Жаңалықтар

Астанада тұңғыш Аймақтық БАҚ форумы өтеді

ашық дереккөзі

Астанада тұңғыш Аймақтық БАҚ форумы өтеді

16-18 қараша аралығында еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық қайраткерлер, блогерлер бас қаламызда бас қосады. Ауқымды және маңызды басқосуда отандық медиа кеңістіктің бүгінгі ахуалы және қолбайлаулы мәселелер, БАҚ-ты дамытудың заманауи әдіс-тәсілдері кеңінен қаузалады. Қоғамдық пікірді қалыптастыратын медиа саланың өкілдері үшін мазмұнды семинарлар ұйымдастырылады. Оған баспасөз қызметтері мен БАҚ өкілдерінің өзара іс-қимылы, конвергентті журналистиканың даму басымдықтары, идеяларды ілгерілетудің жаңа жолдары, ақпаратты жеткізудің жаңа үлгілері, ораторлық шеберлік, аймақтық БАҚ өзекті мәселелері арқау болмақ. Бейнеоператорлар мен телевизия саласының инженерлері де арнайы дәрістерде пікір алмасып, біліп-түйгендерімен бөлісе алады.  Медиа қауымдастықтың жұмысын жетілдіруге бағытталған тұңғыш Форумды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент мектебі ұйымдастырады. Ұйымдастырушылар ауқымды басқосу ақпарат саласындағы мамандардың кәдесіне жарап, атқарушы билік пен БАҚ арасында байланыс көпірін нығайтуға, өзара тәжірибе алмасуға және біліктілікті арттыруға қолғабыс ететініне үміт артып отыр. Себебі кез келген қоғамның дамуында төртінші биліктің ойып алатын орны бар. БАҚ мемлекет пен халық өмірінің айнасы екендігі даусыз. Тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде елімізбен бірге отандық ақпараттық кеңістік түледі. 25 жыл ішінде қазақстандық журналистика аяғынан нық тұрып, сапалы дамудың даңғыл жолына бет алды. Отандық медиа «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналып, еліміздегі жаңашылдықтар мен жаңалықтардың жаршысына айналды. Еліміздің ақпараттық нарығы қазақстандықтардың өмірінің аса маңызды аспектілерін нысанаға алған. Бұл ұлттық болмысымызға сай тәлім-тәрбиелік бағыттағы төл өнімдерде арқау етіледі. Соңғы жылдары отандық бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандық мазмұнның үлесі артқан. Тұрақтылық пен келісімді нығайтатын, тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтін сапалы медиа өнімдер  оқырман мен көрерменнің көңіліне медеу. Ресми мәліметтерді сөйлетсек, еліміздің ақпарат айдынында тер төгетін медиа құралдарының қатары еселенген. 2014 жылы олардың саны 2211 жетсе, биыл көрсеткіш 2973 құраған. Оның 80 пайыздан  астамы мерзімді басылымдарға тиесілі. Заман талабына сай дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар интернет БАҚ таралуы қарқын алған. Еліміздегі ақпараттық агенттіктердің қатары 193-ке жеткен.   Қазақстандық ақпарат айдынында ілгерілеу бар. Бірақ қоғамның экономи­калық, саяси-әлеуметтік дамуы­, ақпарат дәуірінің жедел өзгеруі медиа нарықты одан әрі жетілдіруді талап етеді.  Бүгінде саладағы күрмеулі мәселелерді құқықтық тұрғыдан реттеу жіті назарға алынған. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы пысықталып, көпшіліктің талқысына түскен. Жаңа тетіктер ақпараттық нарықта әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, құқықтық мәдениетті арттырады деп күтілуде.