Аймақтардағы қысқы спорт ақсап тұр - Бас бапкер

Аймақтардағы қысқы спорт ақсап тұр - Бас бапкер

Аймақтардағы қысқы спорт ақсап тұр - Бас бапкер
ашық дереккөзі

Ұлттық олимпиада комитеті биатлоннан ұлттық құраманың бас бапкер Мақсат Шарановтың сұхбатын жариялады. Бапкер команданың қазіргі жағдайын, қысқы ойындарға дайындығын және отандық биатлонның дамуына қатысты ойын ортаға салған, деп жазады turkystan.kz.

Мақсат Шарановтың айтуынша, ұлттық құрамадағы спортшылардың орнын басатын ешкім жоқ.

«Қысқы спартакиада - еліміздегі жас спортшылардың қарқынын бақылайтын бәсеке. Өкінішке қарай, бізде резерв жоқ. Жасөспірімдер қатарында жақсы көрініп, тіпті, ересектер арасындағы ел чемпионатында үздіктерді басып озатын жастар табылмай отыр. Ұлттық құрамадағы спортшылардың орнын басатын ешкім жоқ. Сондықтан, біздің көрсеткішіміз де өспей отыр. Бұл бірінші кезекте аймақтардағы спорттың дамуы ақсап жатқанын білдіреді», - дейді бас бапкер.

Сондай-ақ ол қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервін дайындайтын оқу орындары жайлы да айтты.

«Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервін дайындайтын колледж бар. Бірақ осы аймақтан шығып жатқан биатлоншылар көп емес. Әрі кетсе 2 биатлоншы келеді. Ал қысқы спорт түрлеріне басымдық берілген аймақ болған соң, осы өңірден талантты спортшылар күтетініміз анық. Солтүстік Қазақстан облысының көрсеткіші көз алдымызда өсіп келеді. Бұл өңірдегі жастар бой көтеруде. Дегенмен, әлі ысылуы керек», - дейді Мақсат Шаранов.

Бапкерді буын ауысатын кезде ұлттық құрамаға келетін мықты спортшылардың тапшылығы алаңдатады.

«Аймақтардағы спорт жақсы қарқын алмайынша, ұлттық құрамада айтарлықтай өзгеріс болмайды. Біз Алматыда өтіп жатқан қысқы спартакиададан талантты жастарды табамыз деген үміттеміз», - дейді ол.