Өмірзақ Шөкеев: Азаттықтың арқасында Түркістанның жаңа дәуірі басталды
16 желтоқсан, 2021 /
Ахмет ӨМІРЗАҚ
Өмірзақ Шөкеев: Азаттықтың арқасында Түркістанның жаңа дәуірі басталды
Шымкент қаласы мегаполиске айналған соң бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына көшіріліп, жаңа облыс Түркістан атын алды. Осылайша, қазақ жерінде әлемдік маңызы бар Түркістан атауы елімізде үлкен бір аймақтың атын иеленіп, ежелгі қала аумағы үлкейіп, заманға сай дамудың жолына түсті. Осыған орай ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Түркістан облысының әкімі, мемлекет қайраткері Өмірзақ Шөкеевтен арнайы сұхбат алған едік.
− Түркістан атауы тарихи тұрғыдан өте ауқымда мағына беретін атау. Бір кезде Ресей империясы қол астындағы азиялық аймақ «Батыс Түркістан», Қытайдың батыс жағы «Шығыс Түркістан», Ауғанстан мен Иран «Оңтүстік Түркістан» атанғаны белгілі. Бірақ дәуірлер ауысып, замандар өзгергенде Түркістан атауы Қазақстанның оңтүстігіндегі қадым шаһардың атында ғана сақталып қалды. Осы орайда 2018 жылғы 19 маусымда Қазақстан Президенті − Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістанға ауыстырылып, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан деп аталуының мемлекетіміз үшін саяси-экономикалық тұрғыдан қандай стратегиялық маңызы бар деп ойлайсыз?
– Дұрыс айтасыз. Түркістанның тарихы тереңде жатыр. Қай зерттеуді алып қарасақ та, Түркістанның Қазақстан ғана емес, Орта Азия үшін аса маңызды орталық екенін аңғарамыз. Қаланың тарихы көне мыңжылдықтарға терең бойлайтынын археологиялық деректер дәлелдеп отыр. Тағы бір ерекшелігіне тоқталсам, профессор Жамбыл Артықбаев зерттеу мақаласында Ташкент, Ходжант, Қашқар, Табат және өзге де қалалардың Түркістан билігіне бағынғаны туралы сөз қозғаған. Мұнда қала мәдениетінің пайда болуы сонау неолит дәуіріне жетелейді. Түркістанда қазақтың 21 ханы, 56 батыры, 21 биі мен 8 сұлтаны және өзге де қайраткері мен тарихи тұлға жерленген. Елбасының «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – қазақ елінің рухани жүрегі» деген сөзі бар. 2000 жылы ЮНЕСКО аясында аталған Түркістанның мерейтойы өтті. 2015 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары қатарына енгізілді. 2016 жылы осынау беделі биік халықаралық ұйымның деңгейінде Қожа Ахмет Ясауи жылы аталып өтті. Қасиетті шаһардың тарихи қуаты мен ерекшелігін Елбасы ерте кезден-ақ білген. Алдымен Түркістанда оқу ордасын ашып, жастар мен ғалымдарды, зиялы қауым өкілдерін тартты. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті өңірдегі ғылым мен білімнің ядросына айналды десек қателеспейміз. Елбасы түркі мемлекеттерінің президенттерімен Түркістанда жиі кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Осы кездесулер арқылы Түркістанның беделін, саяси-рухани рөлін арттыра түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды дамытамын, халықаралық деңгейде атын шығарып, тарихи әділдікті орнатамын деп жүретін. Бүгінде ол арман жүзеге асып жатыр. Бұл шаһар XVI ғасырдан бастап екі ғасырдан астам уақыт бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Еліміздің көшбасшыларын осында хан көтерген. Демек, бұл шаһарды тек рухани және діни тұрғыдан ғана емес, саяси-экономикалық жағын да қарастырып, тарихи бағасын берген жөн. Бұл ретте нақты қадам жасалды. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы маусым айындағы тарихи Жарлығы. Бұл тарихи шешім Түркістан қаласының ғана емес, Түркістан өңірінің жаңа тынысын ашты. Дамудың жаңа сатысына шығарды. Биыл Түркістанда Түркітілдес мемлекеттердің саммиті онлайн режимде өтіп, «Түркістан декларациясы» қабылданады. Мұның өзі түркі әлемінде Түркістанның стратегиялық мәні бар екенін айғақтайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын осы шаһардан бастады. Президентіміз «Түркістан – қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Меніңше, мұның бірінші себебі халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр. Бүгінде мемлекет тарапынан Түркістанның дамуына өте жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Кешенді жоспар қабылданып, қала 2-3 жылда керемет өзгерді. Мұның бәрі – мемлекеттің қолдауы мен ел бірлігінің жемісі. Түркістан облыс орталығына айналуын тәуелсіздіктің айтарлық бір жемісі деп санаймыз.
− Сіз еліміздің бірнеше жоғары лауазымында қызмет атқарған тұлғасыз. Сондықтан сіздің бай тәжірибелеріңізді ескерген еліміздің жоғарғы басшылығы сізді жаңадан ашылған Түркістан облысының әкімі етіп тағайындады. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы негізінде құрылса да Түркістан облысы орталығын заманға сай қала ету жолында атқаруға тиіс жұмыстардың көп болатыны белгілі. Осы кезге дейін облыс орталығын көркейту жолында және Түркістан қаласы тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін қандай бағдарламалар негізінде жұмыстар жүргізілді және оның тиімділігі қандай?
– Әрине, нақты бағдарлама мен жоспарсыз өңірді дамыту, қаланы жаңарту мүмкін емес. Бұл ретте Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 29 қыркүйекте Түркістан қаласына жасаған сапары аса маңызды рөл атқарды. Осы жұмыс сапарында Елбасы өзімен бірге Үкімет басшысын, барлық министр мен жетекші ведомство, алпауыт компания басшыларын ерте келді. Түркістанды дамыту жолындағы жоспар, кімнің не істеу керегі талқыланды. Елбасымыз сол сапарында аса маңызды қос құжатқа – «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспарының тұжырымдамасын мақұлдау туралы» және TURKISTAN арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлықтарға қол қойды. Үкіметке, әкімдіктерге, ірі компанияларға нақты тапсырмалар берді. Бұл Жарлық үкіметтік деңгейде сараланды. Бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан облыс үшін аса маңызды 5 қаулы қабылданды. Бұл – тарихта болмаған жағдай. Оның облыс және Түркістан қаласы үшін ең маңыздысы – «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары». Бұл жоспар да уақыт талабына сай толықтырылып отырды. «Түркістан қаласын салу шеңберінде жұмыстар және көрсетілетін қызметтер сатып алынатын тұлғаларды айқындау» жөніндегі қаулы, TURKISTAN еркін экономикалық аймағы мен әкімшілік-іскерлік орталығын, Түркістан қаласын дамыту көзделген қаулылар да облысты дамытуға айрықша серпін берді.
Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жұмыстары атқарылып отыр. Арнайы кешенді жоспар әзірленіп, Үкіметпен бекітілді. Соңғы 3 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды. Жалпы, соңғы 3 жылда 536 жоба іске асып, 251 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды, оларды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта жөндеуден өтті. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды.
1-аумақ – әуежай аумағына 100 орындық қонақүй, 3 ұшаққа арналған ангар, 400 гектар қара өрік бағы, 50 гектар жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.
2-аумақ – Әкімшілік-іскерлік орталығында теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымы жүзеге аспақ.
Сондай-ақ 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 570 орындық көпбейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем стансасы және Ана мен бала орталығы салынады.
3-аумақ – Б.Саттарханов даңғылы бойында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 гектар университеттік ботаникалық бақ, «Парк Лайн» коттедж кешені салынады.
4-аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені «Аманат» коттеджі қалашығы, Medina Palace қонақүйі, Хилует мәдени-рухани орталығы салынады.
Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77 пайызы жеке инвестиция.
Жаңа кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жеткізіледі.
− Ғалымдар Түркістан облысы орталығы Түркістан қаласының құрылуын қола дәуіріне жатқызады, яғни пайда болғанына 30 ғасырдай уақыт болғанын дәлелдеп отыр. Бұл ғылыми тұжырымды былай қойғанда, Түркістан қаласы түбі бір түркі әлемі үшін мәдени астана ретінде танымал. Мұнда аты мұсылман әлеміне әйгілі, сопылық әдебиеттің ірі өкілі, кемеңгер, ойшыл ақын Қожа Ахмет Ясауи мәңгілік дамыл тапқан. Демек, әлемнің көптеген халқы үшін Түркістан қаласының маңызы зор. Осы орайда Түркістанды еліміздегі ең ірі туризм орталығы ету жолында қандай істер жүзеге асып жатыр?
– Туризм Түркістан үшін жетекші сала болады. Оған толық мүмкіндік бар. Ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи – күллі мұсылман әлемі үшін қадірлі тұлға. Бүгінде шаһарда Ясауи музейінің құрылысы аяқталған. Қазір музей құнды жәдігерлермен толықтырылып жатыр. Бұл жұмысты тікелей қадағалауымда ұстап отырмын. Адамзатты ізгілікке шақырған ғұламаның Түркістанда өмір сүріп, ілімін таратқаны – біз үшін мақтаныш. Бүгінде Ясауи мұралары мен шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері жинақталып жатыр. Музей ашылған ойшылдың мұрасы ұлықталып, Ясауи феноменін асқақтату арқылы ғылым мен туризмді бірге дамыту мүмкіндігі ашылады деген сенім мол. Бұл жобалар түркі әлемі ғана емес, өзге құрлықтағы саяхатшыларды да қызықтыратыны анық. Түркістан қаласының туристік діңгегі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы рухани-мәдени орталықтағы нысандар десек қателеспейміз. Бұл аумақта драма театр, Қазақстанда теңдесі жоқ Farab кітапханасы, қабылдау орталығы, «Ұлы дала елі» орталығы, берірек жүрсек, «Керуен сарай» туристік аймағы орналасқан.
Түркістан облысына биыл он айда 1,3 миллионнан астам қонақ келген. Пандемияға дейін 2019 жылы келушілер саны 1 миллионнан асса, былтыр 2020 жылы пандемия кезінде шектеулерге байланысты Түркістан қаласына 300 мыңнан аса адам келген. Осы жылы «жасыл аймақта» болған өңірге келгендер саны 5,5 есе ұлғайған.
2018 жылмен салыстырсақ, облыста 148 қонақүй болса, бүгінде облыста 40 қонақүй салынды. Оның 188-і – 8 000 орындық, яғни күніне 8 000 турист қабылдайтын мүмкіндік бар. Бір жылдың өзінде Түркістанда бірнеше бесжұлдызды қонақүй ашылып отыр. Сонымен қатар жаңа қонақүйлердің құрылысына инвесторлар тарту, туристердің келуіне оңтайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде. Биыл карантин шаралары жеңілдегеннен кейін Түркістан қаласында бірқатар халықаралық іс-шара өтті. Оның ішінде алты елдің парламенттері өкілдерінің қатысуымен өткен ТүркПА сессиялары, түркітілдес елдер өкілдеріне арналған медиа-форумды атап өтуге болады. Түркістан облысының туризмі тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм болып 3 бағытта дамып жатыр. Өзбекстан мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығының форумы аясында Үкімет басшыларының қатысуымен Ташкент, Самарқан, Бұхара облыстары мен Түркістан облысы құрамдастырылған турларды әзірлеу және оларды әлемдік нарықта ілгерілету бойынша төртжақты келісімге қол қойылды. Туризм саласындағы кадр тапшылығын жою және қалада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылып, жұмысын бастап кетті. Бір-екі жылда алғашқы түлектері шығады. Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы қолға алынды. Тау баурайында шаңғы трассалары, арқанды және бөген жолдары, қонақүйлер, мейрамханалар, аквапарк, ойын-сауық, жаттығу орталықтары салынады. Осы жобаларды жүзеге асырып, туризм саласын үздіксіз дамыту арқылы 2025 жылы туристер ағыны мен келушілер санын 2 жарым миллион адамға арттыруды жоспарлап отырмыз.
− Түркістан облысы – тұрғындарының саны 2 миллионнан асатын еліміздегі ең ірі аймақтардың бірі. Табиғи байлығы жағын айтсақ, елімізде уран кентастарының қоры жағынан бірінші орын, фосфорит және темір кентасының қоры жағынан үшінші орын алады. Дегенмен облыс негізінен аграрлық сала дамыған облысқа жатады. Жері құнарлы, егін егуге өте қолайлы. Ендеше жұмыс күші көп облыста егіншілікті жоғары дәрежеде дамытып, бүкіл елді жеміс-жидек, көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар ма, ол салада орындалуы мүмкін қандай жоспар бар?
– Ауыл шаруашылығы Түркістан облысы ғана емес, мемлекетіміздің негізгі драйверіне айналады деп ойлаймын. Бірнеше жыл бұрын АҚШ-тан агросалада жетістікке жеткен кәсіпкерлер Қазақстанға келді. Олар біздің кең-байтақ даланы, ауа райын көріп, «Сіздерде ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік өте мол екен» деп таңғалған болатын. Шынында да, біз Жаратқан берген бұл сыйды дұрыс пайдалануымыз керек. Биыл еліміздің батыс өңірлерінде қуаңшылық болды. Түркістан облысына да құрғақшылық аздап әсер етті. Дегенмен еңбекқор елдің маңдай тері мен ұйымдастыру жұмыстарының арқасында Түркістан облысы егін шаруашылығы мен мал шаруашылығында жылды табысты қорытындылап отыр.
Биыл 10 айда өңірде 805,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 129 млрд теңгеге артты. Ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың гектарға егілді. Республикадағы жылыжай алаңының 71 пайызы Түркістан облысында екенін де айта кеткен жөн.
Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Ағын суды тиімді пайдалану мақсатында ылғал үнемдеу технологияларын енгізу жолға қойылды. Өңірде мал шаруашылығының әлеуеті жоғары. Мал басы мен өнімділік 4-5 пайызға артып, 291,4 млрд теңгеге өнім өндірілді. Ет экспорты бойынша облыс республикада 1-орынға шықты. 24 мың тонна ірі қара мал, 2,3 мың тонна қой еті экспортталды. Түркістан қаласы айналасында 11 мың гектарға азық-түлік белдеуі қалыптасып келеді. Жоба толығымен жаңбырлатып суғару технологиясымен жүзеге асырылуда. Бүгінде 163 шағын агроқұрылымдар кооперативтерге бірігіп, 2 мың гектарға 47 бірлік жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатты. Міне, осындай бастамалар арқылы өңірдің агросаладағы өнімін арттырып отырмыз. Алдағы уақытта өнімділікті тағы 2-3 есе арттыруға мүмкіндік бар. Осы бағытта жұмыс күшейтіледі.
− Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлау қарсаңында Түркістан облысы рухани салада мемлекетіміз үшін маңызды саналатын қандай шараларды атқарды?
– Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Оның біріншісі – тәуелсіздік. Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз және ең ұлы құндылығымыз. Бұл ойды үнемі айтып жүремін. Тәуелсіздіктің арқасында елімізде, өңірімізде ел тағдырына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер ететін аса маңызды шешімдер қабылданды. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қарсы алып отырмыз. Түркістан облысының құрылып, Түркістан қаласының жаңа дәуірінің басталуын да егемендіктің жетістіктерінің бірегейі деп есептеймін. Неге десеңіз, Түркістанның мәртебесі асқақтап, тарихи әділеттілік орнады. Әрине, пандемия арқаны кеңге салып, аса ірі мәдени жобаларды жүзеге асыруға қолбайлау болып тұр. Дегенмен Түркістанда мәдени инфрақұрылым толық жасақталды дей аламыз. Облыстағы жаңа драма театрда Дулат Исабеков ағамыздың «Бөрте» спектаклі қойылды. «Фариза» қойылымын да қоғам өте жоғары бағалап отыр. Биыл Түркістанда «Түрленген, гүлденген – Түркістан» республикалық ақындар айтысы, джаз музыкасының танымал орындаушылары қатысқан Turkistan Jazz Party I фестивалі, «Тайқазан» ұлттық киім дизайнерлерінің республикалық байқауы, «Түркістан дауысы» республикалық ән байқауы ұйымдастырылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай рухани және мәдени іс-шаралар жүйелі түрде өтіп келеді. Жамбыл облысынан рухани керуен келді. «Ұлы дала елі» орталығы, Түркістан музыкалық драма театры және Farab кітапханасында мәдени және рухани кештер өтіп келеді. Түркістанды жаңартуға күллі қазақ елі үлес қосқанын, Елбасы мен Президенттің тікелей бақылауында тұрғанын шын жүрегімізбен сезінеміз. Түркістанның рухани-мәдени әлеуеті шарықтайтын кез алда. Оған сеніміміз де, үмітіміз де мол. Осы мақсатты жүзеге асыруда аянбай еңбек етеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ