«Саран» шахтасында төрт кенші көз жұмды
«Саран» шахтасында төрт кенші көз жұмды
Қарағандыда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне қарасты «Саран» шахтасында төтенше оқиға орын алды. Апат салдарынан кәсіпорынның төрт бірдей жұмысшысы қаза болып, бесеуі түрлі жарақаттармен ауруханаға түсті.
Алдыңгүні қаза болған кеншілер Мұрат Нұрмағамбетов, Мейрам Жанысбаев, Эдуард Лесников және Михаил Патиннің мүрделері жер қойнына берілді. Марқұмдардың бәрінің де артында бала-шағалары қалды.
Алдын-ала белгілі болған деректерге сәйкес, шахтадағы кезекті ауысымды жер бетіне шығарып келе жатқан тіркеме арбашаның темір арқаны үзіліп кетіп, жұмысшылар 200 метр биіктіктен төмен қарай құлаған.
Қазіргі таңда осы төтенше оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бап, 4-тармақшасы – «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Қайғылы оқиғаның ізін ала Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қаза болған кеншілердің қаралы отбасыларына барып, көңіл айтты.
«Сіздердің қайғыларыңызға ортақтасатын сөзді табудың өзі ауыр. Бұл орны толмас қаза, айтып-жеткізгісіз қайғы. Марқұмдар туралы жарқын естеліктер әрқашанда ажалдан жоғары тұрмақ. Сіздермен әрқашанда біргеміз және шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз», деді өңір басшысы.
«Саран» шахтасындағы қайғылы оқиғаның себеп-салдарын анықтау бойынша жүргізіліп жатқан тексеру жұмыстары еліміздің Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың тікелей бақылауына алынды.