«Болашақ» стипендиясының иегерлері анықталды

«Болашақ» стипендиясының иегерлері анықталды

«Болашақ» стипендиясының иегерлері анықталды
ашық дереккөзі
«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды, деп хабарлады turkystan.kz Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап. Республикалық комиссияның шешімімен осы жылғы іріктеудің үшінші легінде стипендия 569 қазақстандыққа тағайындалды. Оның ішінде 163 адам магистратураға, 4 адам әлемнің үздік жоғары оқу орындарының докторантурасына түсті. «Тағылымдама» бағдарламасы бойынша 37 стипендиат білім алады. Тағы 365 ғалым шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Естеріңізге сала кетейік, «Ғалымдар» санаты биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет бекітілді. Бұл шешім қазақстандық ғалымдарға жетекші университеттерде, ғылыми және салалық орталықтарда білім алуға, сол арқылы елдің ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері академиялық оқудан және әлемнің 27 елінің жетекші университеттері мен ғылыми және салалық орталықтарында тағылымдамадан өтеді. 220 адам АҚШ, 136 – Ұлыбритания, 57 – Ресей Федерациясы 13 – Австралия, 14 – Германия, 3 – Жапония, т.б. мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алады. Биылғы жылы тағылымдамалар мен оқыту бағдарламалары шеңберінде «Қашықтан оқытудың әдістері мен құралдары», «Педагогикалық платформаларды әзірлеу», «STEM пәндерін оқыту әдістемесі», «Жоғары білім берудегі стратегиялық менеджмент және көшбасшылық», «Педагогикалық инновациялар», «Биология, молекулалық биология, биохимия», «Вирусология. Жұқпалы аурулар. Эпидемиология», «Цифрлық экономика. Сандық Маркетинг» сынды бағыттар сұранысқа ие болды. «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімін мына жерден көруге болады.