30 томдық терминологиялық сөздіктер топтамасы жарық көрді

30 томдық терминологиялық сөздіктер топтамасы жарық көрді

30 томдық терминологиялық сөздіктер топтамасы жарық көрді
ашық дереккөзі

Әдебиетіміздің әлемдік деңгейге жетуіне тірек болған, сөздік қоры аса бай ана тіліміз – бүгінде өз дамуының жаңа сатысына көтеріліп отыр. Тіл – ғасырлар бойы үнемі дамып, жетілу үстінде болатын жанды құбылыс. Сондықтан әлемде болып жатқан барлық жаңалықтар мен жаңа ұғымдарды толық түсіндіре алатындай құдіретті болуы үшін кез келген тілде терминдердің алатын орны ерекше. Халықаралық терминдер екі түрлі жолмен қолданылады: термин өзгеріссіз қолданылады немесе тілдің мүмкіндігіне қарай аударылып қолданылады. Бізде осы екі тәсіл де қолдануда. КСРО кезінде орыс тіліндегі көптеген терминдерді өзгеріссіз қабылдасақ, соңғы жылдарда ғалымдар тарапынан бұл іске басқаша көзқараспен қарап, термин сөздердің ана тіліміздегі балама нұсқалары қолданысқа енгізіліп жүр.

Дегенмен қазақ тіліндегі термин сөздерді бір ізге түсіріп, жалпы бірдей анық та түсінікті ету – үлкен күш пен қаржыны талап ететіні белгілі. Сондықтан дер кезінде мемлекет тарапынан қолға алынған бұл істің нәтижесі 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер топтамасы ретінде көрініп, өткен аптада Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында сол кітаптардың тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің тапсырысымен дайын­далып, «ҚАЗақпарат» корпора­ция­сы басып шығарған 30 томдық терминологиялық сөздіктер топтамасын 52 мекемеде – жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, академияларда, министрліктер мен Парламентте, салалық мекемелерде жұмыс жасайтын 144 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты, жалпы 350-дей адам дайындаған.

Тұсаукесер рәсімін ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәлемов мырза өз сөзінде сөздіктер топтамасының «ҚР Тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында дайындалғанын, осы жұмысты атқару негізінде Елбасының қазақ тілінің терминологиялық қорын жасау жөніндегі тапсырмасының абыроймен орындалғанын айта келе, авторлық ұжым мүшелеріне үлкен қажырлы еңбектері үшін министрлік атынан алғыс айтты.

Сонымен бірге тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген осы жобаның ғылыми жетекшісі, Қазақстан Педагогикалық Ғылым­дар академиясының прези­ден­ті Асқарбек Құсайынов, Л.Гуми­лев атындағы Еуразия Ұлттық универ­си­тетінің профессоры, техника ғы­лым­дарының докторы Алтынбек Шәріпбаев, ҚР Ұлттық ғылым ака­де­миясының академигі, техника ғылым­дарының докторы Бірлесбек Алияров, А.Байтұрсыныв атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы, Қ.Сәтпаев атын­дағы Қазақ Ұлттық техникалық уни­вер­ситетінің профессоры Қалыбек Қоныспай, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинажасау инсти­ту­тының аға ғылыми қызметкері, тех­ника ғылымдарының кандидаты Арлоп Ахметов, Қ.Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Нәсіпқали Сейітов, Қазақ Мем­лекеттік қыздар педагогикалық универ­ситетінің профессоры Рысбай Сәтімбеков, С.Ж.Асфендияров атын­дағы Қазақ Ұлттық медицина универ­си­тетінің профессоры Жаубасты Ахметов секілді көрнекті ғалымдар «ғылым мен техниканың, өндіріс пен мәдениеттің барлық салаларын қамтитын сөздіктер топтамасын дайындау жұмыстары Комитетпен жасалған шарт негізінде 2012-2014 жылдары жүргізілгенін, сала терминологиясын қалыптастырумен шұғылданып жүрген сала мамандары мен ғалымдар, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, Республикалық теминоло­гия­лық комиссия мүшелері бірлесе оты­рып атқарған және жалпы жұртшылық пікірі ескеріле отырып дайындалған осын­дай көлемді жұмыс негізінде қазақ тілінің 250 мыңнан аса салалық терминдер қоры жасалып, қазақ тілі терминологиясының ғылыми негізде дамып, кемелдене түсуіне нақты негіз қаланғанын» айтты.

Тұсаукесерде авторлар ұжымы осы жұмыстар арқылы ұсыныс-пікір айт­қан тіл жанашырларына алғыстарын жет­кізіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік тілді дамытуда табанды саясат ұстанып отырғанына ризашылық сезім білдірді.

Сөздіктерді басып шығарған «ҚАЗ­ақ­парат» корпорациясының прези­ден­ті Қонысбек Ботпай оларды са­палы және уақтылы шығаруға баспа қызметкерлерінің Академия қызмет­кер­лерімен бірге үлкен ыждаһаттықпен еңбек еткендерін айтты.