Егемен елдің еңселі қаламгерлері

Егемен елдің еңселі қаламгерлері

Егемен елдің еңселі қаламгерлері
ашық дереккөзі
Әрдайым ұлттық болмыстың таза сақталуына ғана емес, оның дәуірлер тоғысында тоқырамай одан әрі дами беруіне зор пайдасын тигізетін қаламгерлер қауымы ойдағыдай еңбектенуі үшін рух азаттығы қажет екені белгілі. Сондықтан кеңестік дәуір цензурасы аяқ-қолын матап ұстаған қазақ ақын-жазушылары сана еркіндігіне тәуелсіздіктен кейін ғана қол жеткізді. Сөйтіп, тәуелсіздікпен бірге ел тарихының жаңа парақтарын ашқан еліміздің көркемсөз шеберлері енді әдебиетке ұлттық мүдде тұрғысынан ғана қарап, жаңа туындыларын жарыса жарыққа шығарып жатты. Өз кезегінде мемлекет те олардың еңбегін лайықты бағалап, үздік шығарма иелерін екі жыл сайын Мемлекеттік сыйлықпен марапаттап келеді. Әрине, мемлекет болған жерде идео­­логия бар. Сондықтан мемле­кет саяси тұрғыдан қоғам дамуына қыз­мет етті деп саналатын адамдарды түрлі дәре­жедегі орден-медальмен марапаттап, сыйлық беріп отыратыны белгілі. Бұл үрдіс бұрында болса, тәуелсіздіктен бері де жалғасын тауып келеді. Бұрын кеңестік Қазақ Респуб­ли­ка­сын­да қазақ қаламгерлеріне бері­ле­тін Абай атындағы республикалық сый­лық болатын. Ол 1965 жылғы 15 нау­­­рызда Қазақстан КП ОК мен ҚазКСР Ми­нистрлер кеңесінің қаулысымен бел­гі­лен­ген еді. 1966 жылдан 1990 жылға дейін бұл сыйлыққа көптеген ақын-жазушы, сын­шы, драматург, әдебиетші ғалым ие бол­ды. Олардың аты-жөндерін атап өт­сек, оқырмандар үшін қажеті болар деп ой­лаймыз. Өйткені олардың бәрі қазақ көр­кемсөзі үшін тер төккен болатын. Сол бәй­геде оза шауып, Абай атындағы сый­лық­тың лауреаттары болғандар қатарын­да ретімен айтсақ, Тахауи Ахтанов, Хамза Есенжанов, Сәбит Мұқанов, Әнуар Әлім­жа­нов, Ілияс Есенберлин, Николай Анов (Ива­нов), Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәу­ленов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сү­лей­менов, Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжі­баев, Бауыржан Момышұлы, Иван Шу­хов, Ғабиден Мұстафин, Қалижан Бек­хо­жин, Шерхан Мұртаза, Ғафу Қайыр­бе­ков, Қадыр Мырзалиев (Мырза Әли), Әзіл­хан Нұршайықов, Хамит Ерғалиев, Мак­сим Зверев, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Мағауин, Фари­за Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Морис Симашко, Сәкен Жүнісов, Рымғали Нұр­ғали, Сафуан Шәймерденов, Қабдеш Жұ­маділов болды. Шынын айту керек, бұлар­дың арасында осы қалай дейтіндей қа­лам­герлер жоқ, бәрінің де шығармашы­лы­ғы мойындалған, өздері қалың қазаққа та­нылғандар. Олардың сыйлық алған шы­ғармалары да, арасында кейбіреуі бол­маса, негізінен қазақ ұлтының көркемсөз өнері­не үлес болып қосылып жатты. Заман өзгергенде уақыт талабына сай кейбір нәрселердің аты да, за­ты да өзгеруі мүмкін. Қазақстан тәуелсіз мем­лекетке айналған соң бұрын қалам­гер­лерге, өнер адамдарына беріліп келген Абай атындағы республикалық сыйлық кейін Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттік сыйлығы деп аталатын болды да, ол 1992 жылдан бастап беріле бастады. Бұл тәуелсіз мемлекеттің ұлт қалам­гер­лері­не деген құрметі ғана емес, жаңарған әдебиетке деген үлкен қолдау еді. Еске түсіріп көрейік, 1992-2020 жыл­­дар арасында кімдер Қазақ­станның Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары болды? Олар­ды ретімен атасақ былай екен: 1992 жылы Дулат Исабековке («Ай-Петри ақиқаты» повестер мен әңгімелер жи­нағы үшін), Қалихан Ысқаққа («Ақсу – жер жән­наты» романы), Сейіт Қасқабасовқа («Ертегіден тыс қазақ прозасы» моногра­фия­сы), Әнес Сарайға («Еділ-Жайық» ро­маны үшін); 1996 жылы Асқар Сүлейменовке (қай­тыс болған соң «Ситуациялар» үштағаны − «Жетінші палата», «Қыздай жесір штат қысқарту», «Төрт тақта жайнамаз» драма-диалогтері үшін), Дүкенбай Досжановқа («Құм кітабы» романына), Қойшығара Салғаринге («Қазақтар» трилогиясына), авторлар тобы­на − Зәки Ахметовке, Серік Қирабаевқа, Жұма­ғали Ысмағұловқа, Қайым Мұха­мед­ха­новқа, Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Ме­кем­тас Мырзахметовке (Абайдың шы­ғар­машылық мұрасын зерттеу және бас­ты­рып шығару жөніндегі жұмыстары үшін); 1998 жылы Зейнолла Қабдоловқа («Ме­нің Әуезовым» романы үшін), Шерияздан Елеу­кеновке («Мағжан» монографиясы үшін); 1999 жылы Мұқағали Мақатаевқа (қай­тыс болған соң «Аманат» кітабына); 2000 жылы Темірхан Медетбекке («Тағ­дырлы жылдар жырлары» өлеңдер жи­нағы үшін), Баққожа Мұқайға («Өмі­р­зая» романы үшін), Оразбек Сәрсенбаевқа («Шеңбер» романы үшін), Рамазан Тоқ­таров­қа («Абайдың жұмбағы» романы үшін), Әшірбек Сығайға («Сахна саңлақ­тары» еңбегі үшін); 2001 жылы Әлібек Асқаровқа («31 том­­дық қазақша-орысша және орысша-қа­зақша ғылыми салалық терминоло­гия­лық сөздіктер сериалы» үшін); 2002 жылы Нұрлан Оразалинге («Ға­сыр­мен қоштасу» өлеңдер жинағы үшін), Ұлықбек Есдәулетке («Киіз кітап» өлеңдер жинағы үшін), Иран-Ғайыпқа («Қорқыт­тың көрі» өлеңдер жинағы үшін), Мар­фуға Айтхожинаға («Аңсау» өлеңдер жи­на­ғы үшін), Әкім Таразиге («Жаза» ро­маны үшін), Зейнолла Серік­қалиға («Ал­тын жамбы» сыни мақалалар жинағы үшін); 2004 жылы Төлен Әбдіковке («Парасат майданы» повесі үшін); 2006 жылы Күләш Ахметоваға («Құт» өлеңдер жинағы үшін), Сайын Мұрат­бе­ковке («Жусан иісі» шығармалар жинағы үшін), Есенғали Раушановқа («Періштелер мен құстар» жинағы үшін), Алдан Смайылға («Тамұқтан келген адам» рома­ны үшін); 2010 жылы Жұмекен Нәжімеденовке (қайтыс болған соң «Менің Қазақстаным» атты жыр жинағы үшін); 2012 жылы Несіпбек Айтұлына («Ар­қа­тірек» поэмалар жинағы үшін), Сәбит Досановқа («ХХ ғасыр» трилогиясы үшін); 2014 жылы Қажығали Мұқанбет­қа­лиұлына («Тар кезең» романы үшін), Гүл­нәр Салықбаеваға («Кешіріңдер келгенімді өмірге» өлеңдер жинағы үшін); 2016 жылы Бексұлтан Нұржекеұлына («Әй, дүние-ай» романы үшін); 2018 жылы Ақұштап Бақтыгерееваға («Ана сыры» өлеңдер жинағы үшін), Өтеген Оралбаевқа («Шуақты шақ» өлеңдер жинағы үшін), Тыныштықбек Әбдікәкімовке («Алқоңыр дүние» өлеңдер жинағы үшін); 2020 жылы Сауытбек Абдрахманұлына («Абыз Әбіш» зерттеуі үшін), Серік Ақсұң­қарұлына («Көкейімде Күлтегіннің жазуы» өлеңдер жинағы үшін), Ғарифолла Есімге («Ғұлама-наме» трилогиясы үшін), Мырзатай Жолдасбековке («Ұлы дала әде­биеті» тарихи-әдеби зерттеулер жинағы үшін), Бақытжан Қанапияновқа («Достоя­ние души» өлеңдер жинағы үшін), Роза Мұқановаға («Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы үшін), Тынымбай Нұрмағанбетовке («Періштелердің өлімі» про­залық шығармалар жинағы үшін) Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы беріліпті. Сонда ақыны, жазушысы, әде­биеттанушы ғалымы, эссейстері бар – тәуелсіздіктің 28 жылы ішінде 49 қаламгер Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ата­ныпты! (Айта кету керек, 2020 жылы бұл сый­лық Абай атындағы Қазақстанның Мем­лекеттік сыйлығы деп аталды). Егер осы сыйлықтар 30 жылдай уақыт ішінде 14 рет берілгенін ескерсек, бір жылда 3 не 4 қаламгерге беріліп отырған. Демек, тәуелсіз қазақ мемлекеті өз қаламгер­лерінің мерейін көтеріп, еңбегін бағалауда сараңдық танытпаған. Ендігі бір нәрсе – қаламгерлерге берілетін құрметті атақ. 1984 жы­лы 20 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес­тің президиумының қаламгерлерге «Қазақ ССР Құрметті Жазушысы» деген құр­метті атақты белгілеу туралы Жар­лы­ғы шыққан еді. Ол тәуелсіздікке дейін 6 жыл ішінде Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Дмитрий Снегин, Тұрсынхан Әбірах­манова, Әлжаппар Әбішев, Жұбан Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбділдә Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Мә­риям Хакімжанова, Мұхамеджан Қара­таев, Зия Сәмәди, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Олжас Сүлейменов секілді ақын-жазушыларға берілген болатын. Ал сол атақ тәуелсіздіктен бергі жерде «Қазақ­станның Халық жазушысы» деп жаң­ғыртылып, ол Әбіш Кекілбай, Мұза­фар Әлімбаев, Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Қуандық Шаңғытбаев, Мұхтар Шаханов, Мұхтар Мағауин, Қаб­деш Жұмаділов секілді қаламгерлерге беріл­ді. Кеңес дәуірінде «Социалистік Еңбек Ері» деген ең құрметті жоғары атақ­қа қазақ қаламгерлерінің ішінде Ға­бит Мүсіреповтің ғана қолы жетсе, тәуел­сіздіктен бергі жерде «Қазақстанның Еңбек Ері» атты еліміздегі ең жоғары атақ қа­зақ қаламгері арасынан 2009 жылы Әбіш Кекілбайға, 2016 жылы Олжас Сүлейменовке, 2019 жылы Әбдіжәміл Нұр­пейісовке, 2021 жылы Әкім Таразиға беріліп, өңірлеріне «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені тағылды. Бұл – тәуелсіз Қа­зақстанның өз ақын-жазушыларына деген үлкен құрметі. Жалпы, қаламгерлер қауымы жас-кәрі деп бөлінбейді. Бірақ шы­ғар­ма­шылық тұрғыдан алғанда, олар жазған туындыларға қойылатын көркем­дік талабы ортақ болғанымен, әдебиетке еткен қызметіне қарай жас, жасамыс деп жіктейтіні бар. Сондықтан жас ақын, жас жазу­шы деген шартты түсінік оларды мем­лекет тарапынан марапаттауда да қо­л­данылатын, ол кеңестік кезде де, қазір де солай. Жастарды шығармашылық тұр­ғы­дан қолдау олардың алдағы өмі­ріне үлкен із қалдыратыны белгілі. Сол үшін кеңестік әдебиетте комсомол сый­лығы деген сыйлық болды. Ол негізінен жас қаламгерлерге, оның ішінде ақындар­ға көп берілетін. Оны былайғы жұрт «ақын­д­ардың сыйлығы» деп те атайтын. Оның «бүкілодақтық», «республикалық» деген түрлері болды. Бүкілодақтық Ленин ком­сомолы сыйлығын қазақтардан Ол­жас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов алса, Қазақстан Ленин комсомолы сый­лығын алғандар қатарында Саттар Еру­баев (қайтыс болған соң), Әнуар Әлімжа­нов, Олжас Сүлейменов, Жұмекен Нәжіме­де­нов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Мол­дағалиев, Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбер­генов (қайтыс болған соң), Күләш Ахметова, Надежда Лушникова, Ұлықбек Есдәулетов, Байбота Серікбаев (Байбота Қошым-Ноғай), Ерік Асқаров, Асқар Егеубаев, Есенғали Раушанов, Қасымхан Бегманов, Тұрсынжан Шапаев секілді қаламгерлер болды. Қарап отырсаңыз, бәрі де талантты қаламгерлер. Демек, ол тұста елге танылған ақын-жазушылар өздеріне лайықты сыйлығына ие болған. Кейін бұл сыйлықтың аты өзгеріп «Жас­тар одағының сыйлығы» атанып, бірталай қаламгерге берілгені белгілі. Дегенмен Қазақстан жастарға арнап «Дарын» мем­ле­кеттік сыйлығын ұйымдастырып, оны жастар арасында көзге түскен талантты ақын-жазушыларға, өнер иелеріне, журналистерге беріп келеді. Бірнеше сала өкілдеріне беріліп келе жатқан бұл сыйлықтың әде­биет­ке қатысты иелеріне тоқталсақ, 1992 жылдан бері Әбубәкір Смайлов, Светқали Нұржан, Бауыржан Жақып, Амантай Шәріп, Дидар Қосылбеков (Дидар Аман­тай), Маралтай Ыбыраев (Маралтай Райым­бекұлы), Айгүл Кемелбаева, Ақсұң­қар Ақынбабақызы, Нұржан Қуантайұлы, Талғат Қырықбаев, Бекжан Әшірбаев, Ақберен Елгезек, Алмас Темірбай, Жанар­бек Әшімжан, Қалқаман Сарин, Азамат Тас­қараұлы, Ерлан Жүніс, Динара Мәл­і­кова, Жадыра Байбұланова, Батырхан Сәр­сенхан, Біржан Ахмер секілді жас ақын-жазушылар осы сыйлықтың иегері болды. Ашығын айту керек, посткеңестік елдер ішінде біздің ел сияқты қа­лам­герлерге сыйлық, атақтар беріп, ор­ден-медальмен марапаттап, кітаптарын мемлекеттік тапсырыс негізінде басып шығарып, кітапханаларға тегін таратып, азды-көпті қаламақы төлеп отырған мемлекет жоқтың қасы. Сондықтан Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанның қаламгерлерге жасап отыр­ған қолдауы мен құрметі жайында айтып өтуді жөн көрдік. Елі құрметтеп отырған әдебиет пен соны жасаушылар әрдайым мемлекет назарында болғаны жақсылық­тың белгісі.