Егемендіктің ерекше тарихы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты терең және ауқымды мақаласында Қазақстан тәуелсіздігінің құндылығын айшықтап, тарихи маңызды кезеңдерді қамтып, бірлігі жарасқан халқымыздың егемендікті нығайтудағы басты-басты белестеріне ерекше тоқталып өтті.

Бүгінгідей ізгілік пен келісім салтанат құрған сәтке халқымыздың оңай жетпегеніне, қандай ауыртпалықтар мен зұлмат сындардан өткенін, со­ның бәрінен мойымай, қайратын көрсеткен хал­қымыздың табандылығын да еске салды. Кеңес Ода­ғының аясындағы саяси және экономикалық кем­шілік тұстар айқын айтылды.
Халқымызға орасан зор зиян келтірген Семей ядролық полигоны жабылып, әлемде қуаты бойынша төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, жаһандық бейбітшілік пен адамгершілік ізгілікті нығайтуға Қазақстан шексіз үлес қосты. Осылайша, еліміз берекелі өмірге қадам басты, болашақ ұрпақ үшін риясыз келешектің берік негізі қаланды.
Мемлекетіміздің жүйелі әрі кешенді дамуы үшін ұзақмерзімді «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» стратегиялары қабылданып, іске асырылды және қазір орындалып келеді. Қазақстан әлемнің озық тәжірибесін сараптап, елінің болмысын, географиялық және геосаяси ерекшеліктерін, қалыптасқан экономикалық шаруашылықтың артықшылықтары мен кемшіліктерін ескеріп, дамудың өзіндік бірегей моделін қалыптастырды. Осы ойластырылған іс-әрекеттер нәтижесінде бүгінгі тұрақты даму жолында келеміз.
Елбасының саяси кемеңгерлігінің арқасында Қазақстан мемлекеті халықаралық қарым-қатынастарда бейбітшілік, өзара татулық, саяси әріптес ретінде кемелді мақсатымен көптеген тың идеяның бастамашысы болып, өңірлік саяси және экономикалық ынтымақтастықтың өзегіне айналды.
Ұлан-байтақ Қазақстанның барлық өңірлерінің және экономика секторларының, халықтың әлеуметтік қамтылуын күшейту үшін мемлекет басшылығы жан-жақты дамуға күш салып, кешенді және нақты бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, іске асырды. Мыңжылдықтар тоғысында еліміздің жаңа елордасы бой көтере бастады. Қазір астанамыз халқымыздың қуанышына айналып, шетелдіктерді өзінің әсемдігімен баурап келеді.
Мақалада тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер кеңінен қамтылған. Олардың қа­тарында ел экономикасының индустриялан­дырылуын атап айтуға болады. Бәрімізге белгілі озық ел болып даму үшін, бізге отандық өндірісімізді, инновациялық шешімдерді, жаңа және цифрлық технологияларды енгізіп, бәсекеге қабілетті жаңа өнімдер шығаруымыз қажет. Еліміздің аймақтарын бір-бірімен байланыстыру және әлемдік нарыққа, Еуропа мен Азия елдеріне, мұхит тасымалына қол жеткізу үшін республикалық жолдар, мемлекеттерді жалғайтын континенталды магистралдар мен теміржолдар салынды.
Елбасының жастарға берер өнегесі де мол болды. Қазақстандық жас буынның білімге құштарлық танытып, аянбай адал еңбек етіп, өзінің өрлеуін қамтамасыз етіп, сол арқылы туған өлкесінің және жалпы еліміздің ілгерілеуіне негіз болуы үшін барлық жағдай жасалды. Елімізде заман талабына сай мектептер салынды, озық білім беруге арналған, жан-жақты зерттеу құрылғыларымен қамтамасыз етілген салалық арнайы және жоғары білім ордалары бой көтерді.
Тәуелсіздік жылдарындағы салиқалы саясаттың, ауызбірлігі жарасқан халқымыздың ықылас-ниетінің және ортақ мақсат «Мәңгілік ел» – тәуелсіз Қа­зақстанның келешегі үшін бірлескен еңбектің нәтижесін бүгінгі ұрпақ көріп, ертеңіне сеніммен қарап, асқақ армандарын жүзеге асыруға зор мүмкін­діктер қалыптастырды.
Елбасының жүректен шыққан сөзін айтып, ел тарихын танытуы негіз болған туындысы «Тәуелсіздік тағылымы» – кешегі өткен заманымыздан ой түйіндейтін, бүгінгі күнімізді саралайтын және ертеңгі келешегімізге бағдар түзетін маңызы аса зор деп білеміз.

Бекқали Торғаев,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Nur Otan» фракциясының мүшесі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button