Тілшінің тырнақалды кітабы

Тілшінің тырнақалды кітабы

Тілшінің тырнақалды кітабы
ашық дереккөзі
Бүгінде қолына қалам ұстаған тілші қауымы да баспасөз бетінде жарық көрген салмақты мақалалары мен сүбелі сұхбаттарын кітап етіп шығаруды дәстүрге айналдырып үлгерді. Ең бірінші, талай жылғы еңбектің тасқа басылуы автордың өзіне тиімді, екіншіден оқырман қауым тілшінің жазған-сызғанын жинақ арқылы тани алады. Жақында тағы бір жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Динар Камилқызының «Өткен күнде белгі жоқ, ақиқат бар» атты кітабына баспасөз беттерінде жарияланған сұхбаттары енген. Мәдениет және өнер қайраткерлерінің әлеумет пен қоғам саясатына деген көзқарасы, сондай-ақ жеке өмірлеріндегі көпке беймәлім құпиялары айтылатын екеуара әңгіменің газет бетіне жарқ етіп шығуы, оған деген оқырманның берген бағасы тілшінің ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының нәтижесі. 14996298_1149254891824466_424835150_n Кітаптың алғысөзін жазған «Дат» газеттер жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи: «Динар Камилова қызығы мен шыжығы итжығыс түсіп жататын бұл саладағы қызметін «Дат» газетінен бастаған қайсар қыз. Бұл кітапқа енген сұхбаттар тегістей менің қолымнан өткен. Біразы менің тапсырмаммен, дені Динардың өз бастамасымен жасалған сұхбаттар. Осы жинақтың қолжазбасын ақтарып отырып, Динардың кейіпкерін сөйлету шеберлігіне разы болдым. Негізі сұхбат жанрында журналистің шеберлігі оның сұрақ қоя білу, әңгімелесін сөзге үйіре білу мәнерінен көрінеді. Яғни, сұхбаттың сәтті шығуы – жорналшының сұңғыла сұрағына, тақырыпты меңгерген біліктілігіне байланысты. Динарда осының бәрі бар» деген екен. Шынында да, журналистің жинақ кітабын шолып шыққанда әрбір кейіпкерін жан-жақты зерттеп, зерделегені көрініп тұр.