Жаңалықтар

Жемқор қызметкері үшін отставкаға кеткен басшы жоқ

ашық дереккөзі

Жемқор қызметкері үшін отставкаға кеткен басшы жоқ

Қазақстанда қоластындағы қызметкер сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін саяси лауазымдағылардың отставкаға кетуін көздейтін норма 2019 жылы 10 желтоқсанда енгізілді. Алайда, жемқорлықпен ұсталған бірде-бір басшы отставкаға кеткен жоқ, деп жазды turkystan.kz. Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. Басылым өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ресми сауал жолдай отырып, заңның қаншалықты жұмыс істеп жатқанын білмек болған. Агенттіктің баспасөз қызметі көпке белгілі деректерді қайталап берумен ғана шектелгеніне қарамастан, басылым өкілдері жыл қорытындысы ретінде сотталған саяси лауазымды жемқорларды топтастырып беруді жөн көреді. Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, Қызылорда облысының әкімі мен облыс әкімінің екі орынбасары, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімі мен Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі істі болған. Айтпақшы, мәдениет және спорт вице-министрі де бар. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков қызмет бабын пайдалана отырып, алаяқтық жасағаны үшін, ал сыбайласы «Ехігіѕ» ЖШС құрылтайшысы Медеуов пара беруге оқталғаны үшін ұсталды. Сот шешімі бойынша әрқайсысына 62 млн теңге сомасында айыппұл салды. Осылайша, Мұсайбеков кәсіпкер Медеуовтен «Ставкаларды есепке алу орталығы» жобасын іске асыру бойынша мемлекеттік жекеменшік әріптестік шартына қол қою туралы мәселені шешкені үшін 15 мың АҚШ долларын алған. Осы орайда, министр Ақтоты Райымқұлова орынбасарына қатысты сот үкімі шыққан соң қызметінен кетуге өтініш білдірген.

«Мұсайбековтің сыбайлас жемқорлық емес, алаяқтық үшін сотталғаны айтылды. Бірақ қалай болғанда да мен өтініш бердім. Бірақ ол қабылданбады», – деді Ақтоты Райымқұлова.

Сыбайлас жемқорлық қылмысы кезінде саяси қызметкерді отставкаға кетуге міндеттейтін нақты тәртіп бекітілген. Мәселен, облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімдері өзінің орынбасары өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан, қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға беруге негіз болып саналады. Десе де қызметкері үшін отставкаға кеткен басшыны байқамадық дейді басылымы тілшілері. Коллаж: Қол астындағы қызметкері істі болып, сотталса да жылы орнын сақтап қалған шенуніктер Әйтсе де, жемқорлық қылмысы кезінде қоластындағы қызметкердің әрекеті үшін жоғары лауазымды басшы отставкаға кетеді деген заң қолданысқа енгенімен тиісті деңгейде орындалмай отырғанын көруге болады. Мәселен, бағынысты қызметкерлері жемқорлық қылмысымен ұсталған тұста басшы болып тұрған қала әкімдері Алтай Көлгінов пен Бақытжан Сағынтаевқа, үш бірдей орынбасары ұсталған Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовке журналистердің көкейінде жауыр болған бір ғана сұрақ бар: «Отставкаға кете ме?». Алайда, басшылар тарапынан қызметтен кету туралы өтініш берілген жоқ. Осы орайда, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов заң тетіктері белгілі бір деңгейде шенеуніктердің жаттанды жауаппен құтылып кетуіне ықпал жасап отырғанын растайды. Ол сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген күннің өзінде мемлекеттік қызметкерлер қандай жағдайда отставкаға кетпейтінін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкер соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде отставкаға кетуге өтініш береді. Өтінішті қабылдау немесе қабылдамау тек тиісті өкілетті лауазым иесі шешетін мәселе болып саналады. Отставка туралы өтініш 1 ай мерзім ішінде қаралады. Өтініш қабылданбаған жағдайда саяси қызметкер лауазымдық қызметтерін әрі қарай атқара беруге тиіс. Ал өтініш қабылданса, лауазымды тұлғаның шешімімен қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Дидар Смағұлов заңның тетігін өз мүддесіне икемдеп отырған жоғары лауазымды тұлғалар арасында жемқорлықтан жалтарып кету белең алып отырғанын, осы ретте Атырау облысы әкімінің үш бірдей орынбасарының жемқорлықпен ұсталуын рекорд деп атады.

«Иә, бұл жақсы бастама болғанымен, шындығында ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Мысалы, Атырау облысы әкімінің үшінші орынбасары жемқорлықпен ұсталып жатыр. Қазақстанның рекорды деп айтуға болады. Сол кісі (Махамбет Досмұхамбетов – ред.) күтіп отыр, нені күтіп отырғаны белгісіз. Менің ойымша, адамда әдеп болуы керек. Ешқандай жауапкершілік болмады және болмауы да мүмкін. Барлығы Президенттің шешіміне қарай болады», - дейді Дидар Смағұлов.