Түркістан су тапшылығын тиімді шешуде

Түркістан су тапшылығын тиімді шешуде

Түркістан су тапшылығын тиімді шешуде
ашық дереккөзі
Түркістанды туризм ошағына айналдыру үшін бірқатар жұмыстар жасалуда. Алайда, табиғаты құрғақ, жазы ыстық, аңызақ желді өлкені көгалдандыру – күрделі мәселе. Келбеті жаңарған қаланың жасыл белдеуін сақтап, егілген көшеттерді жерсіндіру  үшін қолайлы жағдай жасау әзірге күн тәртібінен түспей тұр. Қаланы түркі әлемінің мәдени әрі рухани орталығы етіп, дамытар тұста әрбір тамшы судың тапшылығы сезіліп, тіршілік көзін үнемдеп қолдану қажет болды. Оның үстіне, Түркістанды туристік мекен ету үшін бұл мәселені кейінге қалдырмай шешуге күш салу керек. Түркістан су
«Екі жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Шаруашылық пен ауыз су қажеттіліктері оңтайланған. Кентаудан екі су құбыры желісі тартылды, қала бойынша су резервуарларының көлемі үш есе артты. Демек, жақын болашақта ауыз суына қатысты проблема болмайды. Ал парктер, саябақтар, үй іргесіндегі телімдер, қала айналасындағы жасыл белдеудің қарқынды салынып жатқанын ескерсек, суармалы суға деген қажеттілік жылына 230 млн кубты құрайды», – дейді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Расында суармалы суға деген сұраныс жыл өткен сайын артып барады. Сондықтан бұл проблеманы дер кезінде шешіп, үлкен жобаларды іске асыру қажет. Соның бастамасы ретінде Кентау қаласындағы жер асты суларын тиімді пайдалану жобасын айтуға болады. Кенді шаһардағы жылдар бойы жиналған жер асты суы көтеріліп, қалаға қауіп төндіріп тұр. Себебі шахта қала деңгейінен жоғары орналасқандықтан қаланы су басу қаупі туындап, тұрғын үйлер жарамсыз күйге түсе бастаған. Қауіп қайдан келді? ХХ ғасырдың белуарында Кентау қаласында полиметалл рудаларын өндіретін Мырғалымсай кен орны бой көтерді. Бұл кен орны ең суалғыш кен ретінде әлемге әйгілі. Кенішті судан тазартып, көн өндіру үшін  қыруар қаржы жұмсалатын болған. Ал Кеңес үкіметі ыдырыған тұста игерусіз қалған шахталарды сумен толтыру туралы шешім қабылданады. Бұған экономикалық құлдырау, шахталық сутөкпе жұмыстарын жүргізетін әлеуеттің болмауы себеп. Хош. Түркістанға су тапшы, ал Кентауда жағдай күрделі. Дегенмен, «бір оқпен екі қоян алудың» оңтайлы сәті туып отыр. Қауіптің бетін қайтарып, апатты ауыздықтау үшін жерасты суын Түркістанға тасымалдау қажет. Ол үшін өңір басшысының шешімімен Кентауда 14 сорғы орнатылған шахталық сутөкпе қондырғылары қазылады. Осылайша  жерасты суларын төмендету жүйесі іске асырылып, тартылған су «Қосқорған» су қоймасына құйылады. Нәтижесінде Түркістан өңіріне қосымша 40 млн м3 дейiнгi ағын су жеткізіледі. Түркістан су
«Кентауды су басу қатерінен құтқару – біздің басты міндетіміз, негізгі жоба әзірлеу нысанымыз. Сондықтан біз Кентау қаласы үшін қажетсіз, ал Түркістан үшін тапшы су мәселесін тиімді шешу жолын ұсындық. Шахтадан шыққан жерасты суымен Қосқорған қоректендіріліп, қажетті мөлшерде су Түркістанға жеткізіледі. Бұл қатар орналасқан екі қаланың да мәселесін оңтайлы шешу мүмкіндігі», – дейді «Береке» ЖШС бас инженері София Боциева.
 Мұнан бөлек, өңірде қар суы мен нөсерлі жауын-шашынды да тиімді пайдалану, оны жинау жобалары әзірленіп, қолға алынуда. Ерте көктемде арнасынан асқан ағын суды босқа жібермей, су қоймаларында сақтау маңызды. Себебі бұл қаланы көгалдандыру үшін өте қажет. Өңірде су қоймасын, бөгеттер салу осы мәселені алдын алып, қаланың көркіне әр берген жасанды каналдар мен көлдерді ұстап тұруға мүмкіндік жасайды. Ең бастысы, су босқа кетпей, тазалаудан өтіп, артынша суару жұмыстарына қолданылады. Бұл жиналған судың 40%-ы қаланың қажетіне қайта қолданылады. Түркістан су
«Біз заманауи технологиялар мен жаңа жобалар есебінен Түркістанды өмір сүруге жайлы, туристерді келбетімен тартып тұратын, бұрынғы жазиралы шаһарға айналдырғымыз келеді», – дейді өңір басшысы Ө. Шөкеев.
Бұл су әлеуетін арттырудағы жасалып жатқан шешімдердің толық тізімі емес. Басқа бастамалар жайында толығырақ облыста су мәселесін шешу жүйесі туралы түсірілген деректі фильмнен білуге болады. Түркістан су Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып жатыр, тіпті, алғашқы нәтижелер көңіл қуантады. Жаңа қалада жасыл белдеу көлемі ұлғайған. Бұл да жүзеге асқан және қолға алынған жұмыстардың нәтижесі. Айталық, 13 мың гектар жерге ағаш егіліп, үш жыл ішінде қалалық парктер, саябақтар, газондардың ауданы 2,5 есеге артып, тағы 400 гектарға өскен. Түркістанда 80 шақырымды құрайтын каналға тазарту, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су айдыны 400 гектардан астам ауданды алып жатыр. Микроклиматты жақсарту шаралары қарқын алып келеді. Егер аталған жобалар жалғасын тапса, Түркістан үлгісі еліміз үшін су ресурстарын басқарудың үнемді әрі табиғи моделі ретінде таптырмайтын тренд болады.