Сот орындаушылардың әрекеті видеоға жазылып отыратын болды

Сот орындаушылардың әрекеті видеоға жазылып отыратын болды

Сот орындаушылардың әрекеті видеоға жазылып отыратын болды
ашық дереккөзі
Әділет министрі Марат Бекетаевтың мәлімдеуінше, сот орындаушылар борышкерлермен бетпе-бет жұмыс жүргізген жағдайда әрбір әрекетін видеоға түсіру қолға алынбақ, деп хабарлады turkystan.kz. Бұл сот орындаушылардың қызметін цифрландыру бойынша атқарып жатқан шаралар атқару өндірісінің ақпараттық жүйесі арқылы іске асады.
«Бұл жүйе 2017 жылдан бері Жеке сот орындаушылар палатасының сенімгерлік басқаруында. Бұл жүйені дамыту және жұмысын сүйемелдеу шығындарының бәрін сол палата көтереді. Жүйе сот орындаушылардың халықпен жұмысын интернет арқылы реттеуге бағытталған. Азаматтар өзінің атындағы шектеулер туралы мәліметті сот орындаушысына бармай-ақ біле алады. Сондай-ақ бүкіл қарызды онлайн режимде төлеуге болады. Мұндай жағдайда қарызға қатысты шектеулердің бәрі 30 минут ішінде алынады», – деді министр.
Сондай-ақ сот орындаушылардың жауапкершілігін арттыратын өзгерістер туралы мәлімет берілді.
«Сот орындаушылар борышкерлермен бетпе-бет жұмыс жүргізген кездегі әрекеттерін видеомен тіркеу жоспарланып отыр. Бұл функционал қазір пысықталып жатыр. Соның арқасында сот орындаушылардың қызметін әлдеқайда ашық ете түсеміз. Басқа да құжаттар неғұрлым жылдам әзірленеді және ақпарат жүйесіне уақтылы жүктеліп отырады», - деді Марат Бекетаев.