Парижде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті

Парижде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті

Парижде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті
ашық дереккөзі
Парижде қазақстандық музыкалық мәдениеттің озық үлгілерін паш еткен «FORTE-TRIO» ұжымына француз жұртшылығы зор қошемет көрсетті, деп жазды turkystan.kz ҚР Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Францияның талғампаз көрермендерін таңғалдырған қазақстандық әртістер отандық классикалық музыканың үздік үлгілерін паш етті. Бұл – қазақстандық трионың Франция еліндегі үшінші концерті. Ұжымның халықаралық гастролі Нанси қаласындағы Мэрияның тарихи сарайында өтті. Атақты ортағасырлық Станислав алаңында орналасқан бұл зал бай тарихымен және қайталанбас акустикасымен ерекшеленеді. Концертті тамашалауға келген көрермендердің қарасы қалың болды. Трио әртістері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның негізін қалаушы Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Мұрат Нарбеков (виолончель) пен Шолпан Манкеева (скрипка) отандық музыкалық өнерді жоғары деңгейде көрсете білді. Олар Роза Бағланова атындағы қазақ концерттің қызметкерлері екенін атап өткен жөн. Бұл кеште қазақстандық композиторлардың туындылары мен еуропалық классика жауһарлары шырқалды. Шетелдік көрермендерді тамсандырған әртістер халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан «Япурай» және «Көроғлы» туындыларын ұсынды. Сондай-ақ С.Рахманинов, К.Дебюсси, И.Брамс сынды әлемдік композиторларының үздік шығармалары орындалды. Көрермен қауым қазақстандық трионың шеберлігіне тәнті болып, зор ықылас білдірді.
«Қазақстанда классикалық өнердің жоғары деңгейде дамығандығын білмеппін. Музыка арқылы Қазақстан халқының тарихын сезіне алдым. Трио әртістері бізге нағыз мереке сыйлады, алғысымды білдіремін», - деп жеткізді өз пікірін Abdelrhani Azzab есімді көрермен.
Алдағы уақытта «FORTE-TRIO» ұжымы халықаралық гастрольдер аясындағы соңғы концерттеріне дайындығын бастайды. Соңғы концерт 22 желтоқсан күні Лион қаласындағы атақты «Моliere» залында өткізілмек.