Шешімін тапқан мәселе көп

Шешімін тапқан мәселе көп

Шешімін тапқан мәселе көп
ашық дереккөзі
Қоғамдық қабылдау бөлмесі – сан сұрақтарға жауап іздер, келелі мәселелерге қозғау болар, халық пен билік арасындағы көпір іспеттес, үлкен жауапкершілікті, рухани ішкі қуатты қажет ететін халықпен тікелей байланыстағы жұмыс. «Әрбір арыздың артында адам тағдыры, ондаған, тіпті жүздеген адамның мүддесі тұр» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқанындай, бұл жерге түрлі әлеуметтік жағдайдағы азаматтар өздерін толғандырған түйткілді мәселесінің түйінін тарқатар жауап іздеп бас тірейді. Биылғы статистикалық мәліметтерге зер салсақ, жыл басынан бері облыс бойынша қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 4 мыңға жуық өтініш тіркелген екен. Оның 48 пайызы оң шешімін тауыпты. Сандарға зер сала отырып, осыншама адамның мұң-мұқтажын тыңдап, өтініштерін оқып, тиісті органдар арқылы оң шешімін табуына ықпал етілгені – партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жүйелі жұмысының жемісі екенін аңғарамыз. Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келуші азаматтардың өтініштерін саралай отырып, бүгінгі таңда қоғамды не алаңдататынын анықтауға болады. Мәселен, әлеуметтік қамту, материалдық көмек, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, жалпы әлеуметтік мәселелерге қатысты өтініштер барлық өтініштердің 70 пайызын құрайды. Одан кейінгі деңгейде баспана және жер телімі мәселесі орналасқан. Тұрақты жұмысқа орналасу мәселесі де өңірімізде өзекті болып тұр. Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Халыққа көмек», «Кедергісіз келешек», «Заңгерлік көмек» жобалары аясында қабылдауларда әртүрлі санаттағы азаматтардың сала мамандарынан жан-жақты, сауатты кеңес алуына ұйытқы болып отыр. Түрлі түйіткілді мәселелердің оң шешімін табуына мемлекеттік атқарушы органдармен қатар жергілікті мәслихат депутаттары да қомақты үлес қосуда. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүгедектігі бар жандардың мұқтаждықтары басты назарда ұсталуда. Облыстық мәслихаттың депутаты Әсел Бауыржанқызы қабылдауына келген мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қорының директоры А.Тәжікеновтың өтініші негізінде 30 мүгедектігі бар балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтары мен киім-кешектерін алып берді. Сонымен қатар аталған депутат 20-дан астам азаматты жұмысқа орналастырды. Облыстық мәслихаттың депутаты болған Әділ Жұбанов мүгедек бала тәрбиелеп отырған Гүлжан Хұсайынованың өтінішіне орай, өзі жетекшілік ететін «Батыс Альянс Строй» мекемесі арқылы олардың үйлеріне еркін кіріп-шығуына мүмкіндік беретін 600 мың теңгенің пандусын салдыртып берді. «Тілсіз жаудың» құрбаны болып, баспанасыз қалған отбасыға «нұротандық» депутат Ә.Семғалиев қомақты қаражатпен көмектесіп, үйлі болуына атсалысты. Бүгіндері бозбала шаққа жеткен Абылай І топ мүгедегі. Әлібек Семғалиевқа өзінің арманын жеткізген ол компьютер сұраған болатын. Абылайдың бұл өтінішін аяқсыз қалдырмаған депутат Әлібек Аманжанұлы су жаңа компьютерді сыйға тартты. Сонымен қатар, оған түрлі электронды оқуларды, әлеуметтік желідегі бизнес түрлерін үйрететін мамандардан кеңес алып, онлайн тренингтер мен шеберлік сыныптарынан өтуге көмектесуге де ниетті екендігін жеткізді. Жылыой аудандық мәслихатындағы нұротандық депутаттардың демеушілігімен 50 мүмкіндігі шектеулі жанды аудандық «Кең Жылыой» газетіне 6 айға тегін жаздыру ұйымдастырылды. Облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлыбек Алтынбеков болса, үмітті ананың сал ауруына шалдыққан баласын Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласына емдеуге апаруға 500 мың теңге көлемінде қаржылай көмек ұйымдастырып берді. Мақат аудандық партия филиалында жұмыссыздық мәселесі талқыланған қабылдау кезінде 27 азамат «Сичим СПА Казакстан» мекемесіне жұмысшы, бір азамат С.Шарипов мектеп интернатына қызметкер болып тұрақты жұмысқа орналастырылды. Индер ауданы мәслихатының депутаты Айтпай Фандыбайұлы 5 азаматты жұмыспен қамтыды. Мақат аудандық мәслихатының депутаты Серік Абдиевтің қабылдауына келген ауыл тұрғыны Солдатбай Тұқырбаевтың өзі де, жолдасы да ІІ топ мүгедектері. Қазір тұрып жатқан үйлері 1950 жылы саманнан тұрғызылған. Яғни, ескірген баспана тұруға жарамсыз. Ал апатты жағдайдағы үйді жөндеп, қалпына келтіруге екі мүгедектің мүмкіндігі де жоқ. Ал екінші азаматша 3 баласымен бес жыл бойы пәтер жалдап жүр екен. Жолдасы 11 жыл бұрын іс-түссіз жоғалып кеткен. Қазір пәтер жалдау, балаларды жалғыз асырау оңай емес. Екі отбасының да арманы – баспаналы болу. Өтініш иелерінің мәселесін егжей-тегжейлі тыңдап, толыққанды зерделеген аудандық мәслихат депутаты өз әріптестері «Доссормұнайгаз» бастауыш партия ұйымымен, партия белсенділерімен бірігіп, бұл отбасыларға баспаналы болу бақытын сыйлады. «Доссормұнайгаз» МГӨБ мұнайшыларының өз еркімен ұйымдасқан түрде көрсеткен қаржылай көмегінің нәтижесінде Доссор кентінде екі отбасы да баспаналы болды. Исатайлық депутат Нұрым Мусиннің белсенділігімен Тәжік-Ауған және Таулы Қарабах қақтығыстардың 16 қатысушысының бірнеше жылдан көтеріп жүрген мәселелері оңтайлы шешілді. Оларға 100 мың теңгенің бірреттік жәрдемақы және ай сайын 15 мың теңгеден коммуналдық қызмет ақысы үшін өтемақы төленетін болды. Махамбет ауданының Талдыкөл ауылында бірнеше көшесі сусыз қалып, тұрғындар тіршілік нәрін құдықтан тасып ішуге мәжбүр болған еді. Аудандық мәслихаттың депутаты Қылышбай Қазиев «Жасдәурен мәдениет үйі» бастауыш партия ұйымының төрағасы Марат Сәрсенғалиевпен бірлесіп, жұмыс жасап тұрған екі сорғыны ауыл көшелеріне толық су жеткізуге шамасы келмейтіндігін дәлелдеді. Сондай-ақ, нысанды сенімгерлік басқаруға алған жеке кәсіпкерге үшінші қондырғы орнату бойынша талап қойылды. Нәтижесінде қосымша үшінші сорғы қостырып, аталған көшелердегі 200-ден астам тұрғын үй сумен толық қамтылды. «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы мен «Praktikos» Заңгерлер мен медиаторлардың Евразиялық одағы» қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалы арасындағы ынтымақтастық меморандум негізінде облыс орталығы мен 7 ауылдық округте медиаторлардың көшпелі қоғамдық қабылдаулары өткізілді. Медиациялық келісімдер жасалып, алғашқы нәтижелер тіркелді. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің арасында қоғамға ортақ мәселелер де жиі кездеседі. Әркім қара басының қамын күйттеп, күйбең тірлікті соғып кетпей, ауылдың, ауданның, облыстың ғана емес, жалпы болашақтың, білім берудің, медициналық қызметтің сапасы, автожолдардың жайы, тұрғын үй проблемасы және жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау сияқты еліміз үшін өзекті мәселелерді қозғайды. Қоғамдық қабылдау бөлмесі - тек жеке тұлғаға қатысты шаруаларды ғана емес, өзекті мәселелерді көтеріп, оның шешімін табу тетіктері қаралатын орын. Осы ретте, біздің басты мақсатымыз – халықтың, қарапайым тұрғындарың партияға деген сенімін нығайту.