Астанада электр энергетикасының даму келешігі талқыланды

Таяуда ҚР Энергетика министрлігі және Электр энергиясы ассоциациясының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан электр энергетикасы – жағдайы мен тұрақты даму перспективасы» энергетикалық форумында осы саланың даму қарқыны талқыланды.

Аталмыш шараға ҚР Парламенті, «Нұр Отан» ХДП, мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының , халықаралық және үкіметтік емес ұйым, энергетикалық компаниялар өкілдері қатысты. Электр энергетикасы саласының жағдайы мен даму болашағы туралы ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, құрал-жабдықтардың тозығы жеткен, сонымен қатар отын энергетикалық жүйені модернизациялау қажеттілігі туындап отыр. Форумда қайта келтірілетін энергия көздері мен оларды қолданысқа енгізу, бөлшек саудаға жеке кәсіпкерлерді араластыру, жылумен қамту саласындағы заңдылықтар мен мәселелері, көмір генерациясы мен парник газдарын реттеу, электр энрегиясының  рөлі мен даму стратегиясы талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – Қазақстан электр станцияларын көмірден газға ауыстыру мәселесі қаралды. Себебі жақында Қазақстан Париж климаттық келісіміне қол қойды, оған сәйкес CO2 қалдықтарын азайту міндеттемелерін мойнына алды. Жалпы атмосфераға стационарлы ошақтардан түсетін зиянды заттардың 45 пайызы электр энергетикасын өндіретін нысандардың  үлесінде, олардың үштен бірі күл. ТЭЦ қалдықтары 70 пайызын құрайды, ал 73 пайызы парник газдарының жалпы эмиссиясын құрап отыр.

«Парламентте осы мәселе ылғи көтеріледі: электр станцияларын көмірден газға неге ауыстырмаймыз? Газға ауыстыру өндірілетін газ бен жылудың құнын анағұрлым арттырады. Қазақстанда шалғай ауылдық елді мекендерге газ тарту көмір жағатын электр стансаларындағы генерация көлемін азайтады, бірақ дәл қазір Қазақстанда электр стансасындағы көмір генерациясынан арзан балама жоқ. Сондықтан барлық көмір жағатын электр стансаларына айтарым, мұның экологиялық жақтарына, экологиялық таза технологияларды жасау жағына аса көңіл бөлу қажет», – деді Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев.

Қазақстан Электр энергетикасы ассоциациясының төрағасы Шаймерден Оразалиновтың айтуынша, Қазақстанда жылумен жабдықтау туралы заңның болмауы, себебі энергетиканы реттеу заңдық негізде жүзеге асуы тиіс. Қазақстанда шағын ГЭС-терді, жел энергетикасы, күн энергетикасын жергілікті елді мекендер деңгейінде дамыту керек. Мысалы, Қазақстанда 8 мың фермерлік шаруашылық пен 255 ауылға электр энергиясы тартылмаған, олар өз бетінше дизель отынын қолданып отыр сондықтан қалпына келтірілетін энергия көздерін қолдану тиімді әрі экологиялық таза шешім болмақ. Сондай-ақ бұл мақсатты жүзеге асыру үшін маман дайындау, бірлескен кәсіпорындар құру, бөлшектерін жинақтау бойынша, жел құрылғыларын орнату бойынша маман дайындау керек. Себебі қазіргі таңда бұл салада импорттық қызмет қолданылып келеді.

Қазіргі таңда елдегі ТЭЦ қызмет көрсету мерзімі 40 жылдан асқан. «Біріншіден, ТЭС жаңарту жұмыстарына оның қожайындары қызығушылық танытуы тиіс. Мұнда біреуі бұзылса айырбастап немесе басқасының орнына басқасын алмастырудың қажеті жоқ, кешенді түрде қамтылуы тиіс. Қазақстанда зауыттар салу мүмкін емес, Ресеймен бірлесе жұмс істеу біздің зауыттарға тиімді болмақ», – дейді Шаймерден Оразалинов. Алға қойған негізгі мақсат қолда барды одан әрі дамыту. Біз ресейлік кәсіпорындарды жақсы білеміз. «Росатом» мемкорпорациясының заманауи және технологиялық құрал-жабдықтарды жасау бойынша потенциалы жоғары, әсіресе «ЗИО-Подольск» жабдығы өзін жақсы қырынан таныта білді.

 

Back to top button