Тәуелсіздік тұңғыштары

Тәуелсіздік тұңғыштары

Тәуелсіздік тұңғыштары
ашық дереккөзі

Тәуелсіздікке дейінгі тарихты жоққа шығарғанымыз емес, десек те азат­тық алғаннан кейін бағындырған бе­лестер мен толайым табыстар, әр саладағы же­тістіктер мен жетістікке жеткен тұңғыш­тардың орны бөлек. Енді ғана егемендік алған елдің тұң­ғыш жетістіктері – тәй-тәй басқан нәрестенің алғашқы нық қадамындай ыстық естелік, атын әлемге мәшһүр ет­кен сәулелі сәттер.

Қазақ елінің егемендік алып, өз алдына еркін ел болған күн – әр азаматтың жүрек түпкірі, көкірек көмбесінде сақталған ең аяулы да қастерлі оқиға. Тәуелсіздік тарихындағы ең шешуші қадам­ның бірі – Тұңғыш Президент сайлауы еді, 1991 жылғы 1 желтоқсанда еліміздің тарихында жаңа қоғамдық-саяси кезең басталды. Дәл осы күні халық өзінің болашағын, мемлекеттің болашағын Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Азаттығымызды ең бірінші мойындаған және баға берген – Америка Құрама Штаттары. Елі­міз­дің тәуелсіздігін ең бірінші болып мойындаған Түр­кия деген де ақпарат бар. Бұл жерде еліміздің тұң­ғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сү­лей­меновтің мәлімдемесін алға тарта аламыз.
– Қазір біздің барлық елмен тереземіз тең деп айту­ға болады. АҚШ президенті Джордж Буш құт­тықтау телеграммасын жіберді. Қытай министрі келіп, хаттамаға қол қойдық. Сонан соң Моңғолия, Түркиямен байланыс орнаттық, – деген еді ол.
Ал Түркияның бірінші болып мойындауы мүм­кін деген пікірге:
– Жоқ, ол дұрыс емес. Түркиямен 1992 жылғы 2 нау­рызда қарым-қатынас орнаттық. Дәл осы күні Біріккен Ұлттар Ұйымына кірдік. Мұндай ал­пауыт ұйым әлемнің көптеген елін жинаған тәуел­сіздіктің алғашқы жылында, бір жылдың ішін­де ғана сол ұйымды мойындата алдық, – деп жауап берген екен.
Ал елімізде ең бірінші болып елшілігін ашқан – Түр­кия мемлекеті. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Үкімет басшысы Ұзақбай Қараманов болды. Кеңес үкі­метінің ыдырауы мен тәуелсіздігіміздің то­ғысында бұл лауазым өндіріс пен ел шаруа­­шылығының қыр-сырына қанық Ұзақ­бай Қарамановқа міндеттеліп, үлкен сенім артылған еді. Тәуелсіздік алған соң бір жылдан кейін Дү­­ниежүзі қазақтарының құрылтайы Ал­маты қаласында өткізілді. Бұдан кейін қан­­дастар үшін алғашқы жылдық квота та­­ғайындалып, атамекеннен жырақтағы 10 мың отбасы атажұртқа қоныс аударды. Осы­лайша, отандастарымыздың тарихи Ота­нына оралуы тәуелсіздіктің ең үлкен, ерен жетістігі болды. 1992 жылы еліміздің медицина сала­сын­да үлкен жаңалық болды. Дәрігерлеріміз тұң­ғыш рет бұрынғыдай жасанды емес, тірі адамның жүрегін ауыстырды. Мұндай операция жалпы Орта Азияда тұңғыш рет жасалған екен. Ота жасауға екі сағаттан ас­там уақыт кетіп, сәтті аяқталған. Ал осы ота­да алғашқы жүрек трансплантациясы жа­салған адам – Жәнібек Оспанов былтыр праймеризге қатысқан екен. 1993 жылы тұңғыш Ата Заң қабылданды: тәуелсіз Қазақстан тұңғыш Конституциясын жариялады. Ең алғашқы басты құжаттың қа­былдануы – тәуелсіздік жылдарындағы елеулі оқиғалардың бірі. Дәл осы жылы Ұлттық валюта – теңге қолданысқа енді. Жаңа валютаның атауына қатысты да бірқатар ұсыныс болған. Елбасы Н.Назарбаев «Алтын» атауын ұсынды. Кейін жаңа ақшаны «теңге» деп атау туралы ше­шім қабылданды. «Теңге» сөзі орта ғасыр­лар­дағы түркі мемлекеттерінің күміс ақша­сы «денге», «таңғадан» шыққан. Ал қағаз ақ­шаларға халқымызға белгілі ақын-жазу­шы, ғалым, ойшылдардың бейнелерін салу ұй­ғарылды. Суретшілерге бәрінен де әл-Фараби бейнесі бар банкноттар қатарын ашатын бір теңгелік купюра қиынға түсіпті. Оның портреті бұрынырақта Кеңес Ода­ғының Ғылым академиясымен канони­за­цияланған. Бірақ оны ғалымдардың мұра­ғаттарда сақталған еңбектерінен табу да қиынға соққан екен. 1992 жылғы 27 тамыз­да Ұлттық банкте теңге купюрасының үлгі­лерін бекіткен дизайнерлер тобы Англияға аттанды. 1994 жылы бір топ қазақстандық сту­дент алғаш рет «Болашақ» бағдарламасы аясын­да шетелдік жоғары оқу орындарына жі­берілді. Бүгінде «Болашақ» түлектері елі­міз­дің өркендеуіне үлес қосып жүр. Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш рет Пар­ла­мент сайлауы өтіп, елде көппартиялық жүйе­нің дамуына жол ашты. Сенаттың тұң­ғыш Төрағасы – Байгелді Өмірбек. Ол Пар­ламенттің жоғарғы палатасына 1996 жыл­дың 30 қаңтарынан 1999 жылдың 1 жел­тоқсанына дейін төрағалық етті. Сенат Спи­кері болып тағайындалмай тұрып ол Пре­зиденттің кеңесшісі болған. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің тұң­ғыш Төрағасы – Марат Оспанов. Ол – еге­мен­­дікке жол ашқан Қазақстанның тәуел­сіздігі туралы декларациясынан басталатын ел үшін маңызды құжаттар әзірлеуге қа­тысқан қайраткер. Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қа­ласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Онда аты аңызға ай­налған жерлесіміз Владимир Смирнов тәуел­сіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Олим­пиада чемпионы атанды, одан бөлек 2 күміс медаль алды. Бұл жетістік елімізді жалпы­ко­мандалық есепте 12-орынға шығарды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Алматы қаласы 28-ші Дүниежүзілік қыс­­­­қы Универсиаданы қабылдады. 2017 жыл­ғы 8 ақпанда басталған іс-шара 12 спорт түрінен 8 спорт объектісінде («Шым­бұлақ» тау шаңғысы курорты, «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Сұңқар» халықаралық кешені, Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы жә­не биатлон стадиондары кешені, «Та­ба­ған», «Алматы арена» және «Халық арена» ойын-сауық кешені) үлкен абыроймен ұйым­дастырылды. Универсиадада қазақ­стан­дық сту­денттер құрамасы 36 медаль алып, жал­пыкомандалық есепте 57 елдің ара­сында 2-орынға тұрақтады. Егемен еліміздің тағы бір айтулы жетіс­тігі – елордада EXPO халықаралық көр­ме­сі­­нің өтуі. 2012 жылғы 22 қарашада Фран­ция­­ның астанасы Париж қаласында өткен EXPO халықаралық бюросы Бас ас­­самблеясының 152-сессиясы кезінде ке­зек­­ті көрме Қазақстанда өтетіні белгілі болды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша бюроға 103 мүше-мемлекеті Қа­зақстанға дауыс берген. Біздің елдің ұйым­дастырушыларының тарапынан ұсынылған Future Energy, яғни «Болашақ қуа­ты» тақырыбы сарапшылардың көп­ші­лігінің көңілінен шығып, EXPO-2017 халық­ара­лық көрмесінің тақырыбы ретінде қол­дау тапты. 2017 жылы әлемдегі беделді Канн ки­нофестивалінде алғашқы Қазақстан па­вильо­нының ашылуы – ұлттық кинема­тог­раф тарихындағы жетістік болды. Отан­да­сы­мыз Самал Еслямова «Үздік әйел рөлі үшін» гран-при алды, осылайша ол Орта Азияда бұл мәртебелі марапатқа алғаш ие болды. Тәуелсіздік алғалы бері ғылым-білімде де айтарлықтай көп жетістікке жеттік. Со­ның ішінде математик ғалым Дөрбетхан Сұра­ған­ды ерекше атап өту керек. Ол – Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық сый­лы­ғын алған ең жас ғалым және Азиядан шық­қан тұңғыш лауреат. Сонымен қатар ға­лым әлем бойынша еңбектеріне келтіріл­ген сілте­мелер саны ең көп қазақ ғалым­дары­ның бірі.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш жетістіктер мен бағындырған белестерге, оқ бойы озып шыққан дарабоздарға аз-кем тоқталып өттік. Айтылмағандары қаншама. Егемендігіміз де солармен баянды, еңсеміз де солармен биік, Туымыз тұғырлы. 30 жыл ішінде тұңғыштардың жолын қуып, ізін басқан қаншама саңлақ шықты, еліміздің жетістігі де еселенді, бұл тізім әлі де жалғасатынына, елдің абыройын асқақтатып, мерейін үстем ететін топжарғандардың толқыны толастамайтынына сеніміміз кәміл.

Д. Жанатқызы