Жаңалықтар

Қолдау күткен отандық өнімдер қоймаларда қозғаусыз тұр

ашық дереккөзі

Қолдау күткен отандық өнімдер қоймаларда қозғаусыз тұр

Елдегі әлеуметтік маңызы зор мәселелердің бірі – азық-түлік өнеркәсібін жолға қою және оның қолданыс аясын кеңейту турасында жиі сөз қозғалып жүр. Еліміздегі отандық азық-түлік пен тауар өндіруші кәсіпорын өнімдері сауда нарығына жаппай ене қоймаса да, көпшілік тарапынан отандық өнімге деген қызығушылық соңғы уақытта арта бастады.Қазақстанда шығарылатын өнімдер сапасының әлемдік деңгейге көтеріліп, халықтың сұранысын өтейтін уақыттың да ауылы алыс емес. Десе де, бүгінгі отандық өнімдердің бәсекеге қабілетті бола алмай отырғандығын жасырып қалудан еш пайда таппасымыз анық. Ел экономикасының қарқынды дамуы мен тұрақтылығы елімізде өндірілетін өнімдердің бәсекеге қабілеттілігімен де тығыз байланыс­ты. Бұл ретте мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар әзірленіп, отандық өнімнің аясын кеңейту мақсатында түрлі іс-шаралар атқарылып жатқандығы аян. Соның бірі – Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «АӨК Жол картасы» деп аталатын арнайы бағдарлама дайындады таяуда. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы, мал шаруашылығы жетекші маманы Аман Сүлейменов аталмыш бағдарламаның аясында қарасытырылған мәселелерге тоқталып, АӨК Жол картасына енгізген алғашқы тармақтардың бірі инвестиция салу кезінде агроөнеркәсіп кешені субъектісі шығынның бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау ережесін жетілдіру мәселесі қарасты­рыл­ғандығын жеткізді. Айта кетерлік жайт, өткен жылы Қазақстанның Экономика министрлігі мен Кәсіпкерлер палатасы ара­сындағы келіспеушіліктер субсидия мәсе­лесінен туындаған болатын. Анығы инвес­тициялық субсидиялар үшін қосым­ша қаржы бөлуге қол жеткізу үшін, саяси шешім қажет болғандықтан, жоспардың уақытын кейінге қалдырып келді. «Келісім» алуға жұмсалған бірнеше ай нәтиже бермей, ақырында ҰЭМ келісуінсіз ҚР Премьер-министрі бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен Ұлттық кәсіп­керлер палатасы бірлесе арнайы бағдар­лама әзірледі. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің субсидиялауға өтінім­дерін беру процедурасын автомат­тан­дыру, өсімдік шаруашылығындағы субсидияның негізгі түрлерін бір жерге біріктіру жөніндегі мәселені Жол картасын орындау аясында қарастырған. Сонымен қоса, көрші Ресейден арзан өнімдердің толассыз келіп жатқандығы отандық өнімдердің саудасын тоқтататып, айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені ұлттық палата енгізген бағдарлама аясында бір емес бірнеше рет қарастырғаны мәлім. Тіпті, көрші Ресеймен арадағы келіссөзді қайта қарап, екі ел саудасына ортақ мәмілеге келу мәселесі көтерілді. Соған қоса, түрлі алдын алу шараларының ұйымдастырылып жатқандығын да көруге болады. Елбасы тапсырмасы бойынша отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында «Қазақстандық тауарды сатып ал!» науқандары өткізілуде. Алайда ҰКП өкілінің айтуынша, бұл іс-шаралар бәсең жүруде және әкімдіктермен арада қол қойылған отандық өнімді өткізу жөніндегі меморандумдар тиісті нәтиже бермей отыр. Бұндай жағдайда отандық ауыл шаруашылық тауар өндірушісіне қандай көмек беруге болады деген сауалға Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Аман Сүлейменов: Инвестициялық субсидия деп аталатын шара қолданылатын Германияның, мал шаруашылығы саласындағы басқа да алдыңғы қатарлы аграрлық елдердің тәжірибесін зертедік. Мысалы, кәсіпкер 600 бастық сүтті-тауарлық ферма құрады делік, және де осы мақсатта белгілі бір соманы жұмсайды. Біраз уақыттан соң фермер жобалық қуаттылыққа шығып, мемлекет кәсіпкер шығынының 20 пайызын тегін өтеп береді, өтеу сомасы кейбір жайғасымдар бойынша 80 пайызға дейін жетеді»,- дейді. ҰКП сарапшысының айтуына қарағанда, инвестициялық жобаларды ретроспективтік субсидиялау өндіріс көлемдерін ұлғайтуға, кредиттік жүктемені азайтуға көмектеседі. Отандық сүт, ет өнімдерінің сауда нарығында бәсекеге қабілетісіздігін, көрші Ресейден арзан өнімдердің көптеп келіп, ел базарларын жаппай жаулап алғандығымен түсіндіреді сарапшылар. «Қазір ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінде сын сәт туындайтын уақыт. Бүгін сүтті-тауарлы фермалар басшылары туындаған келеңсіз мәселе төңірегінде ойларын ортаға салуда. Мысалы, Қостанай облысындағы ірі сүтті-тауарлы фермалардың бірі 30 тонна сүтті, тура мағынасында, жерге төккен, оның үстіне бұл балабақшаға, мектеп­терге, басқа да мемлекеттік мекемелерге беруге болатын, барлық санитарлық нормаларға жауап беретін жоғары сапалы, тауарлық сүт еді», – деді Аман Сүлейменов. Өндіріс орын басшылары елдегі қайта өңдеу кәсіпорындары Қостанай фермасынан сатып алатын сүт өнімдерін көрші елдің құрғақ сүт өнімдерімен алмастырғаныдығын айтады. Себебі, ұнтақтан өндіретін өнім арзанға түсіп отыр. Аталмыш кәсіпорын бұрын орташа есеппен күніне 750 мыңнан бастап 1 млн. теңгеге дейін пайда көретін-ді. «Қазірде сүт сатушылар өндірісті қысқартуға мәжбүр, ал ЕАЭО-да сүтпен қамтамасыз ету деңгейінің ең төмен көрсеткішін көрсетіп отырғанымыз, жалпы салаға кері әсерін тигізуде», – дейді Аман Сүлейменов. Ал құс шаруашылығымен айналысушылар үшін өнім өткізу мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. «Жақында ғана қарағандылық құс фабрикаларының бірінде болған едік, онда қойма толығымен жұмыртқаға толтырылыпты. РФ-дан «сұрқай» импорт келеді, оның үстіне ешкім де сапасына кепіл болмайды, таңбалануы да талаптарға сәйкес келмейді», – деп кәсіпорын басшылары наразылық татытуда. Оның үстіне Ресейден әкелініп жатқан құс еттері таза болмай шықты. Олардың бәрі дерлік әртүрлі қоспалардың көмегімен ұлғайтылған жасанды өнімдер. Осындай әділетсіз бәсекелестіктің құрбаны болып отырмыз деп дабыл қаққан құс өсірушілер одағы, таяуда Астанада арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы агро-өнеркәсіптік кешені комитетінің хатшысы Рүстем Құрманов: «Көршімізден әкелінген өнімдер бейнетаспада көрсетілгендей қолдан су немесе басқа қоспалар егу арқылы ісіндірілген болып шықты. Соның арқасында тауық етінің салмағы бірнеше есе артады. Сәйкесінше өзіндік құны екі есе арзан. Еуразиялық экономикалық одақ келісімі күшіне енгеннен кейін қазақстандықтардың жаппай сатып әкеліп жатқаны да осы бағасына байланысты. Бір қарағанда екі еттің айырмасы жоқ сияқты. Пакеттің ішінде, қатырылған өнімнен байқау мүмкін емес. Әрине, мұндай жағдайда біздің отандық құс өсірушілер бәсекелестікке шыдай алмайды», – деп түсіндіреді мән-жайды. Сондықтан ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттен көрсетілетін көмекке зәру. Басқаша айтқанда, палата мүшелері бәсекеге шыдамаған құс өсірушілерді тақырға отырғызбау үшін ақша сұрап отыр. «Елімізде 50 миллион жұмыртқа шығарып отырған, 5 мың тоннаға дейін ет шығарып отырған кішкентай фабрикалар бар. Соның ішінде шығынға шыдас бермеген Семей қаласындағы фабрика жабылуға мәжбүр болды. Қарағандыдағы фаб­рика тауықтарды союдан басқа амалы қалмады. Кішкентай фабрикалар шетінен жабылып, елдегі ауқымды фаб­рикалар жартылай жұмыс істеп тұр», – деген Рүстем Құрманов дабыл қағуда. Орын алған түйіткілді мәселелерден хабары барын білдірді ме жақында Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков: «Қазақстандық сүт және май өнімдерін шығарушы компания­лардың көпшілігі тұтынушыларды алдап отыр», – деп бір шындықтың шымылдығынг түсіріп қалады. Астана қаласында өткен Америка сауда палатасының Қазақстандағы өкілдігі ұйым­дастырған Экономикалық саясат фо­­румы барысында ми­­­нис­тр азық түлік қауіпсіздігі мәселесін кө­теріп, сүт өндіруші отандық компания­лар­дың басым бөлігі табиғи өнімнің орнына, Ресейден әкелінген ұнтақты пайдаланатындығын айтты.

«Жақында Қостанай облысындағы сүт фермасы жерге 30 тоннаға жуық таза сиыр сүтін төгуге мәжбүр болды. Бұған өңірдегі сүт зауытының табиғи өнімнен бас тартып, ресейлік сүт алмастырушы ұнтақты таңдауы себеп болған. Дүкен сөрелерінің барлығында дерлік осындай жағдай. Өндірушілер тұтынушылар санасындағы «табиғи сүт» деген ұғымды толықтай өзгертіп тастаған. Тұтынушылар өнімнің жасанды екенін біле тұра, соны сатып алады», – дейді Мамытбеков мырза. Ұлттық палата өкілінің сөзіне сүйенсек, отандық өнім барлық сапа стандарттарына сай болғанымен, әлі күнге сауда нарығында өз деңгейін қалыптастыра алмай отыр. Қолда бар мәліметтерге қарасақ, қазір біз тұтынып отырған тағамның 60-70 пайызы сырттан келеді. Ал 15-18 пайызын импорт құрайтын кез келген сала мемлекет ішінде құлдырай бастайтынын ескерсек, елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақ өнеркәсібі төңірегінде біраз жұмысты қолға алу керектігі байқалады. Сондықтан да шикізаттық емес саланы дамыту, оның ішінде тамақ өнеркәсібін көтеру – бүгінгі таңдағы шешім күттірмейтін өзекті мәселе. Мысалға айтар болсақ, Қазақстан – агросекторлы ел дегенмен, елімізге сүт өнімдерінің 40 пайызы сырттан – Қытайдан, Ресейден және Қырғыз Республикасынан тасымал­да­нады. Сондай-ақ соңғы кездері ет пен ет өнімдерінің де бағасы жоғарылап бара жатқанына күнделікті куә болып жүрміз. Бүгінде ет өнімдерінің 29 пайызы және көкөніс өнімдерінің 43 пайызы шетелдерден жеткізіледі. Үкімет басты назарды негізгі азық-түлік тауарларының бағасына аударып, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қолда бар шараларды қарастырып-ақ келеді. Әлеуметтік маңызы зор бұл мәселені түбегейлі шешудің де өз қиындықтары болып жатқаны белгілі. Бұлай дейтініміз, аталған мәселеде ішкі нарықта қалыптасқан жағдаймен қатар көрші мемлекеттердегі, әлемдегі ахуалдың да өзіндік ықпалы бар екенін ескерген жөн. Әрине, бұл жерде «үкіметтік деңгейде қолға алынып жатқан шаралардың нәтижесі қайда» деген сұрақ туындайды. Яғни еліміздің өңірлерінде көтерме сауда саласындағы баға түзу үдерісі әлсіз бақыланады, нәтижесінде азық-түлік тауарлары бағасының күрт қымбаттауына жол берілуде. Сондықтан да алдымен осы баға бақылауын бір жолға қоюдың маңызы зор екенін ескерген жөн. Таяуда Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шағын және орта бизнесті дамыту комитеті мен Сауда комитетінің бірлескен отырысында ҰКП Сауда комитетінің хатшысы Жібек Әжібаева еліміздегі сауда желілері кәсіпорын­дар­дың әзірше қазақстандық өнім сұрып­талымын толық көлемде қамтамасыз етуге дайын емес екенін айтқан болатын. «2014 жылы Қазақстанда құс етін өндіру 45,7 пайызды құраса, шай мен кофе – 34,8 пайыз, көкөністер мен жеміс-жидектер 18 пайыз болып отыр», – деді. Жібек Әжібекованың сөзіне сенсек, 2014 жылы Ресейдегі ора­ма нарығы 26 млрд. долларға бағаланған. Ал Қазақстан нарығында бар-жоғы 300 млн. долларды құрап отыр. Яғни, көрші елмен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Осы ретте, қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілетсіздігін аңғаруға болады. Оның үстіне қазақстандық өнімдерге жарнама жоқ. Тіпті, штрих-кодтар мен тиісті серти­фикаттар да толықтай берілмеген. Осындай мәселелерді жоспар мен бағ­дарлама төңірегінде ғана топтас­тырмай, алдағы уақытта іс жүзінде жүзеге асыруға тиіспіз.