Қазақстан 2015 жылы 17,2 миллион тонна астық жинамақ

Қазақстан 2015 жылы 17,2 миллион тонна астық жинамақ

Қазақстан 2015 жылы 17,2 миллион тонна астық жинамақ
ашық дереккөзі

Осы аптада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров көктемгі егіс науқаны барысында жұмсалатын кіріс-шығыстарға тоқталып, министрліктің биылғы жылғы жоспарларымен бөлісті.

Ең алдымен жағымды жаңалықтың басын, еліміздегі дихандарды жеңілдетілген жанармаймен қамтамасыз ету қаңтар-наурыз айларында 51 пайызға дейін орындалып отырғандығынан бастады. «Ағымдағы жылдың көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті дизель отынының көлемі 366 мың тонна мөлшерінде айқындалды. Ақпан-наурыз айында баға тоннасына 82 мың теңге деңгейінде бекітілді. Ал операторлардың шығындарын ескергенде аймақтарда АШТӨ үшін дизель отынының орташа бағасы литріне 81 теңгені құрайды»,  ̶  деді Сапархан Кесікбайұлы. Оның айтуынша, қаңтар-наурызға 147 мың тонна дизель отынын жеткізу жоспарланған болса, бүгінде операторлар оның 75 мың тонна дизель отынына төлем жасапты. Ал жеткізушілер 65 мың тонна дизель отынын тиеп жөнелткен.

2015 жылдың басында республикада 154 мың трактор, 90 мың дәнсепкіш, 334 мың топырақ өңдеу құралы, 5 мың бүріккіш, 3,4 мың заманауи жоғары өнімді себу кешені іске жұмылдырылған. Қазіргі кезде осы техникалардың дайындығы 86-93 пайыз шамасында бағаланып отыр. Жалпы, республика бойынша ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы өткен жылдың деңгейімен шамалас. «20 наурызға дейінгі жағдай бойынша ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге 15,7 млрд. теңге берілді. Оның ішінде бюджеттік несие есебінен – 13,1 млрд. теңге, бюджеттен тыс көздер есебінен – 2,6 млрд. теңге. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы жүзеге асыратын бидай мен арпаны форвардты сатып алуға 8,0 млрд. теңгеден астам сомаға өтінімдер қаржыландырылды», ̶ деді С. Кесікбайұлы. Айта кетейік, ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларды одан әрі несиелендіруге 60 млрд. теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінген. Бұл былтырғы жылғы деңгейден 20 млрд. теңгеге артық. Ал қаражат қарыз түрінде екінші деңгейлі банктер мен Азық-түлік келісім-шарт және Аграрлық несие корпорацияларына жолданған көрінеді. «Бұдан басқа өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға ағымдағы жылы 78,2 млрд. теңге бағытталады. Оның ішінде 34,7 млрд. теңге – басымды дақылдар өндірісін субсидиялауға, 27 млрд. теңге – минералды тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын арзандатуға, ал 6 млрд. теңге – ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша өтемақы мөлшерлемесін арзандатуға және 3,4 млрд. – көкөніс-жеміс дақылдарын және жүзімді отырғызу мен оны өсіруге жұмсалатын болады», ̶ деді вице-министр. Сапархан Кесікбайұлы келтірген тағы бір мәліметке сүйенсек, көктемгі егіс алқабы 18,5 млн. гектарды құрағанымен, дәнді дақылдар 15,2 млн. гектарға егіледі. Ал бидай 12,2 млн. гектарға себілмек.

Сондай-ақ, ол өз мәлімдемесінде еліміздегі өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бойынша жұмыстарды күшейту мақсатында министрлік тарапынан бірқатар шаралар қабылданғандығын да тілге тиек етті. «Атап айтқанда, бидай өндірісін субсидиялау нормалары қысқартылғанымен, қосымша бөлінген қаражат есебінен өзге басым дақылдарға көтеріңкі субсидия нормативтері белгіленді. Биыл бидай алқаптары 235 мың гектарға (2%), күріш – 8,5 мың га (9%) қысқартылуы күтілуде. Соның есебінен дәнді-жемдік, бұршақты және жарма дақылдарының алқабы 104 мың га (4%) ұлғаятын болады. Майлы дақылдарды 2,2 млн. гектар жем-шөп дақылдарын өткен жылғы деңгейден 349 мың гектар ұлғайта отырып, 3,7 млн. гектар жуық алқапта орналастыру көзделуде», – деді С. Кесікбайұлы. Бұл ретте көктемгі теккен тердің өтеуі қаншалықты орындалады деген сұраққа аталмыш министрлік өкілдері кідірместеп жауап беріп, болжамдарын әзірлей келіпті. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрi Сапархан Омаровтың сөзіне сенсек, 2015 жылы Қазақстанда жиналатын астықтың жалпы көлемi өткен жыл көрсеткiшiнен, яғни 17,2 млн. тоннадан кем болмайды деп жоспарлануда. «Жалпы өнiм алуға қатысты болжамға тоқталатын болсақ, өткен жылы жалпы жиналған астық көлемi 17,2 млн. тоннаны құрады. Осы жылы да бiз орылатын астықтың жалпы көлемi өткен жыл көрсеткiшiнен кем болмайды деп жоспарлап отырмыз. 2014-2015 жылдарға арналған Қазақстанның экспорттық әлеуетi 7 млн. тонна деңгейiнде болады деп жоспарланып отыр. Бүгiнгi күнге дейiн 4,7 млн. тонна астық жөнелтiлдi», ̶ дедi С.Омаров. Қазақстан өткен жылғы егіннен 4,7 млн. тонна астық экспорттағандығы анықталған болатын. Бұл тақырып төңірегінде мәлімдеме жасаған вице-министр: «Нақты айтқанда, Орта Азия елдерi, Әзiрбайжан, Ауғанстан, Иранға 2,1 млн. тонна, Ресейге 119 мың тонна, Қытайға 55 мың тонна, ЕО елдерiне 61 мың тонна, Таяу Шығыс мемлекеттерiне 17,9 мың тонна астық жiберiлдi. Сонымен қатар, аталған мерзiм iшiнде 1,1 млн. тонна ұн экспортталды. Орта Азия елдерiне 685 мың тонна, Ауғанстанға 85 мың тонна жөнелтiлдi. Статистикалық мәлiметтерге сәйкес, Ресейден импортталған астық 58 мың тоннаны құрап отыр. Бұл – өткен жылдарға қарағанда 24 мың тоннаға артық», – деді.