Ағайынға арқасүйеу атажұрт
Ағайынға арқасүйеу атажұрт
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген өзінің «Тәуелсіздік тағылымы» деп аталатын мақаласында: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған миллионнан астам қандасымызды атамекенге алдырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мемлекет бар. Біз осыншама қандасымызды шетелдерден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына білім бердік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді», – деп атап өткені белгілі.
Шынымен де, тарихтағы түрлі саяси себептерге байланысты шетелдерде тұратын миллиондаған қандасымызбен көп жыл бойы емін-еркін қатынас жасауға мүмкіндігіміз болмай келді. Бұл – ұлтымыздың жан жарасының бірі. Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасымыз Н.Назарбаевтың басшылығымен осы олқылықтың орнын толтыруға жол ашылды.
Өткен 30 жылда тәуелсіз қазақ елін құру, қалыптастыру және нығайту жолында Елбасымыз табысты атқарып шыққан аса ауқымды істерінің қатарынан біз мына үш мәселені ерекше бөліп атаған болар едік. Оның біріншісі – көршілес мемлекеттермен шекара шебімізді бейбіт жағдайда, дипломатиялық жолмен шегендеп беруі, екіншісі – елордамызды Алматыдан Арқа төсіндегі Ақмолаға ауыстырып, аз жылда Астана сияқты айшықты қаланы тұрғызуы. Ал үшіншісі – алыс-жақын шетелдерден бір миллионнан астам қандас бауырларымызды атамекеннің құшағына оралтуы.
Әрине, тәуелсіз елді қалыптастырудың қат-қабат қиындықтарымен арпалыса жүріп жүзеге асырылған осынау үш игіліктің қай-қайсысы да халқымыздың «ғасырлық жетістігі» деп айтуға лайықты. Алайда тағдырдың теперішімен әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды Қазақстанға жинай бастауымыз саяси-стратегиялық тұрғыдан да, патриоттық тұрғыдан да ешқашан маңызын жоймайтын, тарихи ұлы істердің бірі болып қалатыны – басы ашық ақиқат.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Алаш баласының ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы орындалып, тәуелсіз ел атандық. Ол кезде республикамызда мемлекет атын иеленіп отырған жергілікті халықтың үлес салмағы небәрі 40 пайыз маңайында ғана еді. Осындай жағдайда «азаттықтың айдынына жаңа шыққан қазақ елі кемесінің желкені қайда апарып соғуы мүмкін, тосын соққан дауылдарға төтеп бере алар ма екен?» деген сұрақтар қай-қайсымызды да мазалағаны рас.
Елдің тағдыры мен болашағына қатысты осынау күрмеуі күрделі мәселені жедел шешудің бір жолы шетелдерде тұратын қандас бауырларымызды мүмкіндігінше елге оралтып, сол арқылы ортамызды толтырып, кемімізді бүтіндеу еді. Президент осыны ерте аңғарып қана қойған жоқ, іске де жедел кірісті. Тіпті, Елбасымыздың бұл бағыттағы қадамы республикамыз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ басталып кеткені де жұртшылықтың жадынан шыға қоймаған болар.
Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Президенті ретінде Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында, Ыстанбұл қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды елге көшіріп алуға уәде берді. Бұл оқиға сол кезде тек Түркиядағы ғана емес, сонымен бірге шетте жүрген күллі қазақ диаспорасы өкілдерінің жүректеріне үміт отын жағып, болашаққа деген сенімдерін оятты.
Осы кездесуде қазақ диаспорасының өкілдері Елбасыға кезінде Ауғанстаннан ауып барып, Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы және Түркияда босқын ретінде тұрып жатқан қазақ бауырларымызды алдымен елге қайтаруға қол ұшын беру туралы өтініш білдірген болатын. Президент осы өтінішті бірден қабыл алып, тәуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақыт ішінде Қазақстаннан арнайы әуе көлігін жіберіп, аталған мемлекеттерде босқын болып күн кешіп жүрген бауырларымызды атамекенге алдыртты.
Бір кездері тағдыр тәлкегіне түсіп, Ауғанстаннан пана таппай, бөтен ел, жат жұрт арасында азып-тозып жүрген сол бауырларымыз бүгінде Қазақстанның әр-әр жерінде өсіп-өніп, еңбек етіп, туған халқымен бірге бақытты болашағының бесігін тербетуде.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Содан тура 15 күннен кейін Елбасы шетелдерге хабар тарататын «Шалқар» радиосы арқылы сөз сөйлеп, алыста жүрген ағайындарға ақ тілегін жолдады. Азат ел, тәуелсіз Мемлекет басшысының үні қандай асқақ, сөздері қандай екпінді еді десеңізші! Әуе толқынынан саңқылдай шыққан бұл тілекті өз құлағымен естіген қазақ баласының қуанышында шек болмады. Елбасының, әсіресе: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін «Ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба?» деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында Қазақстан Үкіметі арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!», – деген сөздерін толқымай тыңдау мүмкін емес еді.
Айтылған сөз ақиқатқа айналса ғана құнды. Ал Елбасымыздың сөйлеген сөздері мен айтылған ойларының бәрі біртіндеп жүзеге аса бастады. 1992 жылы қыркүйек айында сол кездегі астанамыз Алматы қаласында Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы шақырылды. Ғасырлар бойы жат жерде жүрген қазақ диаспорасы өкілдерінің бастары атамекенде қосылып, бір-бірімен жылап көрісті. Мұндағы жұрт та жеті атасы тіріліп келгендей қуанды. Шетелден келген бауырлардың ұшақтан түсе салысымен әуежайдың топырағына аунап, қара жерді құшырлана сүйгенін көргенде жүректері тебіренбеген жан қалмады. Осы құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның Төрағасы болып Елбасымыз Н.Назарбаев бірауыздан сайланды.
Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткен соң, көп ұзамай Қазақстанның сол кездегі Президенті 1992 жылдың қараша айында Иран Президентінің арнайы шақыруымен осы елге тұңғыш рет ресми сапармен барды. Сапар кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Иранның сол кездегі Президенті Әли Акбар Хашеми Рафсанжани мырзамен сондағы қазақтардың тағдыры туралы арнайы әңгімелесіп, ағайынның өз қалауы бойынша атажұртына еркін көшуі туралы келісімге келді. Бұл да, әсіресе жастары парсыланып кетуге бейім тұрған Ирандағы қазақ диаспорасы үшін теңдесі жоқ қуаныш еді.
Басқаны былай қойғанда, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, т.б. республикалардағы қазақтарды атамекенге оралтудың заңдық тетіктерін жасаудың өзі оңайға түскен жоқ. Дегенмен Елбасымыз бұл елдерде өмір сүріп жатқан ағайындарды елге оралту мәселесін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аталған мемлекеттердің басшыларымен жеке-жеке сөйлесіп, келісімге келу арқылы оңтайлы шешіп берді. Соның арқасында, әсіресе Өзбекстандағы қандастар Отанға кедергісіз оралуға толық мүмкіндік алды.
Азаттықтың алғашқы кезеңінде алыстағы ағайындарды елге оралту үшін Қытай елімен келісімге келудің қиындығы көптің көңілін күпті қылған күрделі мәселенің бірі болғаны жасырын емес. Алайда Елбасымыз ҚХР-дың сол кездегі төрағасы Цзянь Цзэминмен ауызекі келісіп, «бөлініп-жарылған отбасылардың қоныс аударуына» рұқсатын алды. Аспанасты еліне жасаған кезекті бір сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы ондағы ағайындардың хал-жағдайын білу мақсатымен Құлжа қаласына дейін барып, қандастардың өкілдерімен кездесіп, тұрмыс-тіршіліктерін көзімен көріп қайтқан болатын. Осындай қадамдардың арқасында Қытайда өмір сүріп жатқан қандастар арасындағы атажұртқа ораламын деушілердің көшіне кең жол ашылды.
Қазірге дейін қазақ елінде Дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайы өтті. Нақтырақ айтқанда, бұл бес жыл сайын бір құрылтай өтіп тұрды деген сөз. Соның бәріне де Елбасының өзі қатысып, шетелдердегі қазақ диаспорасының мұң-мұқтажын, көші-қонға қатысты түйткілді мәселелерін мұқият тыңдап, тиісті басшыларға оларды тездетіп шешу жөнінде нақты тапсырма беріп отырды.
Елбасымыздың құрылтай қонақтарына арнап айтқан жүрекжарды лебізінен оның туған халқына деген сүйіспеншілігін, алыстағы ағайынға деген ыстық ықыласы мен бауырмалдығын аңғару қиын емес. Осыған бір мысал, 2005 жылы 29 қыркүйек күні өткен Дүниежүзi қазақтарының ІІІ құрылтайында Н.Назарбаев халқымыздың «Жол жүрсе өнеді» деген қанатты сөзін мысалға ала келіп: «Ал ең басты жол – Отанға бастайтын жол, ол жырақта жүрiп сағыныштан сарғайған қандастарымыздың жүрегi арқылы өтетiн жол. Талайларыңыз атамекенге жүрек жолымен келiп, туған жер төсiнде тұрақтап қалып та жатырсыздар. Оттан да ыстық Отанның ыстығына күйiп, суығына тоңып келесiздер. Қай жерде жүрсеңiздер де, атамекендi ардақтаған адал жүректерiңiзбен туған жерiмiздiң жақсы атын шығарып келесiздер. Сол үшін Сіздерге мың да бір рақмет айтамын», – дегенде залдағы жұрттың көбі көз жастарына ерік берген болатын. Бұл, әрине қуаныштың, бақыттың, тебіреністің көз жасы еді...
Иә, бүгінде қазақ елі – қомақты қаражат бөліп, қандастарын еліне шақырып отырған санаулы ғана мемлекеттің бірі. Соның арқасында өткен ширек ғасыр ішінде 300 мыңға жуық отбасы атажұртқа оралды. Бұл – бұрыннан керегесі кең, бүгінде өзгелермен терезесі тең тәуелсіз еліміздің халқы 1 миллионнан астам жаңа қандастарымызбен толықты деген сөз. Айтқанға қысқа көрінгенімен, бұл біздің еліміз үшін үлкен бір облыстың немесе он шақты ауданның халқына шамалас келетін қомақты сан екені сөзсіз.
«Елге ел қосылса – құт!» дейтін қазақ даналығын бір сәтке де естен шығармайтын Елбасымыздың Жарлығымен 2008 жылдан бастап алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың көшіп келу квотасы жылына 20 мың отбасына дейін көбейтілді. Бұл жыл сайын шетелдерде тұратын 100 мыңға жуық қазақ мемлекеттің көмегімен атамекенге оралып, емін-еркін қоныстануына мүмкіндік берді. Ал атажұртқа өз күшімен, өз қаражатымен оралып жатқандары қаншама!
Елбасының көші-қон саясатының түпкі мәнін терең түсініп, ел тағдыры мен болашағына қатысты іргелі іс-шараға жұмыла қолдау көрсеткен бірқатар аудан, аймақ басшыларының туған елмен қауышып, ортамызды толтырып жатқан қандастарымызға қолдан келген көмектің бәрін жасап, тіпті арнайы ауыл салып беріп, сауапты да игілікті іс тындырып жатқанын атап айтуға тиіспіз. Бүгінде еліміздің бірнеше аймағында бейімдеу орталықтары құрылып, өзге ортадан келген ағайынның өз еліне тез сіңісіп кетуі үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалуда.
Алайда 2009 және 2010 жылдары көш кідіріп, белгіленген квота мөлшері толмай қалатын жағдай жиі қайталана бастаған болатын. Бұл мәселеге 2011 жылы мамыр айының 25-27 күндері елордамыз – Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Мемлекет басшысының өзі баса назар аударып, қандастарымыздың құжат тапсыру, тіркеуге тұру, азаматтық алуы кезінде ұшырасатын түрлі кедергілерді жойып, олардың атамекенге оралуын бір жүйеге түсіру жөнінде нақты тапсырма берді.
Елбасымыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы ретінде осы құрылтайда алдағы кезде атқарылуға тиіс жұмыстардың бес бағытын айқындап берді. Оның біріншісі – елге оралып жатқан қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізетін «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң қабылдау; екіншісі – шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанға келіп сапалы білім алуы үшін оларға бөлінетін грант квотасын нақтылап, талапкерлермен жүйелі жұмыс жүргізу; үшіншісі – шеттегі қазақтардың Қазақстанмен жан-жақты байланыс орнатуына көмектесу; төртіншісі – қандастарымыз тұратын елдерде ұлттық мәдениет пен өнердің кеңінен таралуына жәрдемдесу; бесіншісі – шетелдерде кіші құрылтайларды тұрақты өткізіп тұру.
Демек, бұл – қазақ көші әлі де жалғаса береді деген сөз. Келемін дейтін ағайынға Отанымыздың құшағы айқара ашық. Ал келген ағайындарымыздың басым көпшілігі атажұртқа орнығып, тиісті шаруасымен айналысып, бала-шағасын өсіріп, атамекеннің төрінде алаңсыз өмір сүруде.
Өкінішке қарай, кейде ана жер, мына жерде Қазақстандағы көші-қон жұмыстарын сыпыра жоққа шығарып, қандас атаулыға түгелдей жетім баланың күйін кештіртіп, оларды күнін көре алмай жүргендей етіп сүмірейте көрсету пікірлері де қылаң беріп қалады. Тағы да қайталап айтамыз: Елбасымыз Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіздік алғалы бері елімізде атқарылған, мақтанып айтуға лайықты маңызды да ауқымды істер аз емес. Өзімізбен қатар тәуелсіздік алған республикалардың ешқайсысы мұндай іс-шараны жүзеге асыра алған жоқ. Мұндай қадамға тек Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қана бара алды. Бұл ерлік іс емей немене?!
«Әр қазақ – менің жалғызым!», – деп ақын Сабыр Адай жырлағандай, жанымызға жан, айбынымызға айбын қосқан бір миллион қазақ түгілі, біздің еліміз үшін бір азаматтың соқа басының өзі баға жетпес байлық екені сөзсіз. Оның сыртында, шеттен келген бауырларымызбен бірге елге мәдени-рухани құндылықтарымыз да оралып, ұлттық мәдениетіміздің дамуында тың тыныс, жаңа өріс пайда болғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Сол арқылы қаймағы бұзылмаған шұрайлы тіліміз мен бай әдеби мұрамыз, діни сенім-нанымымыз бен халықтық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық қолөнер туындылармыз, атамекенде ұмыт қалып бара жатқан көптеген ән-күйіміз бен биіміз соңғы 25 жылдың ауқымында отандық мәдениетімізге жаңа қазына болып қосылып, одан әрі байи түсті.
Атажұртқа оралған ағайындардың арасында бүгінде елімізде кәсіпкерлікпен табысты айналысып, ғылымымыз бен білімімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді дамытуға белсене атсалысып жүрген айтулы тұлғаларымыз қаншама десеңізші!
Бір ғана әдебиет саласын алсақ, көші-қон саясатының арқасында қазақ қаламгерлерінің қатары жүздеген талантты ақын-жазушылармен толықты. Елге оралған қандас қаламгерлер әдебиетімізге тың тыныс, жаңа леп ала келді. Олардың қаламынан туған шығармалар отандық оқырманның жүрегіне жол тауып, сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді.
Сондай-ақ қазақ қисса-дастандарының ондаған томы, ағартушы ақындар – Ақыт қажы Үлімжіұлының, Көдек Маралбайұлының, Әсет Найманбайұлының, Таңжарық Жолдыұлының шығармалары, XV ғасырда өмір сүрген әйгілі қазақ шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық еңбегі, Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы атажұртта жарық көріп, руханиятымыздың көкжиегін кеңейте түсті.
Бұл арада әлемнің түкпір-түкпірінен елге оралып жатқан бұлбұл көмей, жез таңдай әншілердің бәрін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Бір ғана Майра Мұхамедқызының өзі Қазақстанның ән өнері мен музыка мәдениетін әлемдік жаңа белеске көтеруге қаншалықты үлес қосып жүргенін айтсақ та жеткілікті.
Ұлттық би өнеріміз де тәуелсіздік жылдарында өзінің жаңаша даму арнасын тапты. Бұл салада Шұғыла Сапарғалиқызы алып келген би мектебінің өзіндік орны бар екені әмбеге аян. Ал ұлттық дәстүрлі би өнерінің жауһары саналатын «Қара жорға» бүгінде той-жиындарда халқымыздың жанына шаттық нұрын сыйлайтын ортақ игілігімізге айналды.
Таэквондо – бүгінде елімізде қанатын кеңге жайып, тез өркендеп келе жатқан спорттың бір түрі. Оның қазақ топырағында тамыр жаюы Мұстафа Өзтүріктің есімімен тікелей байланысты. Ал боксшыларымыз Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам әлемдік, ең мәртебелі бокс бәсекелерінде ел абыройын асқақтатып, көк Туымызды биікте желбіретті.
Тәуелсіздік жылдарында әлемнің әр түкпірінен еліміздің білім мен ғылым саласына келіп қосылған білікті педагог және ғалым бауырларымыз да аз емес. Осынау іске өлшеусіз үлес қосқан Халифа Алтай, Зардыхан Қинаятұлы, Мініс Әбілтай, Қаржаубай Сартқожа, Нәпіл Бәзілханұлы, Нәбижан Мұхаметхан, Дүкен Мәсімханұлы секілді тарихшы және әдебиетші ғалымдардың есімдерін құрметпен айту ләзім.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бұлардың әрқайсысы өз саласы бойынша жастар тәрбиелеу мен ғылыми зерттеулер жүргізу ісін қатар өрістетіп, отандық шығыстану және тарих ғылымдарын жаңа белеске көтеруге лайықты атсалысты. Олардың қатарында қазіргі және ежелгі моңғол, қытай, парсы және шағатай тілдерін жақсы меңгерген білікті мамандар бар. Осындай ғалымдар мен педагогтердің елге оралуының арқасында шығыстану саласы ілгерілей түсті.
Елге елдің қосылып, құтқа айналғанының көрінісі осы болса керек. Елбасымыздың көші-қон және демография саласындағы салиқалы саясатының, шетелдердегі қазақ диаспорасына қатысты ерен еңбегінің арқасында осылайша өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды, ортамыз толды, ойдағымыз болды деп нық сеніммен айта аламыз.
Дүкен Мәсімханұлы,
Р.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының
бас директоры, филология ғылымдарының докторы,
профессор