Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесті
ашық дереккөзі
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі бейресми саммиті аясында өткен кездесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелер жөнінде пікір алмасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президентіне Еуразиялық экономикалық одақтың құрметті төрағасы ретінде ТМД-ға қатысушы елдер көшбасшыларының саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғысын білдірді.
«Бүгін бейресми кездесуге құрметті төраға ретінде қатысудамын. Мен 1991 жылғы желтоқсанда Алматыда ТМД-ның құрылуына алып келген тарихи оқиғаның аз ғана куәгерлерінің бірімін. Бұл оқиғаның қалай болғаны жақсы есімде», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Тұңғыш Президент осы интеграциялық бірлестіктің тиімділігі мен өзектілігіне тоқталып, ЕАЭО-ны одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«ЕАЭО бірлестік ретінде қалыптасты және көптеген адамдар бұған көз жеткізуде. Пандемияға қарамастан Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 24 миллиардты құрайды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Біздің міндетіміз – ЕАЭО-ны одан әрі дамыту, қауымдастырылған мүшелер мен байқаушыларды қабылдау. Жаңа қатысушыларға бұл қадамның тиімді екенін дәлелдеу. Өйткені консенсус негізінде жұмыс істейтін бұл бірлестік оның барлық мүшелерінің құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмейді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Владимир Путин өз кезегінде Нұрсұлтан Әбішұлының ЕАЭО-ны құруға және еуразиялық континентте экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуға қосқан жеке үлесін атап өтті.
«Біз өз уақытында Сіздермен бірлесе жасаған тетіктер мен құралдар қазіргі пандемия, бүкіл әлемде өндіріс деңгейі төмендеген қиын жағдайда тиімді жұмыс істеуде. Қазақстанмен қарым-қатынас аясында біз 2020 жылы, яғни пандемияның ең қиын кезеңінде экономиканың елеулі құлдырауына жол берген жоқпыз. Ал биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында өсім 30 пайыздан асты. Бұл, әрине, біздің Қазақстанның қазіргі басшылығымен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі», - деді Ресей Федерациясының президенті.