Қазақстандық стартапқа 1,2 миллион доллар инвестиция құйылды
Танымал ресейлік «Avito Работа» сайты қазақстандық «HR Messenger» стартапына 1,2 миллион АҚШ доллар инвестиция құяды, деп жазды turkystan.kz.
«Avito Работа» - әлемнің түрлі елдеріндегі хабарландыру сайттарын біріктіретін, нидерландтық «Prosus» («Naspers» еуропалық бөлімшесі) компаниясына тиесілі «OLX Group»-тың еншілес компаниясы.
«Клиенттер тарапынан біз осы салаға сұраныс артқанын көріп отырмыз. Осы орайда, біз «HR Messenger» стартапын таңдадық. Өйткені бұл қызмет Ресей мен ТМД-дағы «HR-Tech» нарығының негізгі өкілдерінің бірі. Үміткерлер стартаптың арқасында жұмыс берушімен ыңғайлы жерде сөйлесуге мүмкіндік алады. Екінші жағынан, күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру компанияларға бос жұмыс орындарына адам табуға мүмкіндік береді», - дейді «Avito Работа» басқарушы директоры Артем Кумпель.
Кез келген компания бір бос орынға қажетті адамды алу үшін 50 шақты қоңырау шалады екен. Ал «HR Messenger» бұл қоңырауларды 5 есеге қысқартады. Нәтижесінде жұмыс беруші үміткерлермен тек соңғы іріктеу кезеңінде ғана байланысады.
Ресей нарығында үш жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан қазақстандық стартап «HR-Messenger»-тың негізін қалаушы және СЕО - Руслан Абдулганиев. Жобаның инвесторлары - Мұрат Абдрахманов, «Chocofamily Holding» және «I2BF» қоры.