Еліміздің жаңа тарихындағы отыз жыл
Еліміздің жаңа тарихындағы отыз жыл
Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесіне көтеріліп, дамудың жаңа дәуіріне аяқ басты. Қайта жаңғырған қазақ мемлекеті ғасырдың үштен бірін бағындырып, елдік тойын сән-салтанатымен атап өтуге кірісті. Мереке қарсаңында ұлт Көшбасшысы егемендігіміздің 30 жылдық кезеңіне талдау жасап, өткенге ой жүгіртіп, келешегімізге жауапты міндеттер жүктеген «Тәуелсіздік тағылымы» атты тәлімі мол, мазмұны терең мақала жариялады.
«Осыдан 30 жыл бұрын біз саналы түрде өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас қағым сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу. Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады. Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының атақонысын, қара шаңырағын сақтап қалды», – деп ой түйген Елбасы барша қазақстандықты тәуелсіздік қадірін бағалауға, өткеннен сабақ алып, ынтымақ пен бірлігіміз арқылы келешекке ұмтылуға шақырды.
Азаттық рухы әспеттелген бұл мақалада ұлт Көшбасшысы қазақ қоғамына егемендіктің оңай жолмен келмегенін терең пайымдайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының даналық ойларымен үндес «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік», – деп тұжырымдаған еді.
Шынында да, бұл күнге Қазақстан халқы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып жетті. Небір зұлмат жылдарды, репрессияны, аштықты, тіпті соғысты бастан өткізсе де, еңсесін түсірмеген еліміз азаттықтың ақ таңына аман жетті. Бұл туралы Елбасы мақаласында: «Әрине, мен бұл оқиғалардың бәрін көзіммен көрмесем де, әкем мен анамның өзегін мұң мен зар өртеп, жанарын жасқа шылап отырып айтқан сөздерінен, азаттық жолында шейіт болған аруақтарға арнап күбірлеп оқыған дұғаларынан естіп-біліп, көкірегіме түйіп өстім. Кейде ойлаймын: қазақ не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде, сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған», – деген таңданысымен бөліседі.
Бұл егемен елдің тірегі, ел тұтқасы Нұрсұлтан Әбішұлының көңіл түкпірін тербеп, жүрек түбінен шыққан шын сөзі екені ақиқат. Өйткені адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл туған халқының сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін аяған жоқ. Тұңғыш Президент өзінің жүрек сүзгісінен өткен, өз басынан кешкен жағдайларды бүкпесіз баяндау арқылы тәуелсіздік шындығын ашып көрсеткен. Елбасы Кеңес Одағының қызыл саясаты туралы да ой қозғайды. 70 жыл бойғы жоспарлы экономика, жоғарыдан басқару, халықпен етене араласпау, түптің түбінде Кеңес Одағын іштен ірітті. Ал сірескен социализм дәуірінен мүлде жаңа нарықтық экономикаға негізделген жүйеге көшу сол жылдары қиялмен тең дүние еді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев ішкі айтыс-тартыстарға, ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарға жол бермей, әлеуметтік-экономикалық салада дамып-жетілуді көздеп, алға жылжуды басты нысанаға алды.
Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев «алдымен – экономика, содан соң – саясат» қағидасын ұстанды. Бұл өз кезегінде еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне, кәсіпкерлікті дамытуға, ел еңсесін көтеруге жол ашты. Нәтижесінде, өткен 30 жылда ел дамуына елеулі үлес қосып, азаматтық қоғамның ауыр жүгін арқалай алатын, бәсекеге қабілетті жаңа буын өсіп-жетілді. Ең негізгі мәселе халықтың әл-ауқаты, экономиканы жетілдіру болғанымен, оны кедергісіз дамыту үшін осы саяси, ұлтаралық, дінаралық жағдайларды реттеу қажеттілігі туындады. Осы ретте Тұңғыш Президент басқа елдерге қарағанда ұлттық құрамы әртекті елді бейбітшілік пен тыныштықта ұстап, азаматтық соғыссыз елімізді бүгінгі жетістіктерге алып келді.
Франция Республикасының экс-президенті Жак Ширактың: «Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қабілеті мен қасиетіне, көрегендігіне тәнтімін. Ол қандай да бір мәселенің шешімін қарастырғанда оның сол сәттік ахуалға емес, болашаққа тигізер әсерін ойдан шығармайды. Үнемі болжам жасап отырады. Егемендікке қол жеткізгеннен бастап, Қазақстанның даму жолында көптеген кедергі тұрды. Бірақ мемлекет, Үкімет ол кедергілерге төтеп бере алды. Бүгінде Қазақстанның дүниеге берері де, алары да мол», – деген сөзі ойымызды толықтыра түседі.
Шындығында, халқымыз тағдыр-талайына жазылған жаңа мемлекет құру миссиясын толықтай жүзеге асырды. Тарих тұңғиығына батып кетпей, жасампаздық жолында жаңа міндеттер арқалады. Өзгелерден оза шауып, әлемдік қауымдастықта дараланды.
Елбасы мақаласында: «Мен 30 жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын», – деп ағынан жарылады.
Бәрімізді бақытқа жетелеген баянды таңдаудың бірі – Арқа төсіндегі астана тұрғызу шешімі. Нұр-Сұлтан қаласы бой көтергенде Елбасы ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатынын жеткізген. «Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады», – деп батыл қадам, байыпты бастама жасаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның жарқын жетістіктерін айшықтайды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы көшіру туралы бірегей шешімі халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды» деген сөзін халық жүрегінің айнасы деп қабылдаймыз. Мұның барлығы –қоғам дамуы, ұрпақ болашағы үшін атқарылған игі істер.
«Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік – сол киелі қанның өтеуі. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын», – дейді Елбасы.
Сондай-ақ «Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілі өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы», – деп ой қорытады.
Еліміздің жаңа тарихындағы, бейбіт өміріндегі Елбасымыздың 30 жылғы еңбегі ұшан-теңіз.
Кеңестік кезеңнен кейін әлеуметтік салада, бір ғана білім беру жүйесінде орын алған олқылықтың салдарын жүйелеуге ондаған жыл уақыт кеткенін бәріміз де білеміз.
Тұңғыш Президентіміз ғылымға, әсіресе инновациялық жобаларға ерекше маңыз берді. Осыдан 30 жыл бұрынғы ғылымның жай-күйі мен оның бүгінгі ахуалын қазір салыстыра алмайсыз. Тәуелсіздігіміздің арқасында тарихымыз түгенделіп, мәдениетіміз өркендеді. Заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесі жаңарды.
Бұл бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заман талабына сай дамып, мемлекет жүктеген міндеттерді жүйелі іске асыруда озық тәжірибе көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары университет оқытушылары Президент Әкімшілігіне, Парламентке, Үкіметке, түрлі министрлікке, елшіліктерге жұмысқа шақырылды. Қазір солардың басым бөлігі егемендіктің қалыптасып, дамуына тер төккен көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлеріне айналды. Мәселен, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми, Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешов, Қазақстан Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Игорь Рогов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және басқа мемлекеттік орган басшылары қара шаңырақ түлектері екенін мақтанышпен атап өтуге болады.
Қазіргі оқытушы-профессорлар құрамы да ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына толайым табыстармен келіп отыр. «30 жылдыққа – 30 апталық» жобасын жүзеге асырып, егемендік тойын мағыналы бастамалармен өткізуде. Атап айтсақ, университет аумағында Елбасы саябағы мен Ғалымдар бағы ашылып, онда жалпы саны 1 000-нан астам алма, шие, өрік ағаштары отырғызылды. Қанат Саудабаев, Берлин Иришев, Қайрат Әбусейітов, Дулат Қуанышев, Гүлжан Қарағұсова, Сауытбек Абдырахманов университет ұжымымен кездесіп, ой-пікірлерін бөлісті.
Жақында Түркия Республикасының экс-президенті Абдулла Гүл келіп, Қазақстанды дамытудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне жоғары баға беріп, «Қазақ жері – біздің атажұртымыз», – деп ерекше ықыласын білдірді.
Өткен аптада Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы және Қазақстан Тұңғыш Президенті күніне орай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі ұйымдастырылды. Осы онкүндік аясында оқытушылар мен студенттеріміз Шамалған ауылындағы Тұңғыш Президенттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болды. Ұлт Көшбасшысының «Ұлы дала ұлағаттары», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Он делает историю» кітаптары талқыланды. «Тәуелсіздік толғауы» поэзия сағаты, «Тәуелсіздік – 30» флешмобы, «Балалық шағымның аспаны» кино кеші, «Елім менің», «Кітап FEST» танымдық іс-шаралары студенттер көңілінен шықты. Онкүндік Елбасы мақаласын талдауға арналған «Тәуелсіздік тағылымы» атты қорытынды жиынмен өз мәресіне жетті.
Ал 13 желтоқсан күні мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Бұл іс-шаралардың барлығы тәуелсіздігімізді қастерлеуге, Елбасының қайраткерлік тұлғасын тануға және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталды.
Елбасы өз мақаласында: «Тәуелсіздік те бақыт сияқты – бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екеніне кәміл сенемін», – дей отырып, әрдайым алға басуға шақырады.
Ендігі жерде тәуелсіздік тарихы және Қазақстанның қалыптасуындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін айшықтау, тарихи құндылықтарды қастерлеу елін, жерін қадірлейтін, егемендігін бағалайтын әрбір азаматтың парызы болуы тиіс.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректор