«Билікке 1 ай уақыт береміз»: Белсенділер Үкіметке талап қойды

«Билікке 1 ай уақыт береміз»: Белсенділер Үкіметке талап қойды

«Билікке 1 ай уақыт береміз»: Белсенділер Үкіметке талап қойды
ашық дереккөзі
Алматыда бір топ белсенді азаматтардың ұйымдастыруымен «Утилизация алымына жол жоқ» деген ұранмен баспасөз-митингі өтті, деп жазды turkystan.kz. Баспасөз үйінде өткен басқосуды ұйымдастырушылардың қатарында саясаттанушы Санжар Боқаев, «El Tiregi» партиясының төрағасы Нұржан Альтаев және «Шопан-ата» Қазақстан ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев секілді азаматтар болды. Қозғалыс жетекшілерінің бірі, саясаттанушы Санжар Боқаев қазіргі уақытта елімізде көлік дефициті байқалып отырғанына тоқталды.
«Қазіргі уақытта автокөлік қол жетпейтін арманға айналды. Көлік сату орталықтарында автокөлік мүлдем жоқ. Сенбесеңіздер, өздеріңіз барып көрсеңіздер болады. Қарапайым отбасылар үшін көлік тек күнделікті қажеттілік ретінде қарастырылуы керек. Алайда дұрыс жүргізілмеген саясаттың кесірінен тұрғындардың оған қолы жетпей отыр», — деді ол.
Санжар Боқаев сонымен бірге «Утилизация алымына жол жоқ» қозғалысының мүшелері алдағы уақытта саяси партия құруы мүмкін екенін жеткізді.
«Біздің қатарымызда қазірдің өзінде 100 мың адам бар. Екі аптаның ішінде петицияға 150 мың адам қол қойды. Біз күресімізді тоқтатпаймыз. 2022 жылы бұл бағытттағы жұмыстарымызды күшейтеміз. Қажет болатын болса саяси партия құрамыз. Қазір біз ультиматум қойып отырмыз. Билікке бір ай уақыт береміз. Егер Үкімет осы бір айдың ішінде бұл саясатты өзгертпейтін болса, референдум жариялайтын боламыз. Мен бізді халықтың қолдайтынына сенімдімін», — деді саясаттанушы өткен баспасөз-митингінде.
Жиынға жиналғандардың сөзінше, Үкімет автоөнеркәсіпке бұрын-соңды болмаған қолдауды көрсеткенімен, іс жүзінде қазақстандық өнеркәсіп дамудың жолына түспеген. Ал қарсы міндеттемелердің орындалуына бақылау мүлдем қойылмаған.
«Азия Автоның» бір өзі мемлекетке 174 млрд теңге шығын келтірген. Бұл компанияның бұрынғы басшысы Анатолий Балушкин Қазақстаннан кетіп, ресейлік миллиардерлердің тізіміне қосылды. Ал мұның барлығы Үкіметте ешкім утилизация алымы қаржысының тиімсіз жұмсалуын, олардың жоғалуы мен қолды болуын бақыламайды деген сөз», — дейді жиналғандар.
Қозғалыс мүшелерінің пікірінше, қазіргі талап етіліп отыраған утилизация алымы – нарық пен халық талабына қарсы шығады әрі қаржылық түсініксіз құрылған схема және алдағы уақытта ол экономиканың барлық салалары үшін бірқатар келеңсіздіктер алып келуі мүмкін. Жиынның соңында белсенділер биліктің утилизация алымын қайта қарау үшін түбегейлі шешімдерді қабылдауға 2022 жылдың 1 ақпанына дейін уақыт беретіндерін айтты. Саясаттануы Санжар Боқаев қозғалыстың алдағы жоспарлары қандай екенін айтып берді.
«Бір-екі айдың ішінде нәтиже болады деп ойлаймын. Біз «Утилизация алымына жол жоқ» ұранымен жалпыхалықтық қозғалыс құруды көздейміз. 1 ақпаннан жалпыұлттық референдум өткізуді бастаймыз. Мұның барлығы заң аясында жүргізілетін әрекеттер және біз мақсатымызға жету үшін барлық заңнамалық шараларды қолданатын боламыз», – деп сөзін түйіндеді ол.