Астанада бірқатар көше атаулары өзгертілді

Астанада бірқатар көше атаулары өзгертілді

Астанада бірқатар көше атаулары өзгертілді
ашық дереккөзі
Астана әкімдігі көшелердің атауын өзгерту және жекелеген көшелерге атаулар беруге қатысты түсініктеме берді. "Соңғы екі жыл ішінде 2016 жылдың шілдесіне дейін нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беруге және атауларын өзгертуге мораторий енгізілген болатын. 2015 жылдың 1 қаңтарынан 2016 жылдың қырқүйегіне дейінгі кезеңде Астана қаласының әкімдігіне еңбек ұжымдарынан және шығармашылық одақтардан, бірлестіктерден, ұйымдардан, зиялы қауым және қоғам өкілдерінен жүзге жуық ұсыныс түсті", - деді әкімдіктегілер. Олардың айтуынша, соның 77-сі Ономастикалық комиссияның қарауына іріктеп алынды, атап айтқанда: 12- мектепке атау беру туралы; 1 - гүлбаққа атау беру туралы; 1 - халық аспаптары оркестріне атау беру туралы; 1- аллеяға атау беру туралы; 1 - даңғылға атау беру туралы; 55 - көшелерге атау беру туралы; 4 - көшелердің атауларын өзгерту туралы; 2 - көшелерді біріктіру туралы. Әкімдіктегілердің айтуынша, .стіміздегі жылдың 7 қырқүйегінде өткен Ономастикалық комиссияның отырысында 19 ұсыныс мақұлданды, соның ішінде атауы жоқ номерленген көшелерге (номер белгісі бар көшелер) атау беру және атаулары қайталанатын көшелерді біріктіру және атауын өзгерту туралы өтініштер болды. "Бүгінгі күні Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметтеріне сәйкес, елордада атау беру туралы ұсынылған, жобалық номерлік атау берілген (сандық белгісі бар) жиырмаға жуық көше бар. Сонымен бірге, атаулары қайталанатын көшелер де бар. Мысалы, Иван Панфилов атындағы екі көше (Алматы ауданы, бірі – бұрынғы Сенная көшесі, Орталық базар бағытында, екіншісі – бұрынғы  № А 43 көше, Тельман тұрғын алабы бағытындағы көше), және Жамбыл Жабаев атындағы екі көше (Сарыарқа және Алматы аудандары) бар", - елорда әкімдігінің өкілдері. Сонымен қатар, қоғам өкілдері және құрамына белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары және тағы басқалары кіретін Қалалық ономастикалық комиссияның мемлекеттік органдары енгізген көптеген ұсыныстарды ескере отырып, келесі атаулар берілгені айтылды: Астана қаласының "Алматы" ауданы бойынша: жобалық атауы 23-17 көше - Хусейн бен Талал көшесі; жобалық атауы 23-31 көше - Кенен Әзірбаев көшесі; жобалық атауы А 19 көше - Темірбек Жүргенов көшесі; Астана қаласының "Есіл" ауданы бойынша: жобалық атауы 211 көше - Нұрпейіс Байғанин көшесі; жобалық атауы 212 көше - Сұлтанбек Қожанұлы көшесі; жобалық атауы 210 көше - Нияз би көшесі; жобалық атауы Е 250 көше - Қайым Мұхамедханов көшесі; жобалық атауы Е 350 көше - Никола Тесла көшесі; жобалық атауы Е 573 көше - Рабиға Есімжанова көшесі; жобалық атауы Е 581 көше - Саттар Ерубаев көшесі; жобалық атауы Е 602 көше - Ханшайым Сүйінбике көшесі; жобалық атауы № 26 көше - Бұқар жырау көшесі. Сондай-ақ, мына атаулар өзгертілді: Астана қаласының «Алматы» ауданы бойынша: Иван Панфилов көшесі – Сәкен Жүнісов көшесіне (жоғарыда айтылғандай, Астана қаласында Иван Панфилов атындағы 2 көше бар, ескі Иван Панфилов көшесі Орталық базар бағытында орналасқан, жаңасы 2015 жылы ашылған, елорданың сол жағалауында орналасқан, оның атауы Иван Панфилов деп қалды); Б. Майлин көшесі және жобалық атауы А 193 көше Бейімбет Майлин көшесі етіп біріктірілді; Астана қаласының "Есіл" ауданы бойынша: Орынбор көшесі - Мәңгілік Ел даңғылы; Хусейн бен Талал көшесі -Ұлы Дала даңғылы; Астананың "Сарыарқа" ауданы бойынша: Бөкейхан көшесі - Әзірбайжан Мәмбетов көшесі етіп өзгертілді. Тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдау бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елорда әкімдігі аталған шешімді әзірлеу, келісу және қабылдаудың барлық кезеңдерін сақтады. Атаулар беру және атауларды өзгерту бойынша қаржы шығындарына қатысты: "Аудандарды абаттандыру" бюджеттік бағдарламасы бойынша жыл сайын бюджеттік қаржы бөлінеді, соның ішінде, абаттандыруға және ақпараттық нұсқағыштар мен аншлагтарды, ғимараттар мен тұрғын үйлерге тақтайшалар орнатуға қаржы бөлінеді. Жеке және заңды тұлғалар үшін ХҚКО-да жаңа мекен-жай бойынша құжаттарды рәсімдеу және қайта рәсімдеу және техникалық төлқұжаттарды түзету және мекен-жай анықтамасын беру тегін жүргізіледі.