Белгілі әскери журналист Назгүл Кенжетай Хакасияда қамауда отыр

Белгілі әскери журналист Назгүл Кенжетай Хакасияда қамауда отыр

Белгілі әскери журналист Назгүл Кенжетай Хакасияда қамауда отыр
ашық дереккөзі
Халықаралық әскери корреспондент әрі түркілік «GZT» басылымының редакторы Назгүл Кенжетай Хакасия Республикасында қамауға алынған, деп жазды turkystan.kz. Ресейдің экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті халықтардың өмірі туралы видео түсіріп жүрген Назгүл мен оның серігі Эмин Карачакқа 17 желтоқсанда елге кіру ережесін бірнеше рет бұзды деген кінә таққан. Журналистердің заттары тәркіленіп, олар түсірген барлық материалдар жойылған. Ал екеуі Абакандағы уақытша ұстау пунктіне жеткізілген. Ал, Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, блогерлер – Назгүл мен оның түркиялық досы Ресей шекара заңын бұзып кіріп, арнайы түріктік БАҚ үшін видео түсірген. Яғни, олар аккредитациясыз жұмыс істеген. Блогерлерге 5 мың рубль көлемінде айыппұл салынды. Бұған дейін Назгүл Кенжетай мен оның серігі Якутияда да дәл осы бап бойынша айыппұл төлеген екен.
«Біз ешқандай әскери қызметте жүрген тілшілер емеспіз. Бар болғаны, Хакасияда байырғы халықтардың мәдениетін көрсету мақсатында бейнеролик түсірдік. Біз видеоблогерлерміз. Бұған дейін Якутияда, Бурятияда, Тофаларияда, Алтайда, Хакасияда болдық. Пейзажды түсіруге рұқсат алмағанымыз үшін бұлар біздің телефондарымызды алып қойып, адвокатпен байланысуға мүмкіндік бермеді. Бізді заңсыз ұстап отыр. Қамаудың алғашқы күндері су, тамақ бермей аш отырдық. Қазір де жарылқап жатқандары шамалы», – дейді жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында Назгүл Кенжетай.
Қазіргі уақытта журналистер депортациялау рәсіміне дайындалуда. Назгүл Кенжетайдың айтуынша, ол Красноярск арқылы Қазақстанға, ал әріптесі Түркияға жіберілмек. Алайда, Кенжетай мен Карачак Ресей билігі оларды қамауда ұстау мерзімін ұзарту үшін шығару процесін барынша кешіктіріп жатқанына сенімді. Айта кетсек, қызылордалық Назгүл Кенжетай «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. 23 жастағы отандасымыз еуропадағы жергілікті агенттіктер үшін түркиялық корреспондент ретінде штаттан тыс журналист болып жұмыс істейді.