Ағайынға арқасүйеу атажұрт

Ағайынға арқасүйеу атажұрт

Ағайынға арқасүйеу атажұрт
ашық дереккөзі

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев «Егемен Қазақстан» газе­тінде жарық көр­ген өзінің «Тәуелсіздік тағылымы» деп атала­тын мақаласында: «Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарынан бері тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай ша­шылған мил­лионнан астам қандасымызды атамекенге ал­дырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бе­тінде халқының саны миллионға жетпейтін қан­шама мемлекет бар. Біз осыншама қан­дасымызды шетел­дерден алдырып қана қой­май, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына бі­лім бер­дік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді», – деп атап өткені белгілі.

Шынымен де, тарихтағы түрлі саяси се­бептерге байланысты шетелдерде тұра­тын миллиондаған қандасымызбен көп жыл бойы емін-еркін қатынас жасауға мүм­кін­дігіміз бол­май келді. Бұл – ұлтымыз­дың жан жарасының бірі. Тәуелсіздік жыл­дарын­да Тұңғыш Президент – Елбасымыз Н.Назарбаевтың басшылығымен осы олқы­лық­тың орнын толтыруға жол ашылды. Өткен 30 жылда тәуелсіз қазақ елін құру, қалыптастыру және нығайту жо­лында Елбасымыз табысты атқарып шық­қан аса ауқымды істерінің қатарынан біз мы­на үш мәселені ерекше бөліп атаған болар едік. Оның біріншісі – көршілес мем­ле­кет­тер­мен шекара шебімізді бейбіт жағдайда, дип­ломатиялық жолмен шегендеп беруі, екін­шісі – елордамызды Алматыдан Арқа тө­сіндегі Ақмолаға ауыстырып, аз жылда Аста­на сияқты айшықты қаланы тұрғызуы. Ал үшіншісі – алыс-жақын шетелдерден бір мил­лионнан астам қандас бауырларымызды атамекеннің құшағына оралтуы. Әрине, тәуелсіз елді қалыптастырудың қат-қабат қиындықтарымен арпа­лыса жүріп жүзеге асырылған осынау үш игіліктің қай-қайсысы да халқымыздың «ға­сыр­лық жетістігі» деп айтуға лайықты. Алай­да тағдырдың теперішімен әлемнің түкпір-түк­піріне тарыдай шашылып кеткен қан­дастарымызды Қазақстанға жинай бас­тауы­мыз саяси-стратегиялық тұрғыдан да, пат­риот­тық тұрғыдан да ешқашан маңызын жой­­майтын, тарихи ұлы істердің бірі болып қа­латыны – басы ашық ақиқат. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Алаш бала­сы­ның ғасырлар бойы аңсаған асқақ ар­маны орындалып, тәуелсіз ел атандық. Ол кез­де республикамызда мемлекет атын ие­ле­ніп отырған жергілікті халықтың үлес сал­ма­ғы небәрі 40 пайыз маңайында ғана еді. Осын­дай жағдайда «азаттықтың айдынына жаңа шыққан қазақ елі кемесінің желкені қай­да апарып соғуы мүмкін, тосын соққан дауыл­дарға төтеп бере алар ма екен?» деген сұ­рақ­тар қай-қайсымызды да мазалағаны рас. Елдің тағдыры мен болашағына қатыс­ты осынау күрмеуі күрделі мәселені же­дел шешудің бір жолы шетелдерде тұратын қа­ндас бауырларымызды мүмкіндігінше елге орал­тып, сол арқылы ортамызды толтырып, ке­мімізді бүтіндеу еді. Президент осыны ерте аң­ғарып қана қойған жоқ, іске де жедел кіріс­ті. Тіпті, Елбасымыздың бұл бағыттағы қада­мы республикамыз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ басталып кеткені де жұртшылықтың жа­дынан шыға қоймаған болар. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың қыр­күйек айында Қазақстан Пре­зи­денті ретінде Түркияға ресми сапармен бар­ды. Сапар барысында, Ыстанбұл қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды елге көшіріп алуға уәде берді. Бұл оқи­­ға сол кезде тек Түркиядағы ғана емес, со­­­­нымен бірге шетте жүрген күллі қазақ диас­порасы өкілдерінің жүректеріне үміт отын жағып, болашаққа деген сенімдерін оятты. Осы кездесуде қазақ диаспорасының өкіл­дері Елбасыға кезінде Ауғанстан­нан ауып барып, Пәкістан, Иран, Сауд Ара­биясы және Түркияда босқын ретінде тұ­рып жатқан қазақ бауырларымызды алдымен елге қайтаруға қол ұшын беру туралы өтініш біл­дір­ген болатын. Президент осы өтінішті бір­­ден қабыл алып, тәуелсіздігіміз жария бол­­ғаннан кейінгі аз уақыт ішінде Қазақ­стан­нан арнайы әуе көлігін жіберіп, аталған мем­­лекеттерде босқын болып күн кешіп жүр­ген бауырларымызды атамекенге ал­дыртты. Бір кездері тағдыр тәлкегіне түсіп, Ау­ғанстан­нан пана таппай, бөтен ел, жат жұрт арасында азып-тозып жүрген сол бауыр­ларымыз бүгінде Қазақстанның әр-әр жерін­де өсіп-өніп, еңбек етіп, туған халқымен бірге бақытты болашағының бесігін тербе­туде. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өзі­нің тәуелсіздігін жариялады. Содан тура 15 күннен кейін Елбасы шетелдерге хабар тара­татын «Шалқар» радиосы арқылы сөз сөй­леп, алыста жүрген ағайындарға ақ тілегін жол­дады. Азат ел, тәуелсіз Мемлекет бас­шы­сы­ның үні қандай асқақ, сөздері қандай ек­пін­ді еді десеңізші! Әуе толқынынан саңқыл­дай шыққан бұл тілекті өз құлағымен естіген қазақ баласының қуанышында шек болмады. Елбасының, әсіресе: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіз­дер­ді кешегі күнге дейін «Ата-баба жеріне қай­тып келе аламыз ба?» деген сұрақтың алаң­датып келгенін мен жақсы білемін. «Ту­ған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қан­дас бауырларымызды байырғы атақо­ны­сына тарту мақсатында Қазақстан Үкіметі ар­­­найы қаулы қабылдады. Сондықтан ата­ме­кенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарыл­қа­сын!», – деген сөздерін толқымай тыңдау мүм­кін емес еді. Айтылған сөз ақиқатқа айналса ғана құн­ды. Ал Елбасымыздың сөйлеген сөздері мен айтылған ойларының бәрі біртіндеп жү­зеге аса бастады. 1992 жылы қыркүйек айын­да сол кездегі астанамыз Алматы қала­сын­да Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей бас­тамасымен Дүниежүзі қазақтарының тұң­ғыш құрылтайы шақырылды. Ғасырлар бойы жат жерде жүрген қазақ диаспорасы өкілдерінің бастары атамекенде қосылып, бір-бірімен жылап көрісті. Мұндағы жұрт та жеті атасы тіріліп келгендей қуанды. Шетел­ден келген бауырлардың ұшақтан түсе салы­сы­мен әуежайдың топырағына аунап, қара жер­ді құшырлана сүйгенін көргенде жүрек­тері тебіренбеген жан қалмады. Осы құрыл­тайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдас­ты­ғы құрылды. Оның Төрағасы болып Ел­ба­сымыз Н.Назарбаев бірауыздан сайланды. Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрыл­тайы өткен соң, көп ұзамай Қа­зақстанның сол кездегі Президенті 1992 жыл­дың қараша айында Иран Президентінің ар­найы шақыруымен осы елге тұңғыш рет ресми сапармен барды. Сапар кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Иранның сол кездегі Пре­зиденті Әли Акбар Хашеми Рафсанжани мыр­замен сондағы қазақтардың тағдыры тура­лы арнайы әңгімелесіп, ағайынның өз қа­лауы бойынша атажұртына еркін көшуі тура­лы келісімге келді. Бұл да, әсіресе жас­тары парсыланып кетуге бейім тұрған Иран­дағы қазақ диаспорасы үшін теңдесі жоқ қуа­ныш еді. Басқаны былай қойғанда, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған Ре­сей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрік­мен­стан, Тәжікстан, Қырғызстан, т.б. республи­ка­­­лардағы қазақтарды атамекенге оралтудың заң­дық тетіктерін жасаудың өзі оңайға түс­кен жоқ. Дегенмен Елбасымыз бұл елдерде өмір сүріп жатқан ағайындарды елге оралту мә­селесін тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­да аталған мемлекеттердің басшыларымен жеке-жеке сөйлесіп, келісімге келу арқылы оң­тайлы шешіп берді. Соның арқасында, әсіре­се Өзбекстандағы қандастар Отанға ке­дер­гісіз оралуға толық мүмкіндік алды. Азаттықтың алғашқы кезеңінде алыс­тағы ағайындарды елге оралту үшін Қытай елі­мен келісімге келудің қиындығы көптің көңілін күпті қылған күрделі мәселенің бірі бол­ғаны жасырын емес. Алайда Елбасымыз ҚХР-дың сол кездегі төрағасы Цзянь Цзэ­мин­мен ауызекі келісіп, «бөлініп-жарылған отба­сы­лардың қоныс аударуына» рұқсатын алды. Аспа­насты еліне жасаған кезекті бір сапа­рын­да Нұрсұлтан Әбішұлы ондағы ағайын­дардың хал-жағдайын білу мақсатымен Құлжа қаласына дейін барып, қандастардың өкілдерімен кездесіп, тұрмыс-тіршіліктерін көзімен көріп қайтқан болатын. Осындай қа­дамдардың арқасында Қытайда өмір сүріп жатқан қандастар арасындағы атажұртқа ора­ламын деушілердің көшіне кең жол ашылды. Қазірге дейін қазақ елінде Дүниежүзі қа­зақтарының төрт құрылтайы өтті. Нақтырақ айтқанда, бұл бес жыл сайын бір құрыл­тай өтіп тұрды деген сөз. Соның бәріне де Елбасының өзі қатысып, шетелдердегі қа­зақ диаспорасының мұң-мұқтажын, көші-қон­ға қатысты түйткілді мәселелерін мұқият тың­дап, тиісті басшыларға оларды тездетіп шешу жөнінде нақты тапсырма беріп отырды. Елбасымыздың құрылтай қонақтарына арнап айтқан жүрекжарды лебізінен оның туған халқына деген сүйіспеншілігін, алыстағы ағайынға деген ыстық ықыласы мен бауырмалдығын аңғару қиын емес. Осы­ған бір мысал, 2005 жылы 29 қыркүйек күні өткен Дүниежүзi қазақтарының ІІІ құрыл­тайында Н.Назарбаев халқымыздың «Жол жүрсе өнеді» деген қанатты сөзін мысалға ала келіп: «Ал ең басты жол – Отанға бастайтын жол, ол жырақта жүрiп сағыныштан сарғай­ған қандастарымыздың жүрегi арқылы өте­тiн жол. Талайларыңыз атамекенге жүрек жо­лымен келiп, туған жер төсiнде тұрақтап қа­лып та жатырсыздар. Оттан да ыстық Отан­­ның ыстығына күйiп, суығына тоңып ке­ле­сiздер. Қай жерде жүрсеңiздер де, атамекендi ардақтаған адал жүректерiңiзбен туған жерiмiздiң жақсы атын шығарып ке­лесiздер. Сол үшін Сіздерге мың да бір рақмет ай­тамын», – дегенде залдағы жұрттың көбі көз жастарына ерік берген болатын. Бұл, әрине қуаныштың, бақыттың, тебіреністің көз жасы еді... Иә, бүгінде қазақ елі – қомақты қара­жат бөліп, қандастарын еліне ша­қырып отырған санаулы ғана мемлекеттің бірі. Соның арқасында өткен ширек ғасыр ішін­де 300 мыңға жуық отбасы атажұртқа орал­ды. Бұл – бұрыннан керегесі кең, бүгінде өз­гелермен терезесі тең тәуелсіз еліміздің хал­қы 1 миллионнан астам жаңа қандас­тары­мызбен толықты деген сөз. Айтқанға қысқа көрінгенімен, бұл біздің еліміз үшін үлкен бір облыстың немесе он шақты аудан­ның халқына шамалас келетін қомақты сан екені сөзсіз. «Елге ел қосылса – құт!» дейтін қазақ да­налығын бір сәтке де естен шығармайтын Елба­сымыздың Жарлығымен 2008 жылдан бастап алыс-жақын шетелдердегі қандас­тары­мыздың көшіп келу квотасы жылына 20 мың отбасына дейін көбейтілді. Бұл жыл сайын шетелдерде тұратын 100 мыңға жуық қазақ мемлекеттің көмегімен атамекенге оралып, емін-еркін қоныстануына мүмкіндік берді. Ал атажұртқа өз күшімен, өз қаража­тымен оралып жатқандары қаншама! Елбасының көші-қон саясатының түпкі мәнін терең түсініп, ел тағдыры мен бо­лашағына қатысты іргелі іс-шараға жұмыла қол­дау көрсеткен бірқатар аудан, аймақ бас­шыларының туған елмен қауышып, орта­мызды толтырып жатқан қандас­тарымызға қол­дан келген көмектің бәрін жасап, тіпті ар­найы ауыл салып беріп, сауапты да игілікті іс тындырып жатқанын атап айтуға тиіспіз. Бүгінде еліміздің бірнеше аймағында бейім­деу орталықтары құрылып, өзге ортадан кел­ген ағайынның өз еліне тез сіңісіп кетуі үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалуда. Алайда 2009 және 2010 жылдары көш кі­діріп, белгіленген квота мөлшері толмай қалатын жағдай жиі қайталана бастаған болатын. Бұл мәселеге 2011 жылы мамыр айы­ның 25-27 күндері елордамыз – Астанада өт­кен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрыл­тайында Мемлекет басшысының өзі баса назар аударып, қандастарымыздың құжат тап­сыру, тіркеуге тұру, азаматтық алуы кезін­де ұшырасатын түрлі кедергілерді жойып, олар­дың атамекенге оралуын бір жүйеге тү­сіру жөнінде нақты тапсырма берді. Елбасымыз Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының Төрағасы ретінде осы құрылтайда алдағы кезде атқарылуға тиіс жұмыстардың бес бағытын айқындап бер­ді. Оның біріншісі – елге оралып жатқан қан­дастарымыздың жағдайын жақсартуға сеп­тігін тигізетін «Халықтың көші-қоны тура­лы» жаңа заң қабылдау; екіншісі – шетел­дегі қазақ жастарының Қазақстанға келіп са­палы білім алуы үшін оларға бөлінетін грант квотасын нақтылап, талапкерлермен жүйе­лі жұмыс жүргізу; үшіншісі – шеттегі қа­зақтардың Қазақстанмен жан-жақты бай­ла­ныс орнатуына көмектесу; төртіншісі – қан­дастарымыз тұратын елдерде ұлттық мә­дениет пен өнердің кеңінен таралуына жәр­демдесу; бесіншісі – шетелдерде кіші құрыл­тайларды тұрақты өткізіп тұру. Демек, бұл – қазақ көші әлі де жалғаса береді деген сөз. Келемін дейтін ағайын­­­­ға Отанымыздың құшағы айқара ашық. Ал келген ағайындарымыздың басым көп­шілігі атажұртқа орнығып, тиісті шаруа­сымен айналысып, бала-шағасын өсіріп, ата­мекеннің төрінде алаңсыз өмір сүруде. Өкінішке қарай, кейде ана жер, мына жер­де Қазақстандағы көші-қон жұ­мыс­тарын сыпыра жоққа шығарып, қандас атау­лыға түгелдей жетім баланың күйін кеш­тір­тіп, оларды күнін көре алмай жүргендей етіп сүмірейте көрсету пікірлері де қылаң бе­ріп қалады. Тағы да қайталап айтамыз: Ел­ба­сымыз Н.Назарбаевтың салиқалы сая­са­тының арқасында тәуелсіздік алғалы бері елімізде атқарылған, мақтанып айтуға лайық­­ты маңызды да ауқымды істер аз емес. Өзі­мізбен қатар тәуелсіздік алған респуб­ли­калардың ешқайсысы мұндай іс-шараны жүзеге асыра алған жоқ. Мұндай қадамға тек Тұң­ғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қана бара алды. Бұл ерлік іс емей немене?! «Әр қазақ – менің жалғызым!», – деп ақын Сабыр Адай жырлағандай, жанымызға жан, айбынымызға айбын қосқан бір мил­лион қазақ түгілі, біздің еліміз үшін бір аза­мат­тың соқа басының өзі баға жетпес байлық еке­ні сөзсіз. Оның сыртында, шеттен келген бауырларымызбен бірге елге мәдени-рухани құндылықтарымыз да оралып, ұлттық мәде­ниетіміздің дамуында тың тыныс, жаңа өріс пай­да болғанын мақтанышпен айтуға тиіс­піз. Сол арқылы қаймағы бұзылмаған шұрай­лы тіліміз мен бай әдеби мұрамыз, діни се­нім-нанымымыз бен халықтық салт-дәс­түр­леріміз, ұлттық қолөнер туындылармыз, ата­мекенде ұмыт қалып бара жатқан көпте­ген ән-күйіміз бен биіміз соңғы 25 жыл­дың ауқымында отандық мәдениетімізге жаңа қазына болып қосылып, одан әрі байи түсті. Атажұртқа оралған ағайындардың ара­сында бүгінде елімізде кәсіпкер­лік­­пен табысты айналысып, ғылымымыз бен бі­лімімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді да­мытуға белсене атсалысып жүрген айтулы тұл­ғаларымыз қаншама десеңізші! Бір ғана әдебиет саласын алсақ, көші-қон саясатының арқасында қазақ қа­лам­гер­лерінің қатары жүздеген талантты ақын-жазушылармен толықты. Елге оралған қандас қаламгерлер әдебиетімізге тың тыныс, жаңа леп ала келді. Олардың қаламынан ту­ған шығармалар отандық оқырманның жү­ре­гіне жол тауып, сүйіспеншілігіне бөленіп үл­герді. Сондай-ақ қазақ қисса-дастандарының ондаған томы, ағартушы ақындар – Ақыт қажы Үлімжіұлының, Көдек Марал­байұлы­ның, Әсет Найманбайұлының, Таң­жарық Жолдыұлының шығармалары, XV ғ­а­сырда өмір сүрген әйгілі қазақ шипагері Өтей­бойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық еңбегі, Қажығұмар Шаб­данұлының 6 томдық «Қылмыс» романы атажұртта жарық көріп, руханиятымыздың көкжиегін кеңейте түсті. Бұл арада әлемнің түкпір-түкпірінен ел­ге оралып жатқан бұлбұл көмей, жез таңдай әншілердің бәрін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Бір ғана Майра Мұхамедқызының өзі Қазақстанның ән өнері мен музыка мәде­ние­тін әлемдік жаңа белеске көтеруге қан­ша­лықты үлес қосып жүргенін айтсақ та жет­кілікті. Ұлттық би өнеріміз де тәуелсіздік жыл­дарында өзінің жаңаша даму арнасын тап­ты. Бұл салада Шұғыла Сапарғалиқызы алып келген би мектебінің өзіндік орны бар еке­ні әмбеге аян. Ал ұлттық дәстүрлі би өне­рінің жауһары саналатын «Қара жор­ға» бүгінде той-жиындарда халқымыз­дың жанына шаттық нұрын сыйлайтын ор­тақ игілігімізге айналды. Таэквондо – бүгінде елімізде қанатын кең­ге жайып, тез өркендеп келе жат­қан спорттың бір түрі. Оның қазақ топы­ра­ғын­да тамыр жаюы Мұстафа Өзтүріктің есі­­­­­­мімен тікелей байланысты. Ал боксшы­лары­мыз Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам әлемдік, ең мәртебелі бокс бәсекелерінде ел абыройын асқақтатып, көк Туымызды биікте желбіретті. Тәуелсіздік жылдарында әлемнің әр түкпірінен еліміздің білім мен ғылым саласына келіп қосылған білікті педагог және ғалым бауырларымыз да аз емес. Осынау іске өлшеусіз үлес қосқан Халифа Алтай, Зарды­хан Қинаятұлы, Мініс Әбілтай, Қаржаубай Сарт­қожа, Нәпіл Бәзілханұлы, Нәбижан Мұ­ха­метхан, Дүкен Мәсімханұлы секілді тарих­шы және әдебиетші ғалымдардың есімдерін құрметпен айту ләзім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бұлардың әрқайсысы өз сала­сы бойынша жастар тәрбиелеу мен ғылыми зерттеулер жүргізу ісін қатар өрістетіп, отан­дық шығыстану және тарих ғылымдарын жаңа белеске көтеруге лайықты атсалысты. Олар­дың қатарында қазіргі және ежелгі моң­ғол, қытай, парсы және шағатай тілдерін жақ­сы меңгерген білікті мамандар бар. Осын­дай ғалымдар мен педагогтердің елге ора­луының арқасында шығыстану саласы ілгері­лей түсті. Елге елдің қосылып, құтқа айналғаны­ның көрінісі осы болса керек. Елба­сымыздың көші-қон және демография сала­сын­дағы салиқалы саясатының, шетелдердегі қа­зақ диаспорасына қатысты ерен еңбегінің ар­қасында осылайша өлгеніміз тірілді, өш­кеніміз жанды, ортамыз толды, ойдағымыз бол­ды деп нық сеніммен айта аламыз.

Дүкен Мәсімханұлы, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор