Ертеңнен бастап картоп экспорттай алмаймыз

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев күзгі жиын-терім көп мемлекет үшін сәтсіз болғанын айтып, картоп экспортын шектеу туралы шешім қабылданғанын жеткізді, деп хабарлады turkystan.kz.

Ведомствоаралық комиссия шектеуді көктемге дейін ішкі нарықты толық қамтып, өнім құнын арттырмау мақсатында қабылдаған.

 «Көрші елдерді қарасақ, мысалы, Қырғызстандағы картоптың көп бөлігі экспортталған. Өзбекстан  да сыртқы нарыққа тәуелді. Ал Ресейде биыл 8,3 процентке аз картоп алынған. Яғни, қазақстандық өнімді түгел сатып алуы мүмкін деген сөз. Осы жағдайларды ескере отырып, ведомствоаралық комиссия экспортты шектеу туралы шешім қабылдады», – деді Қарашөкеев.

Көрші елге картоптың 80 мың тоннасы керек. Министрдің айтуынша, оның бәрін біз экспорттайтын болсақ, көктемгі жағдай бір айда қайталанады екен. Себебі елде алқап кеңейтілгенмен, қамба былтырғыдан 100 мың тоннаға аз толыққан. 3 млн 900 мың тонна картоп жиналған.

Қазір қордағы өнім мен ішкі сұраныс қайта сараланып жатыр. Артылған картоп сыртқа шығарылуы мүмкін.

Еліміз жыл сайын 40-50 мың тонна өнімді импорттайды. Енді құзырлы мамандар өндірушілерге ішкі нарыққа көңіл бөлуге кеңес береді.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button