Өртте екі баласынан айырылған ерлі-зайыптылар баспанасын әлі рәсімдей алмай жүр

Өртте екі баласынан айырылған ерлі-зайыптылар баспанасын әлі рәсімдей алмай жүр

Өртте екі баласынан айырылған ерлі-зайыптылар баспанасын әлі рәсімдей алмай жүр
ашық дереккөзі
Таразда жалдамалы үйінен өрт шығып, екі баласынан бірдей айырылған ерлі-зайыпты әкімдіктің жарияға жар салып тұрып берген баспанасын өз атына рәсімдей алмай жүр. Әкімдіктегілер кезінде отағасының жанып кеткен құжаттарын да қайта жасап беруге уәде беріпті. Ол да сол күйі орындалмаған, деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап. Енді жергілікті билік бұл баспана о баста уақытша берілген деп ат-тонын ала қашып отыр. Ерлі-зайыпты Ринат пен Айжанның жалдап тұрып жатқан үйінен былтыр өрт шығып, үш жарым және екіден енді асқан екі баласы түтінге тұншығып өлген. Қоғамды дүр сілкіндерген оқиғадан кейін қала әкімдігі қара жамылған отбасыға бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстапты. Тіпті осы баспана басы бүтін сіздерге беріледі деп айтқан. Бірақ биыл бұл сөзінен айнып қалған сияқты.
- Басында Садубаевтың өзі келді, кілт берді. «Бұл үйден сіздерді ешкім шығармайды, осы жерде тұрасыңдар, кейін үйді өз аттарыңа өткізіп береміз» деді. Кілтті ұстатып, суретке түсірді, - дейді Тараз қаласының тұрғыны Ринат Сұлтанов.
Ринат атқамінерлердің көзбояушылық жасағанын енді түсіндім дейді. Ол былтырдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырумен жүр. Бірде-бір шенді шаруасын шешіп беруге құлық танытпаған. Билікке қатты өкпелі азамат пәтердің иесі басқа екенін өзі анықтапты. Енді ол «үйді босат» десе, қайда барамын деп уайымдап отыр.
- Үйдің қожайыны қарап отырмайды ғой. Бір күні осы үйдің қожайыны шығыңдар дейді. Ол балалар үйінен шыққан, сол үйді соған берді ғой, - дейді ол.
Жеті жыл бұрын Өзбекстаннан қоныс аударған азамат былтырға дейін ықтиярхатпен жүрген. Оның бүкіл құжатын тілсіз жау күлге айналдырған. Әкімдік оған азаматтық әпереміз деп те уәде етіпті. Алайда ол да аяқсыз қалған.
- Жәрдемақы бер деп осы күнге дейін айтқан емеспін. Тек күйеуімнің құжатын дұрыстап берсе, өз күнімізді өзіміз көреміз. Сол үшін бір жылдан бері наразы болып жүрміз, - дейді Тараз қаласының тұрғыны Айжан Орынбаева.
29 жастағы әйел «біздің мұңымызды ешкім тыңдамайды» деп күйінеді. Ал жергілікті билік қара жамылған отбасыға пәтер уақытша берілген деді.  Ешбір санатқа жатпайтын ерлі-зайыптыға баспана беру заңға томпақ екен. Ал сол кезде неліктен өтірік уәде берілді деген сауалға ешкім жауап бере алмады. Билікке алданып қалғанын енді түсінген ерлі-зайыпты бел кеткенше беріспеуге бел буған. Олар енді Нұр-Сұлтан қаласына барып Президенттен көмек сұрамақ. Былтыр қазан айында үйден өрт шығып, екі бүлдіршін түтінге тұншығып ажал құшқан. Үйдің үлкен 8 жастағы қызы мектепте болып аман қалған. Ал 29 жастағы келіншек сол қаралы күннен бес ай өткен соң ұлды болған.