Жаңалықтар

Nur Otan жанындағы Кеңес Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмектің шекті бағасын тәртіпке келтіруді ұсынды

ашық дереккөзі

Nur Otan жанындағы Кеңес Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмектің шекті бағасын тәртіпке келтіруді ұсынды

Отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жайын «Nur Otan»-ның Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері талқылады. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин атап өткендей, егер 2010 жылы отандық өндірушілердің сатып алулар құрылымындағы үлесі небәрі 15% немесе 162 дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдар атауы болса, ал биыл олардың үлесі 37%-ке немесе 663 атауға жеткен. Осылайша, партияның сайлауалды бағдарламаларын іске асыру жөніндегі Жол картасының осы жылға арналған тармақтарының бірі орындалған. Алайда, Өскеменнің № 4 қалалық ауруханасының бас дәрігері Сергей Попов Денсаулық сақтау министрлігінің құжаттарындағы елеулі айырмашылықтарға назар аударды. Атап айтқанда, оның айтуынша, бірдей дәрі-дәрмектің бағалары бір-бірімен қайшы келуде. «Мысалы, кәдімгі физерітіндінің бір флаконының бағасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша 67 теңге болса, ал министрліктің басқа бұйрығы оны өндірушінің 241 теңгеге сатуына мүмкіндік береді. Тіпті отандық өндірістің осындай қарапайым дәрі-дәрмегі болған кездің өзінде біз оларды сатып ала алмаймыз. Тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне арналған тауарлардың ең төменгі бағасы қалыпты болуы керек», – деп атап өтті Сергей Попов. Фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы өз жауабында келесі жылдың 10 қаңтарынан бастап дәрілерге арналған шекті бағаларды реттеу туралы жаңа бұйрық дайындалатынын айтты. Кеңес мүшесі, Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова өз кезегінде отандық өндірушілердің дәрі-дәрмекті клиникалық сынақтан өткізу шығындарын өтеу тетігін әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл қазақстандық дәрілердің бәсекеге қабілеттілігін жақсартумен қатар, олардың нарықтағы құнын төмендетуге де мүмкіндік береді. Кеңес қорытындысы бойынша уәкілетті органға айтылған ұсыныстардың барлығын бақылауға алу, орын алған қайшылықтарды жою, сондай-ақ дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар сатып алуда отандық фармкомпаниялардың үлесін арттыру жұмысын күшейту ұсынылды.