Жаңалықтар

Егемендіктің елу жылдығына криптожолдау жасадым – Тимур Рыспеков

ашық дереккөзі

Егемендіктің елу жылдығына криптожолдау жасадым – Тимур Рыспеков

Тимур Рыспеков – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген тұңғыш оқушы. 8-сыныпта оқып жүргенде-ақ әлемді таңғалдырған жас вундеркинд 2020 жылы Forbes журна­лы­ның арнайы шығарылымына еніп, «Өз­геріс жаршысы» атанған өнертап­қыш­тар тізіміне кірді. Бүгінде ол құра­с­тыр­ған 70-ке жуық жобаның 30-ы па­тент­телген. NASA, Microsoft, Amazon се­кіл­ді ірі корпорацияларда жұмыс істеу­ден бас тартқан ол осы жобалары арқылы Қа­зақстанда ғылыми ортаның бар екенін дә­лелдегісі келеді. Тәуелсіздік мере­ке­сі­не орай ел тарихындағы ең жас өнер­тап­қышқа хабарласып, сұхбаттасқан едік. – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жо­басына дейін Алматы мектептерінің бірінде 8-сынып оқитын сіз секілді жас өнертапқыштың аш­қан жаңалығынан көпшілік бейхабар бола­тын. Кейіннен елге таныла баста­ды­ңыз, тіпті Елбасының алдында жобаңызды қор­ғап шықтыңыз. «Қазақстанның 100 жаңа есі­мі» өміріңізге өзгеріс әкелген жоба деп айтуға толық негіз бар шығар? – Расымен, сол жобадан соң өмірім ө­з­герді десе болады. Шыны керек, кілең ере­сек­тер қатысқан бұл жобада жеңімпаз ата­намын деп ойламадым. Бұл марапат күтпеген тосынсый болды. Айта кетерлігі, бұл жобаға қатысу туралы өтінішті кім жібергенін сол күйі біле алмадым. Айналамнан сұрастырып шықтым, мұғалімдер, достарым мен үй­дегілер менің атымнан өтініш жібер­мегенін ай­тады. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ар­қылы танылғанға дейін көптеген халық­ара­лық сайысқа қатысып, түрлі жоба мен ша­ғын өнертабыс құрастырып жүргенмін, бір­ақ бұл туралы айналамнан басқа ешкім білмейтін. Негізі, өнертапқыш атанғанға дейін математикалық есептеулер жүйесіне қызыққанмын. Сосын 5-сыныпқа көшкен соң көңілім робототехника саласына ауа бастады. Үйге берілген тапсырмалардың кө­бін осы саламен байланыстырып, мектепке құр қағаз күйінде емес, үлкен жоба ғып әзір­леп апаратынмын. Автоматтандыруға бо­латын заттың барлығын «қозғалмалы» етіп тастайтынмын (күліп). Барлығын бір күнде құрастырамын деп, тіпті таңның қалай атып кеткенін байқамай қалған кез­дер көп болды. 6-сыныпта оқып жүргенімде түр­лі олимпиадаға жоғары сыныптың аты­нан қатыса бастадым. Мұндағы себеп – ең ал­дымен өзімнің шама-шарқымды байқап көргім келді. Одан бөлек, күрделі есептердің шешімін таба алатынымды көпшілікке дәлелдегім келді. Сөйтіп, мектеп басшылығы жас пен сыныпты ұлғайтып жазу туралы өтінішімді қабылдап, маған «жол» ашып берді. Содан жарыстан-жарысқа қатысу ар­қылы бірдеңе құрастыру, әлемде баламасы жоқ жоба құрастыруға шабыт алып, рух­тандым. – Құрастырып шығарған жоба­ларыңыздың ішінен ең мақтан тұтатын өнертабыс ретінде қайсысын атар еді­ңіз? – Бәрінен бұрын үш жобамды мақтан тұ­та­мын. Ең алдымен, деректерді өңдеу жүйесі арқылы түрлі сервиске енгізуге бо­латын алгоритмді айтар едім. Қазір Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында арнайы тап­сырыспен түрлі тауар жеткізетін онлайн супер­маркет иелері біз ойлап тапқан сол ал­го­ритмді қолданып жүр. Бұл – курьер­лер­дің бағытын анықтау үшін таптырмас дүние. Осы­ған ұқсас шетелдік жүйелерге қарағанда біз құрастырған бағдарламаның бағасы ар­зан. Жоғарыда айтып өткендей, мұны түрлі сервиске қолдануға болады. Канадалық мамандар да тау-кен орындарында есепті жыл­дам шығару үшін осы алгоритмді қол­дан­ған. Екінші мақтанатын жобам – AbsCrypt өнімі. Бұл – құрылғыдағы барлық ақпаратты қорғайтын, Windows, MacOS, Linux, iOS, Android секілді платформаларда жұмыс істейтін криптографиялық жүйе. Мен бұл өнімді бірнеше себеп бойынша мақтан тұтамын. Біріншісі – бүгінде AbsCrypt қосымшасын әлемнің 55 елінде тұратын мыңдаған қолданушы пайданалады. Айта кетерлігі, бұл жобаны таныту үшін ешқандай маркетинг кампаниясын жүргізбедік, бар болғаны түрлі форум мен ресурсқа ор­наластырып, қызыққан адамдарға та­ныс­тырып жүрдік. Бірақ толық дайын болған кезде тәуекелге бел байлап, қиын әрі батыл шешім қабылдадық. Математикалық тұрғы­да шифрланған файлды ешкім бұза алмай­тынына көз жеткізіп, Bugcrowd платфор­масында сынап көруді шештік. Visa немесе Mastercard сияқты ірі компаниялар өз жүйе­сінің сенімділігін тексеру үшін осындай процедурадан өтеді. Мұның да алынбас қамал екеніне сенімді болу үшін AbsCrypt бағ­дарламасын бұзуға конкурс жарияладық. Егер біреу біз шифрлаған файлдардың ке­мінде біреуін бұза алса, оған сыйақы ретінде 100 мың АҚШ долларын табыстаймыз деп ке­лістік. Бұл тестілеуге АҚШ, Ресей, Еуропа және Қытайдағы криптография мамандары мен тіс қаққан хакерлер қатысты. Бірақ ақыры ешкім сол файлдарды бұза алмады. Тіп­ті, көбі қандай шифр қолданылғанын білмей, басы қатты. Ал «мен жасаған дүние» деп мақтана айта алатын үшінші жобам – көпфункционалды робот-гуманоид. Ол адам сияқ­ты қимыл-қозғалыстар жасап, дерек­терді талдаумен айналысады. Бұл жоба әлі толығымен дайын болмаса да, алдағы уақыт­та көпшіліктің көңілінен шығатын дүние болатынына кәміл сенемін. Жалпы, қазір бірнеше бағытта белсенді жұмыс істеп жа­тыр­мыз. Әсіресе, бағытты бағдарлау, крип­тографияға ден қойып, құрастырған дүние­мізді әлем қолданушылары қолданатын ірі жобаға айналдырмақ ойымыз бар. AbsCrypt өнімін де ары қарай дамытуды көздеп отырмыз. Қазір хакерлердің әлдебіреудің құпия деректері мен суреттерін ұрлап, артынша сес көрсетіп жүргені туралы жиі естиміз. Бұған жол бермейтін AbsCrypt қосымшасы қазір де қолданыста, десек те біздің терминологияны түсінбей­тін­дер оны қолдану қиынға соғатынын ай­тады. Сол үшін қарапайым қолданушыға түсінікті болу үшін қайта қарап жатырмыз. – Тағы бір сәтті шыққан жобаңыз ре­тін­де БҰҰ Балалар қорына (ЮНИСЕФ) арнайы әзірлеген, семіздіктің алдын алу­ға көмектесетін мобильді қосым­шаны айтуға болады. – Бұл жобаны ұмытып барады екенмін. Негізі, бұл – кездейсоқ қолға алынған дүние. Бір сайыста қазылар қатарында отыр­ғаным­да ЮНИСЕФ-те балалардың семіруіне қатыс­ты мәселе бар екенін, оны тез шешпесе жағ­дай ушығатынын білдім. Осылайша, бала­ларға көмектесу үшін алгоритм ойлап тауып, оны мобильді қосымша етіп әзірледім. Бұл қосымша баланың жағдайын сараптап, салмағы мен бойындағы өзгерістерді бол­жайды. Семіздік белгілері байқалса ескертіп, хабарлама жіберіп отырады. Қазір ЮНИСЕФ бұл жобаны ары қарай дамытуды қолға алды. Бұдан бөлек, аутизмге шалдыққан балалар­дың жағдайын тексеретін бағдарламаның біршене нұсқасын әзірледім. Сосын бұл жоба еліміздегі бірнеше орталықта тестілеуден өтті. Дәрігерлер осы жүйе арқылы баланың денсаулығы бойынша есеп жасайды, ал жүйе сол есеп бойынша баланың денсаулығында жа­ғымды өзгеріс бар ма, жоқ па, соны анық­тап береді. – Сізді көбіне вундеркинд, өнертап­қыш деумен қатар, жас кәсіпкер деп те атайды. Әдетте ғылымға шынайы беріл­ген адамға кәсібін дөңгелету қиынға соғатынын естіп жатамыз. Қасыңызда кө­мекшіңіз бар ма, әлде барлық про­цесті өзіңіз бақылайсыз ба? – Өзімді вундеркинд десе, біртүрлі се­зінемін, қысыламын. Бірақ жиі айтатын бол­ғандықтан, қазір мән бермеуге тыры­самын. Үлкен жетістікке қол жеткізгенде ғана алақайлап қуануға болады. Әзірше мен­де қуанатындай дәнеңе жоқ. Егер мен қа­зір құрастырып жатқан жобаларыма мар­қайып, арқамды кеңге салсам, «жаңа» нәтиже болмайды. Ал компания құруды сөз етсем, бастапқыда кәсіппен айналысу ойда болмады. Бірақ клиенттермен ірі жоба жасау тура­лы келісімшарттар жасасқан соң, дұры­сы жеке компания ашу керек екенін түсіндім. Сөйтіп, Absolute Technologies Lab компания­сын аштық. 2020 жылдың соңында Амери­када филиалымыз ашылды. Қазір коман­дамда менен бөлек үш инженер мен бір дизайнер жұмыс істейді. Жарты жыл бұрын қатарымызға инвестиция салуға дайын Рамиль Мухоряпов, Алексей Ли мен Евгений Усатов секілді кәсіпкерлер қосылды. Барлы­ғын бір арнаға тоғыстыру қиын екені айтпа­са да түсінікті, бірақ ешқандай көмекшім жоқ, барлық процесті өзім бақылаймын. – Ал «елде ғылыми жаңалық ашу қиын, одан да шетелде өз-өзіңді таныт­қан дұрыс» дейтін қазақстандық ғалым­дарға не дер едіңіз? – Олай дейтін ғалымдардың дені оқушы кезінде әділетсіздік көрген болуы мүмкін. Көп жағдайда олимпиадалар мен түрлі сайыс­та еңбегі дұрыс бағаланбаған оқушы­лар «одан да шетелде оқығаным дұрыс» деп Америка, Еуропаға оқуға түсіп, сонда қалып қояды. Ал мен бұған басқа көзқараспен қарай­мын. Егер осы бір сайыс әділетсіз өтті десең, келесі жылы ешкім күмән келтірмейтіндей өз-өзіңді дәлелдеп шық. Қазір көптеген олимпиадаға қазы ретінде әдейі қатысамын. Жастардың сағын сын­дырмау үшін әділ бағалауға, бағыт-бағдар беруге тырысамын. «Олимпиадада дұрыс баға­ламады, жолымды бөгеді, қазір бағала­майды, демек алдағы уақытта да бағала­майды» деп өкпелеп, сыртқа кете берсек, жағдайымыз не болмақ? Бұл мәселемен күресу керек, барлығы әділ өткенін талап ету қажет. Бірақ бізде табанды оқушылар жетер­лік. Ойда жүрген идеясын іске асырғысы келетін оқушылар маған үнемі жазып, ақыл-кеңес сұрайды. Оларға жұмыс істеуге қажет құрал-жабдық сатып алуға, серверге орна­ластыруға қаражат аударып, көмектесіп тұрамын. Айта кетерлігі, оқушылардың басым бөлігі мектепте оқитын сабақтардың көбі теориядан гөрі, практикаға негізделгенін қалайды. Расымен, әлденені танып білуге құштарлығы артып тұрған оқушыға осы бастан эксперимент жүргізіп үйренген жөн. Мысалы, мен оқыған Канадада мұға­лімдер практикалық тапсырмаларға көп уақыт бөледі, сәйкесінше оқушылар қай ма­мандыққа ебі бар екенін түсінеді. Ал бізде практиканы айтпағанда, есеп-қисаптарды түсіну кейде қиын. Математика оқулығына кіріктірілген есептер ақылға қонбайтын, шындыққа жанаспайтын секілді. Сол үшін біздегі білім ісіне жауапты тұлғалар прак­тиканың мектеп кезінен маңызы зор екенін түсінсе деймін. Практика – оқушыға маман­дық таңдауда әсер ететін ең маңызды фак­тор. Ал практика қалай жасау керек екенін біл­мейтін көпшілік мектеп бітірерде еш­теңеге қызықпай, болашақ кәсіпті таңдау ісіне жүрдім-бардым қарап, соңында әуре-сар­саңға түседі.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ