Мас директор мектеп оқушысын көлікпен қағып кетті

Мас директор мектеп оқушысын көлікпен қағып кетті

Мас директор мектеп оқушысын көлікпен қағып кетті
ашық дереккөзі
Оқиға 20 желтоқсан күні сағат 18:40 шамасында Қостанай облысы Жангелді ауданында болған, деп хабарлады turkystan.kz аймақтық «НГ» басылымына сілтеме жасап. Мәуленов пен Құлжанов көшелерінің қиылысында Volkswagen Polo көлігін басқарған 62 жастағы жүргізуші 14 жастағы жергілікті тұрғынды қағып кеткен. Кейін рөлде жергілікті Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің директоры болғаны анықталды.
«Тексеру қорытындысы бойынша жүргізушінің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар зардап шеккен қыздың Жангелді аудандық ауруханасына жеткізілгенін айтты.
«Оның оң жақ бөксе аймағының жұмсақ тіндеріне зақым келген. Бойжеткен үрейленіп қалған. Тексерістен кейін зардап шеккен қыз үйіне жіберілді», - деп жазылған хабарламада.
Қостанай облысының Білім басқармасы құқық қорғау органдары талап етсе, Жангелді ауданының Білім басқармасы Еңбек кодексінің бабына сәйкес, директорды сот шешімі бойынша жұмыстан шеттететінін мәлімдеді.
«Қазір мектеп директоры сырқатына байланысты демалыс алды. Сондықтан біздің заңды түрде ешқандай шара қолдануға құқығымыз жоқ. Ол жұмысқа шыққан соң бұл мәселені Білім басқармасы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте қарайды», - деп түсіндірді Білім басқармасының баспасөз қызметі.