Ұстазы ұзатқан қыз

Ұстазы ұзатқан қыз

Ұстазы ұзатқан қыз
ашық дереккөзі

Редакциядан: Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында шетелдегі қандастардың балалары көптеп білім алып жатыр. Оларға көбіне студенттер үйінен орын берілген. Алаңсыз білім алуына толық жағдай жасалған. Қандастарға ұстаздар білім беріп қана қоймай, оларға демеу болып, әрбір шешуші сәтте жанынан табылып жүр. Төмендегі материалдағы тағылымды оқиға – соның айқын куәсі.

2018 жылы Қытай Халық Республика­сы­нан Таңнұр Қайшыбекқызы есімді қанда­сы­мыз Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ға оқуға келді. Ол орта мектепті Қытайдың Құлжа қаласы Ныл­қы ауданынан бітіріпті. Қазір ол – Физика-тех­никалық факультетінің «Физика мұғалім­дерін даярлау» мамандығы бойынша 3-курс студенті. Анасының есімі – Гүлсия. Мен Таңнұрдың кураторы едім. Ол маған биыл қыркүйек айының соңында Марат де­ген жігітке тұрмысқа шыққалы жатқанын айт­ты. Қазан айының ортасына қарай ұза­тыл­мақшы, сосын тойы болады екен. «Ме­нің ата-анам Қытайда тұратынын білесіз ғой, ол кісі­лерді көрмегелі 3 жылдан асты. Менің бола­шақ жарым Марат тұрмысқа шығуға ұсы­ныс жасады. Болашақ ата-енем де Қытай­да тұрады, бірақ ол кісілер қазір Қазақстанға 6 ай мерзімге уақытша келді. Қытайда жігіт жақ менің әке-шешемнің алдынан өтіп, құда түсті. Ата-анам болашақ құдаларын көріп, көңіл­дері толып, маған баталарын берді. Өкі­ніш­ке қарай, шекараның жабық болуына бай­ланысты әке-шешем тойға келе алмайды. Ал мен қазір өз жасауымды дайындап, тұр­мысқа шығуға дайындалып жатырмын», – деді. – Апай, менің қиналып тұрғаным, бұл жақ­та мені шығарып салатын туған-туыс­тарым жоқ. Қайдан ұзатылатынымды біл­мей­мін. Шашымды тарап, бұрымымды өріп беретін жеңгелерім де жоқ, бұл жақта, – деді. Со­дан мен «Ендеше мен сені кураторың ре­тін­де өзім ұзатамын, кафедра оқытушылары­на айтамын. Бата беріп, сені өзіміз ұзатамыз, сен ештеңеге алаңдама» дедім. Кафедраға ке­ліп, «физика мұғалімдерін даярлау» маман­дығын ашқан кафедра доценті Жадыра Ер­мековамен ақылдастым. Жадыра Керімбай­қызы «онда, біз күйеу баламен танысайық, қан­дай жігітке, қандай отбасына барады, өзі­міз сөйлесейік», – деді. Қазан айының басында күйеу баламен Жа­дыра Керімбайқызы екеуміз кездестік, оның отбасы туралы білдік. Ата-анасы оқы­ған, қызмет істейтін кісілер екен, көңіліміз тол­ды. Марат біздің Еуразия ұлттық универ­ситеті Ақпараттық технологиялар факуль­те­тінің түлегі екен. Қазір өзінің шағын бизне­сі­мен айналысады. «Әке мен бала» деген үлкен фотостудиясы бар екен. Сол күні келіп кафедра ұжымына жаңа­лықты айттық, олар бірауыздан «қолдаймыз, ұза­тамыз» деді. Кафедра атынан кілем алып бере­тін болдық. Жадыра Керімбайқызы екеуміз қыздың өзіне алтын жинақ, күйеу бала­ға сағат сыйлаймыз деп келістік. Кафедра доценттері Жадыра Ермекова, Бат­сайы Садықовамен бірге қызымызды бар­лық салт-дәстүрді сақтап ұзаттық. Жадыра Керімбайқызы Таңнұрдың шашын өріп, мен шығарып салу әнімді айтып, батамызды беріп, шығарып салдық. Тәтті, жеміс-жидек толы қоржындарымызды дайындап, алып бардық. Таңнұрмен бірге ата-енесі Бейсенжан мен Сарқытхан құдалардың үйіне Жадыра Керімбайқызы екеуміз еріп барып, құтты орнына қондырдық. Құдалар ҚХР-ның Бұратала қаласынан келген қандас бауырлар екен. Рулары – Найман. Бізді ол кісілер «Еуразия ұлттық универси­те­ті­мен құда болдық» деп мәз-мейрам болып, құшақ жая қарсы алды. Қытайдағы қандас бауырларымыздың қы­зын, ата-анасын, туыстарын шалғайда еке­нін білдірмей, осылай ұзатып, тойына құда болып барған біздерге құдалар дән риза болды. Қазір Таңнұр қызымыз өз отбасында иба­лы келін, сүйікті жар болып, бақытты өмір сүріп жатыр.

Ғибрат Сағындықова, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты