«Махаббат мұнарасы»
«Махаббат мұнарасы»
Ашылғанына аз уақыт өтсе де әсерлі қойылымдарымен елдің жүрегіне жол тауып, ыстық ықыласына бөленіп үлгерген Түркістан музыкалық драма театры тағы бір көркем туындыны көрерменге ұсынбақ.
Бұл жолғы премьера Талаптан Ахметжановтың «Сұлу мен суретші» шығармасының желісі бойынша сахналанады. Махаббат пен өнерді, адамзатқа тән асыл ұғымдарды бір арнаға тоғыстырып, көңіл қатпарларындағы нәзік иірімдерді тап басып табатын қойылым бұрынғыдан өзге болмақ.
Бір айта кететін нәрсе, «Алаш» әдеби сыйлығының, Валентин Пикуль атындағы және Оралхан Бөкей атындағы сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматург Талаптан Ахметжанның 60 жасқа толуы премьерамен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл шығарма осыған дейін де бірнеше рет сахналанған, ал Түркістан музыкалық драма театры қойылымға заманауи реңк үстеп, түрлендірмек.
Бұл спектакльдің басты жаңалығы – премьерада көрермен әлемге әйгілі Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи аспабының ерекше сазын ести алады: қойылымның музыкасы осы аспаппен сүйемелденеді. Оны Швейцарияның Цюрих қаласында тұратын талантты музыкант Эльдар Сапараев әкелген. Әлемде мұндай аспап бар болғаны үшеу-ақ. Түркістанның төрінде ойналатын Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи виолончелі – әлемнің мәдени мұрасы. 1628 жылы жасалған, 400 жыл сақталған мұра әлем мойындаған музыкант Эльдар Сапараевтың орындауында асыл тастай жарқырай түспек.
Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов. Түркістан музыкалық драма театры музыкалық бөлімінің меңгерушісі, бас композиторы Хамит Шанғалиев спектакльге арнайы музыка жазған. Балетмейстер – Мадина Мұратпекова.
Басты рөлдерді Ақбота Рахат пен Жұлдыз Әбдікәрімова, Әділ Ахметов, Нұрқанат Жақыпбай, Түркістан музыкалық драма театрының актерлері ойнайды. Мәңгілік махаббат тақырыбын арқау еткен спектакльдегі әуезді музыка, режиссерлік шешім, актерлік шеберлік шебер ұштасатын болады.
Жұлдыз ӘБДІКӘРІМОВА,
актриса:
Мен мұны жақсылыққа жорыдым
– Рөлге кастингтен өтіп бекітілдім десем де болады. Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спектакліне басты рөлге кастинг жариялағанда, видео жіберіп, бағымды сынадым. Сол кезде мені Бөртенің құрбысы Айшаның рөліне шақырған болатын. Бірақ өзге жобаларыммен қатар келіп қалып, бас тартуға тура келді. Енді, міне драматург Талаптан Ахметжан ағаның «Махаббат мұнарасы» қойылымында Сұлудың рөлі бұйырды. Студент кезімде колледж жанынан құрылған театр режиссері, актер, қоғам қайраткері, ұстазымыз Бәйтен Омаров атындағы монотеатрда қойылым қойып, тәжірибе жинақтай бастадық. Солардың бірі – танымал жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Алтын тордағы тоты» (Актриса) пьесасы. Араға бірнеше жыл салып, сахнаға қайта оралуыма септігін тигізіп, сенім білдірген Айнұр ханым басқарып отырған театр ұжымына алғысым шексіз. Қойылымға дайындалуға 2 апта уақыт берілді. Уақыт жақындаған сайын жауапкершіліктің салмағы сезіле бастады, аздаған қобалжу байқалады. Бірақ халық менің «Арман» фильміндегі рөлімді жоғары бағалаған соң ба, оқырмандарымның қолдау білдіріп жазған хаттары мен пікірлері қанаттандыруда. Жаратушы бойымызға бір пайыз талант берсе, қалғаны еңбекпен келетін дүние ғой. Сондықтан саф алтындай өнердің тұнығын лайламай, кіршіксіз алып шығуға күш саламын. Ұзақ уақыт үзілістен соң сахнаға қайта оралуым киелі мекеннің, түрленген қаланың жаңа театрынан басталғанын жақсылыққа жорыдым. Ал қалған бағасын көрерменнен күтеміз. Дайындаған Д. ЖАНАТҚЫЗЫ