Актер «Өнер барысының» үш дүркін чемпионы болды

Актер «Өнер барысының» үш дүркін чемпионы болды

Актер «Өнер барысының» үш дүркін чемпионы болды
ашық дереккөзі
Бүгін «Өнер барысы - 2021» жеңімпазы анықталды. Қазақ күресін дамытуға бағытталған бұл шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы ұйымдастырылған болатын, деп хабарлады turkystan.kz. Оған елімізге танымал өнер адамдары мен ғаламтор жұлдыздары қатысты. Мега жобаны «Хабар» агенттігі биыл да тікелей эфирден көрсетті. «Өнер барысы» 2019 жылдан бері осымен 3 мәрте өтіп отыр. Аз уақытта көрерменнің зор ықыласына бөленіп, тіпті ҚР «Қазақ күресі» федерациясының күнтізбесіне енгізілген. Биылғы шара Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Спорт сарайында ұйымдастырылды. Жарыста 28 өнер адамы боз кілемге шығып, өзара мықтыны анықтады. Олардың арасында айтыскер ақын, белгілі әзілкештер, әншілер мен өзге де танымал азаматтар бар. Биылғы ережеге сәйкес қатысушылар 4 салмақ, яғни, жеңіл, орта, ауыр және аса ауыр салмақ бойынша бақ сынап, федерацияның кәсіби төрешілері төрелік етті. Бес сағатқа созылған жарыста жеңіл салмақта актер Асылхан Төлепов жеңімпаз атанды.
«Бүгін үш дүркін чемпион атанып, жеңіске жетіп жатырмыз. Шүкір. Бұл – ұстаздарымның арқасы, сол кісілердің еңбегі. Өзім де осы жарысқа бір айдай уақыт жұмсап, жүйе бойынша дайындалдым. Бұл жеңісімді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаймын», - деді актер.
Сондай-ақ жоба ұйымдастырушысы Мейіржан Әлібек пікір білдірді.
«Жоба «танымал емес» адамды танытумен айналыспайды. Біздің жоба танымал адам арқылы қазақ күресін дамытады. Биылғы ерекшелігі – санында. Яғни біз 20 қатысушыдан асырмаушы едік. Бұл жолы 28 қатысушыны шақырдық. Оның ішінде 50 пайызы – бұрын қатыспаған жаңа қатысушылар. Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылған «Өнер барысы» жоғары деңгейде өтті. Жүлде қоры – 16 миллион теңге. Өз салмағында жеңімпаз болған чемпиондардың әрқайсысы 1 миллион 200 мың теңгеден иеленді. Шараға қатысып, жеңіліп қалған қатысушылар да құралақан қайтқан жоқ. Оларға 250 мың теңгенің сертификаты табыс етілді», -деді ол.