Жаңалықтар

Ақтауда шатыры өртенген көпқабатты үйдің тұрғындары наразылыққа шықты

ашық дереккөзі

Ақтауда шатыры өртенген көпқабатты үйдің тұрғындары наразылыққа шықты

Ақтауда жоғарғы қабаты өртенген элиталық санаттағы «Флоренция» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бүгін наразылыққа шықты, деп жазды turkystan.kz. Аймақтық mangystaumedia.kz тұрғындардың қомақты қаражат жұмсаған пәтерлерінің сапасына күмәнмен қарайтынын жазып, азаматтардың пікірін ұсынған. - Үйді тұрғызған компанияға қоятын талабымыз көп. Себебі, қандай кепіл бар, осы жағдай қайталанбайды дегенге? Өрт қауіпсіздігі сақталмаған мына үйде. Компания барлық жерге жазып жатыр бәрін жасаймыз деп. Бірақ біз, халық, мына жердеміз. Бізге келіп біреу бір нәрсе айтты ма? - дейді тұрғын Дина Қалғараева. Енді бірі бұл үйді элит санатты үй деп жарнамалағанын айтқан. - Құрылыс компаниясына сендік. Бірақ бұл үйде ешқандай қауіпсіздік жоқ. Кешегі өрт соның дәлелі. Компания мемлекеттік органдардың тексерісінен қалай өткеніне таңымыз бар, - дейді тұрғын Максим Сұлтанбеков. Көпшіліктің айтуынша, тұрғын үй кешенінде сумен жабдықтау жүйесі талапқа сай болмаған және өрт сөндіру гидранттары жұмыс істемеген. Мұны төтенше жағдайлар қызметі де растады. Сол себепті тілсіз жауды өшіруде қиындық туындаған. Ресми мәліметте 500 шаршы метр аумақ 2 сағатта өртеніп кеткен. Дегенмен, құрылыс компаниясының өкілі элиталық үйдің сапасы нашар дегенмен келіспейді. - Бейнебақылау камерасынан байқағанымыздай, бір үйдің мансардынан от тұтанған. Сараптама аяқталған соң өрттің нақты шығу себебі белгілі болады. Үй қымбат құрылыс материалдарынан салынған. Кей бөлігі ғана жанды. Барлық шығынды компания өтейді, қалпына келтіру жұмыстары жасалады, - дейді «Сартай энерго сервис» құрылыс компаниясының ресми өкілі Бақыт Меңдібаев. Ал қазір төтенше жағдайлар қызметіндегілері өртенген үйге ешкімді кіргізіп жатқан жоқ. Кешен тұрғындарын компания қонақүйге орналастырған.