Президент қандай сыйлық жасағанды ұнатады?..
Президент қандай сыйлық жасағанды ұнатады?..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзге ел басшыларына галстукты сыйға тартқанды ұнатады, деп хабарлады turkystan.kz «Еуразия» бірінші арнасының «Айна» бағдарламасына сілтеме жасап.
«Жалпы, Президент галстук сыйлағанды жақсы көреді. Келген қонақтарға, сұхбат алған журналистерге үнемі сый көрсетеді. Сондай-ақ, өзгелерге сағат сыйлағанды ұнатады», - дейді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Мемлекет басшысы да сый-құрметсіз қалған емес. Мысалы, оған моңғол елінің басшысы арнайы күртешені сыйға тартқан. Оның өлшемі XXL, ал бағасы 29 мың теңгеге жуықтайды. Ал Түрікменстан Президенті асыл тұқымды жылқы шаруашылығы кешеніне барған Қасым-Жомарт Кемелұлына арғымақтың тізгінін ұстатты. Ол – жай жылқы емес, түрікмендер мақтаныш ететін асылтұқымды Ақалтеке жылқысы.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға іссапармен келгенде, қыран құстың мүсіні мен өз елінде құрастырылатын шағын автобусты (Volkswagen) тарту еткен. Қазір оны ҚР Президентінің іс басқармасы келген қонақтарды күтіп алып, шығарып салуға пайдаланып жүр.