Қоғамдық көлік қолжетімді ме?

Қоғамдық көлік қолжетімді ме?

Қоғамдық көлік қолжетімді ме?
ашық дереккөзі

Жақында ranking.kz мони­торинг агенттігі ел азамат­тары қоғамдық көлікпен қа­­ты­науды азайтқаны туралы дерек жа­рия­лады. Агенттік мәліметінше, биыл­­ғы қаңтар-қазан айларында жо­лау­шы­­лар тасымалы 24,9 пайызға қыс­қар­ған.

Қазір қоғамдық көлік мәселесі қоғамдық проблемаға айналып отыр. Әсіресе, қала ішіндегі ав­тобустарға қатысты халықтың айтар уәжі көп. Қа­ла­лардағы көптеген автобус паркі жаңарғаны­мен, ескі түйткілдердің түйіні тарқатылмай қал­­­ғандай. Көліктердің жағдайы көңіл көншітпейді 2020 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйен­сек, елімізде 12 мыңнан астам автобустың то­­зығы жеткен, ал олардың жартысына жуығы на­­шар күйде. Қоғамдық көлік сапасына қатысты көрсет­кіш­тердің көңіл көншітпейтіндері Батыс Қазақ­стан, Түркістан және Қызылорда облыс­тарын­да бай­қалған. Алматы қаласы мен Алматы облы­сында да жағдай оң емес. Ал автопарктерді белсенді түрде жаңартып отыратын қалалардың қатарына Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақмола облысы кірген. Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстары да қалыс қалмапты. Дегенмен жаңа автобустардан да ақау шы­ғып жатыр. Мәселен, елордада қоғамдық көліктердің өртенгеніне бірнеше рет куә бодық. Алматыда да осы жағдай қайталанды. Жалпы, қоғамдық көлік қызметіне халық та наразы. Қоғамдық көліктің келу ин­тервалы өте ұзақ, аязда сағаттап автобус күту үл­кен машақат болып тұр. Әсіресе, халық жұмыс­қа баратын, қайтатын уақытта болатын кептеліс кезінде нағыз әуре-сарсаң басталады. Жұмыстан шаршап шыққан ел нөпір халықтың арасында одан әрі титықтайды. Оған қоса, елімізде автобус жүргізушілері тапшы. Бұл туралы биыл қарашада «Қа­зақ­стан автомобиль конвенті» қауымдастығының президенті Марат Беркалиев мәлімдеген болатын. Қауымдастық президентінің пікірінше, бүгінде жүргізушілердің орташа жасы 50-55-те екен. Ол мамандардың қартайып бара жат­қанын, олардың орнына ешкім келмей жатқанын атап өтті. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сы­ның дерегінше, бүгінде отандық автобус парк­теріне шамамен 3 500 жүргізуші керек. – Биыл қыркүйекте бұл мәселеге қатысты тал­дау жүргіздік. Оның қорытындысы бойынша елде шамамен 3 500 автобус жүргізуші жетіс­пей­тінін анықтадық. Мысалы, елордада жүргізушілер таңғы 4-те автобус паркінде болуы керек. Олар күні бойы жұмыс істеп, түнгі 11-де автобус пар­кіне келеді. Жұмыстары өте ауыр, ал оларды алмастыратын маман тапшы. Біз бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтердік, – деді Мұрат Әмір. Марат Беркалиев қалаларда жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктер тоз­ғанын да айтқан болатын. Жекеменшік автобус парктері оларды өз күшімен ауыстыра алмайды. Себебі жаңа автобус қымбат, ал банктегі кредиттің пайыздық мөлшерлемесі жоғары, әрі субсидияны алу да қиын. Ал мамыр айында 2025 жылға дейін жолаушы­лар тасымалымен айналысатын барлық автобус паркі жекешелендірілетіні хабарланған еді. Бұл тура­лы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлімдеді. Дегенмен жекенің қолына өткен автобус парк­­терінің де төңірегінде дау көп. Мә­се­лен, ұзақ уақыт бойы еңбекақысын ала алмаған Семейдегі SemeyBus автобус паркінің жүргізу­ші­лері талай рет наразылық білдіріп, жұмысқа шығудан бас тартқан болатын. Кіріс өскен Жолаушылар тасымалы бойынша көрсет­кіштер төмендегенімен, көлік компа­ния­ларының кірісінде өсім байқалады. Биылғы қаңтар-қазан айларында автомобиль және қала­лық электр көлігі кәсіпорындарының табысы 247 миллиард теңгеге жеткен, бұл өткен жылмен салыстыр- ғанда 24,1 пайызға өсіпті. Оның ішінде автобус тасымалынан түскен табыс – 66,3 мил­лиард теңге. Ал пандемия кезінде еліміздегі автобус парк­тері табысының үштен бірін жоғалтқанын еске сала кетейік. Жолақыға қатысты өзгеріс қатты байқал­май­ды. Биыл қазан айында автобустағы жол жүру құны Жамбыл облысында бірден 30,8 пайызға өсті. Ал еліміздің басқа өңірлерінде бұл қыз­мет түрінің бағасы өткен жылғы бағада қалды. Бірақ өткен айда Алматы әкімдігі 80 тең­гелік қолданыстағы тариф төмен деген пікір білдірді. Алматыда қалалық қоғамдық кө­лік­терде жол жүру құны жаңа жылда өсуі мүмкін екенін қала әкімінің орынбасары Серік Құсайы­нов мәлімдеді. Әкім орынбасары субсидияларға қыруар қаражат төленетінін алға тартты. «Тарифті көтеру қажет. Келесі жылы көктемде бұл мәселеге көшеміз», – деді әкім орынбасары. Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист:
Тарифті өсіру үшін белгілі бір негіз, факт керек – Жолаушылар тасымалындағы тарифтердің өсуіне қатысты пікір айтар бол­сам, әрбір қоғамдық, халыққа қызмет көрсету қызметінің барлығында да тарифті өсіру үшін белгілі бір негіз, факт керек. Олардың шығындары жа­был­май жатыр ма, қоғамдық көлік қызметіндегілерге мемлекет тара­пынан субсидия берілмей жатыр ма, жеке тасымалмен айна­лысатындарға суб­сидия берілмесе, онда келісуге болады. Жанар-жа­ғар­май бар, қызмет­кер­лердің жалақысы бар, құрал-сайман бар дегендей, яғни шығын көп. Яғни, кететін шығындар мен табысты есептеп, ашық көрсетіп, табыстан гөрі шығын көп екенін дәлелдесе, олар соны негізге ала алады. Ал бізде қосымша табыс табу үшін немесе халықтың есебінен шығын­дарының орнын жабу үшін осындай тәсілді пайдалануға үйреніп алған монополистер бары жасырын емес. Ал неге олар тиімді жүйе енгізбейді? Мәселен, электромобильдердің шығындары қазіргілерге қара­ғанда аз. Шығындарды жабудың басқа да жолдарын қарастыруды жолға қою керек. Мемлекет те халықтың пайдасына шешілетіндей мүмкіндіктерге баса мән бергені абзал. Мысалы, тарифті көтеру мемлекетке тиімді болып тұр, ал қазіргідей баға шарықтап тұрған тұста қарапайым халыққа бұл – жығылғанға жұдырық. Сондықтан қоғамдық көліктердегі жолақысын көтеру мәселесі бірінші қоғамдық талқыға түсуі керек, содан соң белгілі бір негіз болса ғана жүзеге асырылуы керек деп есептеймін.

Бүгінде елімізде автобустар мен электр автобустарын шығаратын бірнеше зауыт жұмыс істейді. Бірақ олар ішкі нарықты қамтуға қауқарсыз болып тұр. Автобустардың саны көбейіп, сапасы жақ­сарса, ол да халық үшін игі өзгеріс болары анық.

Д. Жанатқызы