Тұранның туыс екі елі

Тұранның туыс екі елі

Тұранның туыс екі елі
ашық дереккөзі

Орталық Азия әлем тарихында орны бар аймақ болса, мұнда Қазақстан мен Өз­бек­станның маңызы үлкен. Сондықтан халқының саны мен жер көлемі жағынан да, экономикалық бағыты жағынан бұл екі мемлекеттің өзіндік жолымен дамуы кейінгі 30 жыл көлемінде күллі әлемнің назарында тұр деуге болады.

Қазақ-өзбек халық­тары­ның тарихи тамырластық пен өмір сүру жағдайының жақындығы олардың арасындағы қарым-қа­тынасқа әрдайым жақсы жағынан әсер етіп келеді. Сондықтан осы жылдың желтоқсанында екінші мерзімге сайланған Өзбекстан президенті сырт елге ең алғашқы сапарын Қазақстаннан бастап екі ел арасындағы барлық саладағы байланысты одан әрі күшейте түсу мақсатында еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда Қазақстан және Өзбекстан президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөз жүргізді. Мызғымас достық пен тату көр­ші­лік­­ке не­­­гіз­делген Қазақстан мен Өз­­­­бекстан ара­сындағы көпжақты бай­ла­ныс­­­тардың қарқынды дамып келе жат­қа­нын атап өткен Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сауда-эконо­ми­ка­лық ынты­мақтастықты дамытуда теңдессіз іл­герілеу бар. Биыл­ғы 10 айдың қоры­тын­ды­сы бойын­ша екіжақты сауда айналымы 30 пайызға артып, 3 миллиард доллардан асты. Біз жуық арада сауда айналымының көлемін 5 миллиард долларға, ал одан кейін 10 миллиард дол­ларға дейін жет­кізу мін­де­тін қойдық. Пікір алмасу нә­ти­жесінде бұл қол жеткізуге болатын мақсат деген тұжы­рым­ға келдік. Әрине, атқарушы органдар, ең алды­мен үкіметтеріміз осы мақ­сатқа жету үшін тиісті жұ­мыстарды жүргізуге тиіс» деген болатын. Өз кезегінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев келіссөздің маз­мұнды болғанына ерекше тоқталып, қазақ-өзбек елдері арасындағы сауда айна­лымы­ның рекордтық деңгейге жеткенін, осы орайда бірлескен жобалардың өте сәтті жү­зеге асырылып отырғанына назар ау­дарып,
«Біз көпқырлы ынтымақтасты­ғы­мыздың өзекті мәселелері бойынша мүд­делеріміз бен ұстанымдарымыздың ортақ екенін тағы да дәлелдедік. Елдеріміз арасын­да орнатылған жақын әрі бауырластық бай­ланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Жаңа ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы ха­лық­тарымыздың осы сапарға ризашылық та­нытып жатқанын айтты. Шын мәнінде, ше­кара маңындағы екі елдің де тұрғындары қат­ты қуанады. Себебі біз жиі кездескен сайын өзара қатынастарымыз жақсара тү­седі. Машина жасау, энергетика, электро­тех­ника, химия, жеңіл өнеркәсіп, банктер және бас­қа да салалардағы коопера­ция бойынша сәтті шыққан жобаларымыз бар», – деді.
Екі ел басшыларының жоғары дәре­же­де өткен кездесуінде ресми деле­гация­лардың мүшелері аса маңызды құжат­тарға қол қойды. Олар: Қазақстан – Өзбекстан арасындағы Бас бос­тандығынан айыруға сотталған адам­дар­дың жазаcын одан əрі өтеу үшін беру туралы шарт; Қазақстан Үкіметі мен Өзбек­стан Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық бойынша келісім; Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкі­меті арасындағы Ғарыш кеңісті­гін бейбіт мақ­саттарда зерттеу және пайда­лану сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіме­ті арасындағы қазақ-өзбек ке­ден­­дік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойын­ша энергия ресурс­тарын өткізу кезіндегі бірлескен ке­ден­дік бақылау туралы келісім; Қазақстанның Сыртқы істер ми­нистр­лігі мен Өзбекстанның Сырт­қы істер ми­нистрлігі арасындағы 2022-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық бағ­дарламасы; «Орталық Азия» Халықаралық өнер­кәсіп кооперациясы орталығын құру тура­лы тұ­жырым­дама; «Орталық Азия» Халықаралық өнеркә­сіп кооперациясы орталығын құру туралы бір­лескен жоспар; Түркістан-Шымкент-Ташкент жо­ғары жыл­дамдықтағы магистрал­ды құры­лыс жобаларын іске асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары; Қазақстанның Сауда және ин­тег­рация министрлігі мен Өзбекстанның Ин­вестициялар және сыртқы сауда ми­нистрлігі арасындағы өзара түсіністік тура­лы ме­морандум; 2021-2025 жылдарға арналған Қы­зылорда-Үш­құдық автокөлік және теміржол жол­дары­ның құрылысы жобасын іске асыру жө­нін­дегі бірлескен іс-қимылдар жос­пары; Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Өзбекстанның Энергетика министрлігі ара­сындағы энергетика саласы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстанның Әділет министрлігі мен Өзбекстанның Әділет ми­нистр­лігі ара­сын­дағы сот-сараптама қызметі саласы бойын­­ша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсі­­ністік туралы меморандум; Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өзбек­станның Жұмыспен қамту және еңбек қатынас­тары министрлігі арасындағы әлеуметтік-еңбек са­ласы бойынша ынтымақтастық ниет туралы меморандум; Өзбекстанға тікелей жеке шетелдік ин­вес­тицияларды тартудың негізгі шарт­­тары туралы келісім; Жобаларды бірлесіп іске асыру мәсе­ле­лері бойынша ынтымақтас­тық­тың негізгі шарттары туралы ме­моран­дум. Бұл келісімдердің барлығы да екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақ­сы жолға қоюға ғана емес, екі көрші елдің алдағы кездегі дамуына зор пайдасын тигі­зетін, түрлі саладағы әріптестікті күшейте отырып, қазақ-өзбек елдерінің барлық салада ілгерілеушілікке жеткізетін құжаттар болып саналады. Қазақ-өзбек әріптестігі екі ел үшін бұрын­нан маңызды. Сондықтан бұл мем­лекеттер арасында түрлі келісім жасалғаны белгілі. Мә­се­лен, осыдан төрт жарым жыл­дай бұрын елор­дада өткен қазақ-өзбек биз­нес фору­мының аясында құны 840 млн доллар болатын 92 келісімшартқа қол қойылды. 2018 жылы Қазақстан мен Өзбекстан ара­сындағы сауданың жалпы көлемі 2 миллиард АҚШ долларына жетсе, 2019 жыл­дың алғашқы жартысында екі ел ара­сындағы сауда айна­лы­мы барлық салада 40 пайыздан асып, 1 мил­лиард 600 миллион доллардан асқан еді. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан об­лысының (қазіргі Түркістан об­лысы) әкімдігімен сауда-экономикалық және мәдени гуманитаралық салалардағы ықпалдастықты арттыру бағытында Таш­кент, Сырдария, Жызақ облыстары басшы­лармен әріптестік меморандумға қол қойыл­ған еді. Ал 2018 жылы Елбасының Өз­бекстанға жасаған са­пары аясында қа­зақ-өзбек бизнес форумы ұйым­­дастырылып, оған екі елдің 300-ден ас­там кәсіпкер қа­тысқан болатын. Сондай іс-шара­лар Шым­кентте де өтіп, онда Ташкент қа­ла­­сы тауа­рөн­дірушілерінің көрмесі ұйым­дас­­тыры­лып, 2018 жылы сауда байланысы 11,7 пайызға артып, 622,6 млн АҚШ долларына жеткен еді. Салыстырмалы түрде алсақ, Қазақ­стан­ның Өзбекстанмен экономика­лық тарап­тағы қарым-қатынасы оның өзге елдер­мен арадағы сауда-экономикалық қатына­сы­нан анағұрлым жоғары. Мәселен, 2020 жылы Түр­кия мен Қазақстанның сауда айналымы 3 млрд доллар шамасында болса, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы сол жыл­дың 10 айының өзінде 30 пайызға өсіп, 3,2 миллиард доллардан асқан. Өзбек тарапы Қазақстанмен мүдделес­тік­ті бұдан әрі де күшейте түсуге ын­талы. Мәселен, биыл елімізге іссапармен кел­ген Өзбекстан президенті Шавкат Мир­зиёев ол жөнінде ойларын былай білдірді: «Біз­дің елдеріміздің әлеуеті өнімдерді өзара жет­кізудің номенклатурасы мен көлемін ай­тарлықтай кеңейту үшін жеткілікті сұранысқа ие. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері тауар айналымы 40 пайызға дерлік артып, жыл соңына дейін 4 миллиард долларға жетеді деп күтілуде, бұл – біздің сауда қарым-қатынастарымыз үшін ре­кордтық көрсеткіш. Бірақ бұл шекті меже емес. Экономикалардың әлеуеті бізге болашақта 10 миллиардтық мақ­сатты батыл қоюға мүмкіндік береді. Өнер­кәсіп­тік кооперация саласындағы жобалар сәт­ті жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қос­та­найда Қазақстандағы сатылым бойынша же­текші орындарға көтерілген автомо­би­льдер, сондай-ақ автобустар мен ауыл­шаруа­шы­лық машиналарын бірлесіп шығару жолға қойылған. Түркістан мен Шым­кентте зама­науи тоқыма кәсіпорын­дары іске қосылып, тұрмыстық техникалар шығарылуда. Ал мұн­дай мысалдар өте көп. Бүгінде Өзбекстанда қа­зақстандық капи­талдың қатысуымен эко­номика мен әлеу­меттік саланың барлық дер­лік бағытын қамтитын 1 000-нан астам кәсіп­орын жұ­мыс істейді». Өзбек елі басшысының сөзіне қарасақ, ол елде мыңнан аса қазақ­стан­дық кәсіпорынның жұмыс істеуі екі тарап үшін тиімді болып отырған әріптестік. Екі жылдан бері қазақстандық «Теңге банкі» өзбек елінің барлық өңір­лерін­дегі өз бөлімшелерін ашып, желісін кеңейтіп, сол елдегі химия, фармацевтика өнімдерін өндіру, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығы кластерлерін құру, автомобиль өндірісі секілді салаларға қатысты жобаларға қатысуда. Сондай-ақ Үшқұдық – Қызылорда те­мір­жолын салу, сондай-ақ Түркістан – Таш­кент бағытын­дағы жоғары жылдамдықты қатынасты іске қосу сияқты маңызды жобалар жүргізілу үстінде. Бүгінде 620 мыңнан астам өзбек этно­с өкілі Қазақстан азаматы. Деген­мен елімізде өзбек диаспорасына ана тілін­де білім алуы­на, ұлттық салт-дәстүрді сақ­тауына мүм­кін­дік жасалып отыр. Бұл мә­селеде өзбек тара­пын алсақ, ол елдегі этникалық қазақ са­ны 800 мыңнан асады. Қазақ тілі 400-ге жуық орта мектепте, Сырдария, Жызақ, Нөкіс және Науаи педаго­гикалық институттарының кафедра­ларын­да оқытылып келеді. Сонымен бірге Өзбек­стандағы қазақ тілінде шығатын рес­пуб­ликалық «Нұрлы жол» газеті шығады жә­не одан басқа да, қазақ тілінде телерадио ха­­барлары беріліп тұрады. Саяси-рухани тұрғыдан алсақ, 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы бел­гіленсе, 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақ­стан жылы өткізілді. Биыл Өзбекстан толыққанды мүше ре­тінде Түркі кеңесіне қосылды және осы жылдың 12 қарашасында Ыстан­бұлда өткен сегізінші саммитте ол Түркі кеңесінің Түркі мем­лекеттері ұйымы­на айналуын қолдады. Соңғы халық санағының нәтижесінде Қа­зақстан халқының саны 19 милион­нан асса, Өзбекстан халқының саны 35 ми­лион­­нан асқаны белгілі болды. Наным-сенім мәселесін алсақ, Өзбек­стан азаматтарының басым көп­шілігі, яғни ондағы халықтың 88 пай­ызы сүннит мұ­сылмандары, 9 пайызы – православие хрис­тиан­дары, одан кейінгі орында будда мен яһу­ди сеніміндегілер. Өзбекстан батысы мен солтүстігінде Қа­зақстанмен, солтүстігінде Арал теңі­зі­мен, оңтүстігінде және шығысында Тә­жік­стан мен Қырғыз Республикасымен, оң­түс­тігінде Түрікменстан мен Ауғанс­тан­мен шек­теседі. Жер көлемі – 447,400 шаршы шақы­рым­ды құрайды. Өзбек елі экономикасы негізінен ши­кізат экспортына негізделген және Өз­бекстан мақта өндіретін ірі мемлекет сана­лады. Және ол сыртқа алтын, уран және та­биғи газдың үлкен көлемін экспорттайды. Елдегі жұмыс күшінінің 44 пайыздан астамы ауыл шаруашылығында жұмыс істесе, 30 пайызы өнеркәсіпте, 36 пайызы қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Өзбекстанда Орталық Азияның ең үлкен өзен­дері Амудария және Сырдария бар. Деген­мен ел аумағының 40 пайызын өмір сүруге қиын Қызылқұм шөлі алып жатыр, ал өзен аңғар­ларындағы жерлердің 10 пайызы – егіс­тік жерлер. Соған қарамастан еңбекқор өзбек хал­қы бау-бақша өнімдерін көп өндіріп, өзге ел­дерге сатып отыр.