Содырлардың әрекетінен қанша залал келді?

Содырлардың әрекетінен қанша залал келді?

Содырлардың әрекетінен қанша залал келді?
ашық дереккөзі
Елімізде, әсіресе Алматы қаласында болып жатқан жаппай тәртіпсіздік салдарынан мемлекетке және бизнеске аса ауқымды шығын келгені сөзсіз. Бұзақылардың әрекетінен әлеуметтік маңызы бар нысандар, сауда орындары және бизнес субъектілері қатты зардап шекті. Алдын ала есептеу бойынша бүкіл ел аумағындағы шағын және орта бизнес нысандарына келген залал мөлшері 87 млрд теңгеге (200 мың АҚШ доллары) бағаланды, деп жазды turkystan.kz. Алматыда ұйымдасқан қарақшы-терроршылар тобы қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасаған және полицияның қаруларын тартып алған. Олар полиция бөлімшелеріне, әкімшілік мекемелерге, телеарна кеңселеріне, сауда нүктелері мен қоғамдық тамақтану орындарына шабуыл жасады. Мұның барлығы миллиардтап саналатын шығынға әкеліп соқты. Қалада әсіресе, «Magnum», «Small», «Технодом», «Sulpak», Alser, «Эврика», «Спортмастер», «Интертоп», «Mon Amie» және «Kimex» сауда желілері қатты шығынға ұшырады. Соның ішінде қару-жарақ сатумен айналысатын 6 дүкен («Корган-центр» ЖШС, «Арма-56» ЖШС, «Анна-16» ЖШС, «Анна» ЖШС, «Оружейник» ЖШС, Pro-Hunt ЖШС) түгел тоналған. Жалпы, еліміздің 10 аймағында 1091 нысанда орналасқан 920 бизнес субъектісі зардап шеккен. 8 қаңтарда таңғы 9:00-дегі жағдай бойынша келген шығын көлемі 88,1 млрд теңге болса, соның 86,8 миллиарды Алматыға тиесілі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараты бойынша, Алматыда 519 бизнес нысаны мен 14 ірі ойын-сауық орталығы зардап шеккен. Көптеген кәсіпкерлер қираған нысандарына әлі толық жетіп үлгермегендіктен және толыққанды есептеу жүргізілмеуі себепті сома көлемі алдағы уақытта өсе түсері сөзсіз.