Еліміздің жаңа тарихындағы отыз жыл

Еліміздің жаңа тарихындағы отыз жыл

Еліміздің жаңа тарихындағы отыз жыл
ашық дереккөзі

Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесіне көтеріліп, дамудың жаңа дәуіріне аяқ басты. Қайта жаңғырған қазақ мемлекеті ғасырдың үштен бірін бағындырып, елдік тойын сән-салтанатымен атап өтуге кірісті. Мереке қарсаңында ұлт Көшбасшысы егемендігіміздің 30 жылдық кезеңіне талдау жасап, өткенге ой жүгіртіп, келешегімізге жауапты міндеттер жүктеген «Тәуелсіздік тағылымы» атты тәлімі мол, мазмұны терең мақала жариялады.

«Осыдан 30 жыл бұрын біз саналы түр­де өз дүниетанымымыз бен болмы­сы­мыз­дың негізі ретінде бостандық пен азат­тыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мер­зім адамзат тарихы үшін қас қағым сәт болғанымен, орда бұзар жасқа ен­ді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу. Мұндайға тек ру­хы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жет­кізе алады. Арғыда сақ, ғұн баба­лары­мыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз ал­а­сапыран замандардағы алақұйын дауыл­­­­дарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бор­дай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайы­лып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының атақонысын, қара шаңырағын сақтап қалды», – деп ой түйген Елбасы бар­ша қазақстандықты тәуелсіздік қа­дірін бағалауға, өткеннен сабақ алып, ынтымақ пен бірлігіміз арқылы келешекке ұмтылуға шақырды. Азаттық рухы әспеттелген бұл ма­қа­ла­да ұлт Көшбасшысы қазақ қоғамына еге­мен­діктің оңай жолмен келмегенін терең пайым­дайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының даналық ой­лары­мен үн­дес «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты ма­қаласында: «Толағай табы­­с­тар­дың бәрі­не Елбасының дара көшбас­шылығының һәм халқымыздың даналығы мен пара­са­тының, бірлігі мен ынты­ма­ғы­ның, отандас­тарымыздың қажырлы ең­бе­гінің арқасын­да қол жеткіздік», – деп тұжырым­даған еді. Шынында да, бұл күнге Қазақстан халқы «бір жағадан бас, бір жең­нен қол» шығара отырып жетті. Небір зұл­мат жылдарды, репрессияны, аштықты, тіп­ті соғысты бастан өткізсе де, еңсесін түсір­меген еліміз азаттықтың ақ таңына аман жетті. Бұл туралы Елбасы мақала­сын­да: «Әрине, мен бұл оқиғалардың бәрін кө­зіммен көрмесем де, әкем мен анамның өзегін мұң мен зар өртеп, жанарын жасқа шылап отырып айтқан сөздерінен, азаттық жолында шейіт болған аруақтарға арнап күбірлеп оқыған дұғаларынан естіп-біліп, көкірегіме түйіп өстім. Кейде ойлаймын: қазақ не деген төзімді халық?! Көнбеске кө­ніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұл­дыр болған күннің өзінде, сағын сын­дырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиын­дық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған», – деген таңданысымен бөліседі. Бұл егемен елдің тірегі, ел тұтқасы Нұрсұлтан Әбішұлының көңіл түкпірін тербеп, жүрек түбінен шыққан шын сөзі екені ақиқат. Өйткені адамзат тари­хындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғ­асырлар тоғысында ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл туған хал­қының сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін аяған жоқ. Тұңғыш Президент өзінің жүрек сүзгісінен өткен, өз басынан кешкен жағдайларды бүкпесіз баяндау арқылы тәуелсіздік шындығын ашып көрсеткен. Елбасы Кеңес Одағының қызыл саясаты туралы да ой қозғайды. 70 жыл бойғы жос­парлы экономика, жоғарыдан басқару, ха­лықпен етене араласпау, түптің түбінде Кеңес Одағын іштен ірітті. Ал сірескен социализм дәуірінен мүлде жаңа нарықтық экономикаға негізделген жүйеге көшу сол жылдары қиялмен тең дүние еді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев ішкі айтыс-тартыс­тарға, ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар­ға жол бермей, әлеуметтік-экономикалық са­лада дамып-жетілуді көздеп, алға жыл­жу­ды басты нысанаға алды. Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев «алдымен – экономика, содан соң – саясат» қағидасын ұстанды. Бұл өз ке­зегінде еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне, кәсіпкерлікті дамытуға, ел еңсесін көтеруге жол ашты. Нәтижесінде, өткен 30 жыл­да ел дамуына елеулі үлес қосып, аза­маттық қоғамның ауыр жүгін арқалай ала­тын, бәсекеге қабілетті жаңа буын өсіп-же­тілді. Ең негізгі мәселе халықтың әл-ауқа­ты, экономиканы жетілдіру болға­ны­мен, оны кедергісіз дамыту үшін осы саяси, ұлтаралық, дінаралық жағдайларды реттеу қажеттілігі туындады. Осы ретте Тұңғыш Президент басқа елдерге қарағанда ұлттық құра­мы әртекті елді бейбітшілік пен ты­ныштықта ұстап, азаматтық соғыссыз елі­мізді бүгінгі жетістіктерге алып келді. Франция Республикасының экс-президенті Жак Ширактың: «Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қабілеті мен қа­сиетіне, көрегендігіне тәнтімін. Ол қан­дай да бір мәселенің шешімін қарастыр­ған­да оның сол сәттік ахуалға емес, бола­шақ­қа тигізер әсерін ойдан шығармайды. Үнемі болжам жасап отырады. Егемендікке қол жеткізгеннен бастап, Қазақстанның даму жолында көптеген кедергі тұрды. Бірақ мемлекет, Үкімет ол кедергілерге тө­теп бере алды. Бүгінде Қазақстанның дү­ние­ге берері де, алары да мол», – деген сөзі ойы­мызды толықтыра түседі. Шындығында, халқымыз тағдыр-талайына жазылған жаңа мемле­кет құру миссиясын толықтай жүзеге асыр­ды. Тарих тұңғиығына батып кетпей, жа­сампаздық жолында жаңа міндеттер ар­қалады. Өзгелерден оза шауып, әлемдік қауымдастықта дараланды. Елбасы мақаласында: «Мен 30 жыл бойы халқымды қанаттыға қақтыр­май, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қа­тарына қостым. Осы жылдар ішінде әлем­дік ғылым мен мәдениеттің ең үздік же­тіс­тіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табы­сым да, ең үлкен бақытым да осы деп са­най­мын», – деп ағынан жарылады. Бәрімізді бақытқа жетелеген баянды таңдаудың бірі – Арқа төсіндегі астана тұрғызу шешімі. Нұр-Сұлтан қаласы бой көтергенде Елбасы ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатынын жеткізген. «Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады», – деп батыл қадам, байыпты бас­тама жасаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елордамыз – Нұр-Сұл­тан қаласы Қазақстанның жарқын ж­е­тіс­тіктерін айшықтайды. Тұңғыш Пре­зи­ден­ті­міз Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы кө­шіру туралы бірегей шешімі халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды» де­ген сөзін халық жүрегінің айнасы деп қа­былдаймыз. Мұның барлығы –қоғам дамуы, ұрпақ болашағы үшін атқарылған игі істер. «Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жет­кізсек те, оған барар жолда бабалар қа­ны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік – сол кие­лі қанның өтеуі. Мен мұның бәрін біз сен­ген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ біл­сін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отыр­мын», – дейді Елбасы. Сондай-ақ «Тәуелсіздіктің мән-ма­ғынасы туралы түрлі ғылым өкілі өзін­ше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріс­кен сан ғасырлық күресінің заңды жал­ғасы, халықаралық құжаттармен бекі­тіліп, мәңгілікке берілген сыйы», – деп ой қорытады. Еліміздің жаңа тарихындағы, бейбіт өміріндегі Елбасымыздың 30 жылғы еңбегі ұшан-теңіз. Кеңестік кезеңнен кейін әлеуметтік салада, бір ғана білім беру жүйесін­де орын алған олқылықтың салдарын жүйе­леуге ондаған жыл уақыт кеткенін бәрі­міз де білеміз. Тұңғыш Президентіміз ғылымға, әсіресе инновациялық жобаларға ерек­ше маңыз берді. Осыдан 30 жыл бұрын­ғы ғылымның жай-күйі мен оның бү­гінгі ахуалын қазір салыстыра алмайсыз. Тәуелсіздігіміздің арқасында тарихымыз тү­генделіп, мәдениетіміз өркендеді. За­манауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесі жаңарды. Бұл бағытта әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университеті заман та­лабына сай дамып, мемлекет жүктеген мін­деттерді жүйелі іске асыруда озық тә­жірибе көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары университет оқытушылары Пре­зидент Әкімшілігіне, Парламентке, Үкі­метке, түрлі министрлікке, елшіліктерге жұ­мысқа шақырылды. Қазір солардың ба­сым бөлігі егемендіктің қалыптасып, дамуына тер төккен көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлеріне айналды. Мәселен, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Конституциялық Кеңестің Төра­ғасы Қайрат Мәми, Жоғарғы Сот Төра­ғасы Жақып Асанов, Президент Әкімшілігі бас­шысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешов, Қазақстан Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі ко­миссияның мүшесі Игорь Рогов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және басқа мемлекеттік орган басшылары қара шаңырақ түлектері екенін мақта­ныш­пен атап өтуге болады. Қазіргі оқытушы-профессорлар құра­мы да ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дық мерейтойына толайым табыс­тар­мен келіп отыр. «30 жылдыққа – 30 апта­лық» жобасын жүзеге асырып, егемендік тойын мағыналы бастамалармен өткізуде. Атап айтсақ, университет аумағында Ел­басы саябағы мен Ғалымдар бағы ашылып, онда жалпы саны 1 000-нан астам алма, шие, өрік ағаштары отырғызылды. Қанат Саудабаев, Бер­лин Иришев, Қайрат Әбусейітов, Дулат Қуа­нышев, Гүлжан Қарағұсова, Сауытбек Абдырахманов университет ұжымымен кездесіп, ой-пікірлерін бөлісті. Жақында Түркия Республикасының экс-президенті Абдулла Гүл келіп, Қа­­зақстанды дамытудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне жо­­ғары баға беріп, «Қазақ жері – біздің ата­жұртымыз», – ­деп ерекше ықыласын біл­дірді. Өткен аптада Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығы және Қазақстан Тұңғыш Пре­зиден­ті күніне орай, «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» онкүндігі ұйымдастырылды. Осы он­күндік аясында оқытушылар мен сту­денттеріміз Шамалған ауылындағы Тұң­ғыш Президенттің «Атамекен» тарихи-мә­дени орталығында болды. Ұлт Көшбас­шы­­сының «Ұлы дала ұлағаттары», Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Он де­лает ис­торию» кітаптары талқыланды. «Тәуел­­сіз­дік толғауы» поэзия сағаты, «Тәуел­сіздік – 30» флешмобы, «Балалық ша­ғым­ның аспаны» кино кеші, «Елім менің», «Кі­тап FEST» та­нымдық іс-шаралары сту­денттер көңілінен шықты. Онкүндік Ел­ба­сы мақаласын тал­дауға арналған «Тәуел­сіз­дік тағылымы» ат­ты қорытынды жиын­мен өз мәресіне жет­ті. Ал 13 желтоқсан күні мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Бұл іс-шаралардың барлығы тәуелсіздігімізді қастерлеуге, Елбасының қайраткерлік тұлғасын тануға және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталды. Елбасы өз мақаласында: «Тәуелсіздік те бақыт сияқты – бағалаған адам­ның, аяла­ған қоғамның қолына тұрақ­тай­ды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақ­ты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қа­зақстанның болашағы кешегіден кемел, бү­гінгіден нұрлы екеніне кәміл сене­мін», – дей отырып, әрдайым алға басуға ша­қыра­ды. Ендігі жерде тәуелсіздік тарихы және Қазақстанның қалыптасуындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен ең­бе­гін айшықтау, тарихи құндылықтарды қас­терлеу елін, жерін қадірлейтін, егемен­ді­гін бағалайтын әрбір азаматтың парызы болуы тиіс.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректор