Жолдағы жарықшақ неден пайда болады?

Жолдағы жарықшақ неден пайда болады?

Жолдағы жарықшақ неден пайда болады?
ашық дереккөзі
Асфальт бетонды жол жамылғысында жарықшақтар не себептен пайда болады? Оған қандай жағдай әсер етеді? Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтының президенті, профессор Бағдат Телтаев осы сауалдың жауабын тапты, деп хабарлайды 24.kz.
Аталған жаңалықты Ресей жаратылыстану ғылымдар академиясы және Ғылыми жаңалық ашу мен өнертабыстар авторларының халықаралық академиясы мойындап, авторға диплом тапсырды. Техника ғылымдарының докторы Бағдат Телтаев осы жаңалықты ашу үшін 15 жыл ізденгенін айтады. Бұл - автомобиль жолдары саласындағы ең алғашқы ғылыми жаңалық. Автор өз еңбегін «Төменгі температуралы жарықшақтану кезінде асфальтбетон жол төсемінің өзін-өзі құру заңдылығы» деп атап отыр. «ҚАЗЖОЛҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаевтің айтуынша, температура төмендеген кезде асфальтбетонның ішінде кернеу пайда бола бастайды. Ол кернеу сыртқа шықпаса онда жарық пайда болады. Жарылған кезде жарықтың екі жағы жақтаулары деформация алады. Ал асфальтбетон жамылғысының беріктігі оған қосылатын битумның ерекшелігіне байланысты. Битумның бір түрі республиканың барлық өңірінде бірдей қолдануға жарамайды. Сондықтан ғалымдар Қазақстанды 4 климаттық аймаққа бөліп отыр. Асфальтбетонның құрамын табиғат ерекшеліктеріне сай таңдасақ, жолдағы жарықшақтарды анағұрлым азайтуға болады.
«Асфальтбетон жамылғысында пайда болған әр жарықшақтың әр метрі бір метр ұзындықтағы, жарықшақты жөндеу шамамен 500 теңге тұрады екен. Ал енді біз осы ғылыми жаңалықтың заңдылығын пайдалана отырып, осы жарықшақтардың санын азайтатын болсақ, бұл аса тиімді болады. Елімізде 130 мың шақырымнан астам автомобиль жолы бар. Оның күтіміне кететін қыруар қаржыны үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа ғылыми жаңалықты Қазақстан жол ҒЗИ мамандары келесі жылдан бастап тәжірибеге енгізуді жоспарлап отыр»,- дейді ғылыми жаңалықтың авторы.