеттік органдар ақпаратты әрең тарататынын ескерсек, онда қалайша тексереміз?! Мысалы, мемлекеттік орган ақпаратты беруде 30 күнге дейін алуға рұқсаты бар дегенді қалай түсінсе болады? Министрден осы бапты ашып түсіндіруді сұраймын және не үшін енгізгенін, қандай себеп болғанын жеткізсе деген тілегім бар. Асылхан Мамашұлы, журналист: – Блогерлердің құқықтық статусын белгілеудің қаншалықты қажеттілігі барын түсініңкіремеймін. Біріншіден, осы арқылы оларға қандай да бір салық салу көзделсе блогерлерді заңды тұлға ретінде қарау қажет болады. Қазір өзінің дербес интернет-ресурсы бар тұлғалардан бөлек, әлеуметтік желілерді белсенді қолданушыларды блогер деп атайтынын, олар да өздерін блогер ретінде таныстыратынын байқаймын. Сондықтан ең әуелі оның нақты анықтамасы жасалуы керек. Егер «Фейсбукте» бес мың жазылушысы (подписчик) бар тұлға да блогер, жеке интернет ресурсы бар тұлға да блогер болса, оның қайсысы заңды тұлға болып есептеледі? Екіншіден, блогердің құқықтық статусын жай ғана бұқаралық ақпарат құралдарымен теңестіру үшін анықтайтын болса, оның қажеті шамалы деп есептеймін. Өйткені әлеуметтік желілерде жауапкершілік бұқаралық ақпарат құралдарымен бірдей сұралады. Әлеуметтік желідегі заңға қайшы әрекеттері үшін қылмыстық, әкімшілік жаза тартылып жатқандар өте көп. Блогерді журналиспен салыстыру, бірін артық, бірін кем көруді ұға алмаймын. Екеуі де ақпарат таратады. Кімнің ақпараты жылдам, сапалы жұрт соны оқиды. Танымал блогердің белгісіз басылымның журналисінен несі кем? Сауатсыз, білімсіз болса өзінің соры. Ақпарат бәсекесінде өзі-ақ жағаға шығады. Ақпарат саласынан қазақтың құнарлы бай тілін іздемеймін. Нақты, дәл, расталған ақпарат іздеймін. Құнарлы, бай тіл іздегендер көркем әдебиет оқысын. Сосын блогердің көбеюі газеттің қағаз нұсқасын құртудың амалы деген пікірмен келіспеймін. Интернет пен газет екі бөлек дүние. Блогерлер бар ма, жоқ па бәрібір, интернет газетті ығыстыра береді. Интернет жылдамдығы қазіргіден әлдеқайда күшейсе, қазақ газеттерінің таралымы шектеле береді. Болашақта тек эксклюзив материалдары бар газеттер ғана қалады. Жаңа заңда сөз бостандығы мен пікір алуандығын күшейтетін жайттарға басымдық беру қажет. «Ақпараттың шынайылығын тексеру деген талап қойылды» деп шошыған журналистерді көрдім. Шошудың орнына қуану қажет. Ақпаратты тексермей-ақ елді шулататын саржағал басылымдар мен сайттарды, талай блогерді жағаға шығарып тастайтын талаптың бірі осы. Және әншілер мен шоумендердің экраннан түспегеніне телеарналарды кінәлай алмаймын. Өйткені мемлекет қалыптастырған нарық ақпараты осылай. Шоумендермен бәсекеге шыдағандар журналистикада қалады немесе көлеңкесінде жүре тұрады. Журналист мамандық емес – кәсіп дегенге көбірек иланамын. Сондықтан журналистиканы бітіргені үшін ғана ақпарат саласын меншіктеп, орын сұрау артық. Жұртқа кім қай факультетті бітірсе де бәрібір, ең бастысы өзекті мәселе көтеретін хабар болса болды. Назгүл Қожабекова, веб-жобалар редакторы: –  Әлеуметтік желіге тіркелген әрбір адамның аккаунтын блог деп мойындаған соң солай болады. Желідегі әр қолданушыны блогер деген соң, аты бар, заты қандай болуы керек екенін және оған жауапкершілік жүктеу керек екенін білмеген соң, осыған әкеп соғады. Мен желі қолданушысымын, бірақ, өзімді блогер санамаймын, бірақ өз парақшамда көзқарасымды ашық білдіремін. Ал мені блогер деп тіркеп, жауапкершілік жүктегісі келсе, оған менің келісімім керек. Яғни, блогер атанғым келмесе, мені блогер, не ақпараттық ресурс иесі деп атауға ешкімнің қақысы болмауға тиіс. Блогер ретінде қызмет көрсетпесем, ненің жауапкершілігін арқалаймын? Ал блогер ретінде қызмет көрсетемін деп мойындаған адам не істеуі керек? Не жазуы керек? Түсініксіз. Желідегі жауапкершілікті бір ғана тәсілмен арттыруға болады: интернетке не саусақ таңбасымен, не ЖСН номерімен немесе ЭЦҚ арқылы тіркелу (онлайн-үкімет сайты арқылы). Сонда ғана желідегі миллион адамның аузын баға аласың. Басқасының бәрі бекер. Ал бұлай істелмейтінін, бұлай істеуге болмайтынын елдің бәрі біледі. Екіншіден, журналистика факуль­тет­терінде фактчекингті оқытсын. Редакцияда фактчекер деген штат ашуды міндеттесін. Әйтеуір бір процедурасы болуы керек. Иә, желіде өтірік суреттерді таратып жіберу, оларды журналистер әй-шай жоқ көшіріп алып, жалаулатып алып кету фактілері көп. Өтірік ақпаратты да таратып жібере салады журналистер. Ал қоғамға соншалықты қатты ықпал етіп, ақпараттық, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін жалған ақпарат жариялана қойған жоқ. Кәкір-шүкір ауыл арасының әңгімесі ғана. Бірақ ақпарат жоқ екен деп, өтірік жазуға да болмайды ғой.  Журналистер мен редакторларға қазіргі заманғы фактчекинг құралдарын үйрету керек. Болды. әсіресе, онлайн ресурстар журналистеріне 15-20 минут уақыт жұмсап, ақпараттың растығын тексеріп алғаннан дүние күйіп кетпейді дегенді түсіндіру керек. Әйтпесе, қазір ақпаратты секундтың оннан бірі есебінде кешіктіріп берсек дүниеден құр қалғандай боламыз ғой. Ақпарат растығы рейтинг, қаралым саны дегеннің құрбаны болып жатыр. Аршат Ораз; IT маманы, блогер:  – Жалпы, журналистер мен блогерлерді салыстыруға, бірге қоюға қарсымын. Екеуі екі бөлек әлем. Қазір блогерлер деп қайтадан блог жүргізетін, жеке блогы бар адамдарды атай бастады. Ал желідегі белсенділерді дәл осылай желі белсенділері немесе «Лидер мнений» деп атайды. Қазақша айтқанда, оларды қоғамдық ой туғызушылар, желі белсенділері деп атауға болатын шығар?! Ақпараттық соғыс кезінде бас біріктіру пәлендей байқалмайды. Әдеттегідей қазақ қоғамы екіге жарылады: қарсылар мен қолдаушылар болып. Блогерлер, журналистер, желі белсенділері осы екі жақтың бір жағына шығады. Біреулері ақылы түрде «әскер» болса, біреулері тегіннен-тегін «соғыса» береді, тақырыпқа үлес қосып жатқанын кейде өзі де білмей жатады. Кімнің ойы тұщымды, қай жақта нақты факті бар, кімнің шындығы басым – жеңімпаз сол жақ. Біреуге шеберлік жетіспейді, біреудің техникасы аз, біреулер әлі де сауатсыз, біреудің психикасы шыдамайды. Бірақ үдеріс басталды, ақпараттық соғыстың дәмін біраз адам сезді. Демек, алда әлі талай шайқас болады. Кімнің «әскері» мықты, сол жеңеді.  

 Динара Мыңжасарқызы