«Біздің күшіміз – Мемлекет басшысын қолдауда»: елордалық тұлғалар халықты бірлікке шақырды

Қоғам қайраткерлері, белсенділер мен елорда тұрғындары қазақстандықтарды бірігуге, тыныштық сақтауға және елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін жұмылуға шақырды, деп хабарлады turkystan.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қазақстандық салааралық ынтымақтастық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Болат Омаров коронавирус пандемиясы кезінде мемлекет шағын бизнес нысандарын қалай қолдағанын еске салды.

«Қазір қираған ғимарат көп. Несие алған, жұмыс орындарын құрған адамдардың мүлкі тоналып, қирады. Бұл жағдай мені қатты алаңдатады. Осы қиын-қыстау күнде бәріміз бірігіп, Президентіміздің айналасына жиналып, оны қолдағандарыңызды қалаймын. Біздің күшіміз – бірлікте және Мемлекет басшысын қолдауда», – деп атап өтті Болат Омаров.

«Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өзбек Құрманбайұлы да қазақстандықтарды үрей мен арандатушылыққа бой алдырмауға шақырды.

«Қазақ – дана халық. Мен бәріңізді тыныштыққа шақырамын, арандатуларға жауап бермеңіз», – деді ол.

«Біз жылдар бойы өзіміз салған дүниені құртуға жол бермеуіміз керек. Бүгін біздің мектеп-гимназия әскерилерді, солдаттарды және полицейлерді қолдау мақсатында оларға өз қолымен ыстық тамақ дайындады. Осылайша тәулік бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүргендердің барлығын қолдауға шешім қабылдадық. Біз әрқашан біргеміз», – деді №80 мектеп-гимназиясының директоры Гүлмира Жарминова.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де ел азаматтарын бірігуге шақырады.

«Мен бүкіл Қазақстанға, барлық азаматтарға, отандастарымызға бірге болуды, бірлікте болуды тілеймін, сонда біз кез келген қиындықты еңсереміз. Ең бастысы – ашық аспан мен келісім», – деді «Таң» мәдени орталығы жастар қанатының төрағасы Равиль Валиев.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button