Депутаттар Маңғыстаудағы жағдайға қатысты пікір білдірді

Депутаттар Маңғыстаудағы жағдайға қатысты пікір білдірді

Депутаттар Маңғыстаудағы жағдайға қатысты пікір білдірді
ашық дереккөзі
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар газ мәселесіне қатысты Премьер-министрдің міндетін атқарушы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады, деп хабарлады turkystan.kz.
«Осы сауалымыз Маңғыстау облысының тұтынушыларына арналған сұйытылған мұнай-газына бағаның көп көтерілуіне байланысты. Бұл азаматтардың наразылығын туғызып, аймақта әлеуметтік шиеленісті күшейтіп жібергені белгілі. Жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жеке бақылауына алынды. Президенттің тапсырмасы бойынша үкіметтік комиссия жұмыс істеді, ол қалыптасқан жағдайдың оңтайлы шешімін тапты. Проблема жаңа жылдың алғашқы күндері шиеленіскеніне қарамастан, оның алғышарттары бұдан да бұрынырақ белгілі бола бастағанын атап өту керек. Сұйытылған газ нарығына, отынның тапшылығына, саладағы баға белгілеуге қатысты мәселелерді бірнеше рет Мәжіліс депутаттары да көтерген еді», - деп тоқталды депутат Бақытбек Смағұл жалпы отырыста.
Осы орайда, ол аталған мәселенің бірқатары реттелсе де, алайда бірқатары шешімін таппағанын атап өтті.
«Біріншіден, Энергетика министрлігі бағаның бұлайша өсуін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газдың 100 пайыз электронды сауда алаңы арқылы сатылатынын түсіндірді. Үш жыл ішінде (заң күшіне енгеннен кейін) сауда алаңында нарықтық тетіктер қалыптасып үлгермеді. Сауда-саттықты Энергетика министрлігі «қолмен басқару» режиміне өткізді. Бұл «кнопкалы» аукцион деп аталатын жағдайға жеткізді. Бұл электронды алаңдар тетігінің беделін кетіріп, нәтижесіне қол жеткізбеді. Сөйтіп, бүгінгі күні дағдарыстық жағдайға әкеліп тіреп отыр», - деді депутат.
Сонымен қатар, ол елімізде сұйытылған газ сатудың бірыңғай ұлттық нарығы қалыптаспағанын айтты. Оның есесіне, сұйытылған газ тапшылығы орын алды, көрсеткіші 2021 жылы 15 пайызға жетті.
«Көтерме сауда нарығындағы алыпсатарлықты жою және сауда-саттықтың ашықтығын арттыру мақсатымен өткен жылы Парламент биржалық сауданы ұйымдастыру жөнінде кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Заң күшіне енді, алайда Энергетика министрлігі сұйытылған газды өткізудің жаңа ережелерін әлі күнге дейін жасаған жоқ. Осы өзекті мәселелерді реттемейінше, бізде бағаның шарықтауы сұйытылған газға ғана емес, тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің көптеген түрінен байқалатын болады. Түптеп келгенде, бұдан қарапайым тұтынушы зардап шегеді. Біздің бәріміз бұл күндері Жаңаөзенде, Ақтауда болған оқиғаларға күйзелдік. Барлығымыз тыныштық пен қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, өзара тиімді шешім қабылдауға және Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жауапкершілік танытуға тиістіміз», - деді Бақытбек Смағұл.