Ақтауда автовокзал мен базар салуға қанша қаржы жұмсалады

Ақтауда автовокзал мен коммуналдық базар құрылысы басталды. Орталықта қалааралық және қала маңындағы бағыттарға қызмет көрсететін көліктер тұрағы болады. Сондай-ақ, шаруалар өнімдерін делдалсыз сатуы үшін сауда орындары қарастырылған, деп хабарлады turkystan.kz.

Жалпы ауданы 15 га тұратын орталықтың 9,4 га аумағы коммуналдық базарға, ал 5,6 га жері автовокзал үшін бөлінген. Қала бойынша бүгінге дейін қалалық және қалааралық бағытта қатынайтын қоғамдық көліктердің автовокзалы болған жоқ. Сыйымдылығы 750 орындық автовокзалда жолаушылар терминалы да болады. Терминал бір уақытта 500 адамға дейін қабылдай алады. Бұл бастама аймақтың логистика саласының дамуына әсерін тигізбек. Нысан 2024 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 22 қыркүйекте Маңғыстау облысына келген сапарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жиында инфляция деңгейінің жоғары екенін, мұның азық-түлік тауарлары бағасының тез өсуіне әсер етіп жатқанын айтты.

Азық-түлік бағасының қымбаттауын тоқтату үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне толық қолжетімді әрі ретке келтірілген сауда алаңдарын ашуды тапсырған болатын.

– Облыс әкімі Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар нақты міндетті жүктеді. Құны 1,5 млрд теңге болатын жобаны жүзеге асыратын инвесторлар табылып, 36 шағынауданнан жер учаскесі берілді. Жобаның басты мақсаты – бәсекелестікті арттыру арқылы азық-түлік бағаларының негізсіз өсуін болдырмау. Бұл өз кезегінде делдалсыз өнім сату арқылы тұтынушылар үшін бағаны тұрақтандыруға оң әсер етеді. Мұнда салынатын құрғақ қойма, тоңазытқыш және мұздатқыш қоймаларға жылына 73 мың тонна өнім сақталатын болады. Инвестор жоба аясында 250 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде, – деді Ақтау қаласының әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button